Көптен күткен күзгі демалыс та келіп жетті. Бірін-бірі сағынған достар кездесуді асыға күтті. Ауылға келе салысымен, ең алдымен Мұраттың үйінде жиналуды ұйғарды. Бұған дейін ұлдар ата-аналарымен бірге банкке барып, алғашқы карталарын алып үлгерген. Енді олар мобильді банкингтің артықшылығын пайдаланып, тұңғыш рет онлайн-сауда жасауға асық.
Кездесуге жиналған балалар интернет желісінен кім және не сатып алғысы келетінін қызу талқылай бастады.
– Сен онлайн-саудамен не алатыныңды шешіп қойдың ба? – Еркеге Мұраттың не алатыны қызық.
– Алғым келетін нәрсе көп, бірақ әлі нақты білмеймін.
Ерке өз жоспарын айтты:
- Мен тіпті тізім жасап тастадым. Көптен бері алғым келіп жүрген құлаққаптан бастаймын. Сосын қарындасыма ойыншық аламын, қалғаны ұсақ-түйекке кетеді.
– Маған да құлаққап керек, бірге қарайықшы, – деді Мұрат. – Бәлкім, олар екі құлаққап сатып алсақ жеңілдік жасайтын шығар!
Балалар телефондарына үңіліп, интернет-дүкендерді бірінен соң бірін шолып шықты.
– Таптым! – Ерке қуанып кетті. – Тамаша бренд құлаққаптар, бағасы тіпті күлкілі. Аламыз ба?
Қуаныштан толқығаны сонша, экранда пайда болған Ақшажегіштің бейнесін байқамай да қалды.
Мұрат еш ойланбастан досын қолдады:
- Мұндай уақиға өмірде бір-ақ рет болады! Арнайы бізге арналғандай
екі-ақ данасы қалыпты!
– Картаның нөмірін, кімге ресімделгенін, байланыс телефонын көрсетуді сұрайды... – Ерке үстелге өзінің және досының банк картасын жайып тастап, кестені тездетіп толтыра бастады.
Дәл осы сәтте бәрі астан-кестен болды: веранданың таянышында тып-тыныш тұрған көне тасбақа-қобдиша кенеттен үстелге құлап түсіп, балалардың банк карталары еденге шашылды.
Мұрат пен Ерке үстелдің астына еңбектеп кіріп, жандәрмен картаны іздеді.
Ас үйде Мұраттың әжесіне көмектесіп жүрген Әлиша кіріп келгенде, осы жағдайдың үстінен түскен еді.
- Сендер бірдене жоғалтып алғансыңдар ма? – деп сұрады ол.
- Карталар ғой, - үстелдің астынан шығып келе жатқан Еркенің үні ашулы шықты.
– Тек карта емес-ау, фирмалық құлаққап сатып алу мүмкіндігінен де айырылған сияқтымыз, – деді Мұрат көңілсіз.
Ноутбуктың экранында Еркемен бірге толтыра бастаған сауалнаманың орнына «Мұндай сайт жоқ» деген ескерту пайда болды. Бір бұрышында бағанағы қорқынышты Ақшажегіштің орнында мейірімді тасбақаның суреті тұр екен.
– Қандай керемет мүмкіндіктен айырылып қалдық! – Ерке ызалана күңк етті.
Оқиғаның мән-жайын білген Мұраттың әжесі:
- Сендер Қорған тасбақаға рахмет айтыңдар. Егер ол болмаса, құлаққап та алмас едіңдер, ақшадан да айырылар едіңдер, - деп балаларды жұбатты. – Интернетте алаяқтар аз емес.
– Бұндай алаяқтық өте кең таралған: болмашы ақшаға қымбат тауар ұсынады, - деп Әлиша әжейді қолдады.
- Тегіннен-тегін батпанқұйрық болмайды. Интернеттен зат сатып аларда көшедегі дүкеннен гөрі мұқият болу керек, – деп ескертті әжей. - Ақшаңды сатушыға аудармас бұрын, ол туралы барынша көбірек ақпарат жинап, сайттың қашаннан бері жұмыс істейтінін, төлем қалай жасалатынын, жеткізу шарты қандай екенін, тауарға кепілдіктің бар-жоғын тексеріп алу керек. Және де басқа тұтынушылардың пікірін оқу қажет. Егер күмән туғызатын болса, менімен немесе ата-анаңмен кеңескен дұрыс. Не болмаса, сенімдірек сайт іздеген жөн.
– Бұл жөнінде менен сұрасаңдар да болады, - деп жымиды Әлиша. – Мен бір жылдан бері интернетте сауда жасап жүрмін, қолөнерге арналған материал сатып алдым, кітаптарға, тіпті киім-кешекке тапсырыс бердім. Біраз нәрседен хабарым бар.
- Сонда сен бірде-бір рет қателескен жоқсың ба? – Ерке таңғалып, таңдай қақты.
Әлиша бір күрсініп алды:
- Өкінішке қарай, мен де бірнеше рет алаяқтарға тап болдым. Анам ескерткен болатын, әйтсе де бәрін алдын ала болжау оңай емес қой. Бірде ақылы қызметке жазылып, SMS арқылы жіберілген кодты жолдадым. Сөйтіп