Талтүс. Аптап ыстықтан адамдар да, құстар да көлеңкеге тығылды. Мұрат алма ағашының түбіндегі сәкіде демалып жатыр. Таң атқалы қарбалас – атасы мен апасына үй шаруасын атқаруға жәрдемдесті. Енді ғана қолы босаған Мұрат уақытын қалайша пайдалы өткізуді ойластыра бастады.
Қалада тұратын Мұрат демалыста ауылдағы атасы мен апасына жиі келеді, олардың үйі өз үйіндей болып кеткен. Жеті жасқа толғанда әкесі бұған сүп-сүйкімді құлыншақ сыйлап, «Енді оған сен қарайсың!» - деді. Қандай керемет сыйлық десеңші! Таныс балалардың ешқайсысында дәл мұндай үй жануары болған емес. Мұрат оған Жарық деп ат қойды. Құлыншағына көк шөп жегізіп, жем береді.
Құлын өсіп, үш жасқа аяқ басқан құнан болды. Енді оған ер-тоқым салып үйрету керек. Демалыс күндері Мұрат атының қорасын тазалайды, оны өзі жайылымға шығарады, шаруа қожалығында басқа да жұмыс жетеді.
Әйтсе де Мұраттың демалыста ауылға асығуының ең басты себебі – достары Ерке мен Әлиша.
Мұраттың ең жақын досы Ерке бұның апасымен көрші тұратын. Бойы тапалдау, қайратты қараторы бала атқа мінгенде алдына жан салмайды, екеуі өзенге де, тауға да, саңырауқұлақ теруге де бірге шығады. Ерке Мұраттан бір жас кіші болса да, Мұрат оны өзімен тең көреді.
Ерке екеуінің құрбысы Әлиша да жазда ауылдағы туыстарына қонаққа келеді. Әлиша – өте сұлу қыз. Ерке екеуі оны «біздің ханшайым» деп атайды. Әлиша бұлардың таныс қыздарына ұқсамайды, ол детективтер мен қиял-ғажайып оқиғаларға өте құмар, өзі де ертегідегідей ерекше көйлек кигенді ұнатады.
Міне, дәл қазір бақшаға бұның достары келмекші. Олар балмұздақ жеп, тоғанға барып шомыламыз деп кеше келіскен болатын.
Достары келгенге дейін Мұрат әкесінің демалыс күндері берген қалтапұлынан қанша ақша қалғанын тексермек болды. Кем дегенде 1000 теңге болуы тиіс. Ал ендеше, қалтасы бос! Мұрат сеніңкіремей екінші қалтасын тексерді. Онда да түк жоқ.
«Шынымен де балмұздақ пен тоғанға сапардан бас тартатын болдым ба?» - деп ойлады ол.
Бала тұнжырап, сәкінің жанындағы көгалға шұқшиды.
- Не істеп отырсың, Мұрат? Қазына іздеп жатсың ба? - деді мына жағдайдың үстінен түскен Ерке. Олардың үйінің арасындағы қоршауда кішкене есік бар еді, бірақ Ерке дуал арқылы өтетін.
- Иә, дәл солай! - деп жабырқай жауап берді досы.
- Мен де қазына тапқым келеді! - Әдемі ою-өрнекпен кестеленген,
көгілдір түсті көйлек киген Әлишаның дауысы алма ағашының түбінен саңқ етті. Қолына жағажайға арналған сөмке мен ...гүл шоғын ұстап алыпты. Тоғанға не үшін гүл алып бара жатқанын сұрау бекершілік.
- Шіркін, ол сиқырлы қобдиша болса ғой... – Әлиша ойланып қалды. – Онымен қандай көйлек кисем...
- Қазына табу деген жақсы ғой, әрине... - Мұрат мырс етті. – Бірақ мен жай ғана өзім жоғалтып алған 1000 теңгемді іздеп жүрмін. Сендерге балмұздақ әпергім келіп еді.
Балалар енді жоғалған ақшаны Мұратқа қосылып іздеп, әр шөптің түбін түрткілей бастады. Мың теңгелік купюра ұшты-күйлі жоқ!
- Бәлкім, оны Галла қымқырып кеткен шығар? - деген жорамал
жасады Ерке. – Біздің ала қанат сауысқанның бүлдірмейтіні жоқ!
Ерке былтыр жазда мысықтар бұзған ұядан түсіп қалған сауысқанның балапанын тауып алған болатын. Бір жылдың ішінде балапанның қанаты қатайып, сүйкімді әрі өте айлакер құсқа айналды, оған Галла деп ат қойды. Қыңыр құс өзінің сауысқан тұқымдастарының тобына қосылудан бас тартып, құтқарушысының бақшасына қоныстанды. Сөйтіп ол қожайыны мен көршілерін әбігерге салуды бастады. Біресе үстелдің үстінде ұмыт қалған тиындарды жымқырып кетеді, біресе дастарқандағы қасықты иемденіп алады, кейде тіпті Еркенің кішкентай қарындасының ойыншығын ұясына тасиды. Ал анасы сендерге тәртіпті сауысқан үйрететін болды деп Галланы жақтайды.
Ерке Галланың шарбақ жанындағы қарағашқа салған ұясын тексерді. Оның ішінен тек кәмпиттің жылтыр қағаздары мен иесі беймәлім кілт шықты, ал ақша жоқ.
- Заттарыңды әр жерде қалдырасыңдар да мені кінәлайсыңдар! - деп сауысқан өз тілінде бұрқылдап ренжігендей болды. Оның түрінен: «Мен сенің ақшаңды алған жоқпын!» - деп тұрғаны анық байқалды.
- Бәлкім, сенің үйіңде қорқынышты ақшажегіш пайда болған шығар? – Әлиша үрейлене сыбыр етті.
Ерке қолын бір сілтеді:
- Қайдағы! Детективтер мен фантастиканы оқып алып қиялдайсың-ау
сен де...
Мұрат сәкінің жанында алаңсыз ұйықтап жатқан Ричи есімді спаниель итін шақырды:
- Маған сенің көмегің қажет! – деді бала төрт аяқты досына. - Менің ақшам жұмбақ жағдайда жоғалып кетті, оны тек сен таба аласың!
Ричи тұмсығын қожайынының шолақ шалбарының қалтасына тығып иіс алды да үріп, жүгіре жөнелді, оның соңынан балалар жүгірді.
Спаниель ең алдымен қораға кірді, бала таңертең сондағы малды жайылымға айдауға апасына көмектескен. Содан кейін ол Мұрат тауықтарға жем шашқан сарайға барды. Одан соң қызанақтар мен қиярды күн ысымай тұрып суарған бақшаға келді.
Одан кейінгі орын өзінің қожайыны ата-апасымен бірге жұмыстан кейін шай ішетін жаздық асүй болды. Бұл жерде біраз айналсоқтаған Ричи кенеттен үйге қарай ұмтылды. Заулаған қалпы қонақ бөлмеге кірді де, апасының тасбақа пішіндес көне қобдишасы тұрған кітап сөресінің жанына тоқтай қалып:
– Аш! - дегендей шәуілдеп үрді.
Қобдиша күмістен жасалған болатын, ал қабыршақ сауытын белгісіз шебер түрлі-түсті шыны тастармен безендіріпті. Ол Мұраттың апасына үлкен әжесінен мұраға қалған, ол әжеге әкесі алыс бір елден әкеп берген екен.
Бұл қобдиша осы әулетке сәттілік пен ырыс-береке әкелетін киелі зат саналушы еді. Мұрат оның сиқырлы қасиетіне онша сенбейтін, әйтсе де, бір кездегі әкесі секілді бұл да емтихан алдындағы түнде оның ішіне бес теңге салып қоятын. Бір ғажабы, ол емтиханды әрдайым өте жақсы тапсыратын!
Балалар қобдишаға үрке қарады.
- Осылай болатынын біліп едім! - Ерке айғайлап жіберді.
Жоғалған ақша табылып қана қоймай, екі есе көбейіпті!
- Қызық, ақша бұл жерге қалай тап болған? – Мұрат аң-таң. – Мен
бүгін қонақ бөлмеге кірген жоқпын. Қобдишаны тіпті де ашқан емеспін!
Ол қобдишаның ішінен қызғылт-сары екі купюраны алып шықты.
- Расымен де ғажап оқиға, - деді оны қостаған Әлиша. - Біз бұл құпияны міндетті түрде ашуға тиіспіз!
- Оған сөз бар ма! - Ерке риза кейіппен мырс етті. - Бұл беймәлім адам бізге хат қалдырыпты.
Ол қобдишаның түбіндегі бүктеулі қағазды алып, оны жайды да дауыстап оқыды: «Егер сен ақша арқылы еркіндікке жетемін деп үміттенсең, ешқашан еркін бола алмайсың. Адамның бұл дүниеде қолы жететін бірден-бір нағыз кепілдік – оның білімі, тәжірибесі мен мүмкіндіктері».
- Қандай керемет! Құпия хат! Бізге арналған! – деп Әлиша шаттанды.
- Ештеңе түсінбедім! - Ерке абдырап қалды. - Ол қандай білімдер?
- Ал мен түсінген секілдімін. Бұнда жасырын қазынаны қалай тауып, баюға болатыны жөнінде айтылған болар! - Мұрат ақша мен хатты қалтасына салып алды да әмір етті:
- Балмұздақ жеуге кеттік, сосын тоғанға барамыз! Бізде талқылайтын маңызды әңгіме бар.
Балалар бөлмеден шығып кетті. Егер олар артына қараған болса, кенеттен тасбақа-қобдишаның жасыл көзінде жұмбақ от жарқ етіп жанып-өшкенін көрер еді.
1. «Мұраттың бір күні» шытырман ойыны
Бұл ойынды жалғыз немесе достарыңмен ойнауға болады. Бұл үшін тек тиындар мен ермексаздан жасауға болатын ойын текшесі қажет.
Ойын ережесі:
(Шеңбер) – тапсырманы тез және оңай орындаған болсаң, бағыттауыш бойымен алға жүгір.
(Үшбұрыш) – атаңның тапсырмасын орындауды ұмыттың ба? Артқа қайт.
(Шаршы) – жұмысты шала-шарпы істедің бе? Бір жүрісті өткізіп жібер.
Іске сәт!
Бала мен қаржы: қалта ақшасын қалай онлайн басқаруға болады
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Қауіпті SMS: алаяқтар азаматтарды алдау үшін мәтіндік хабарламаларды қалай пайдаланады
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті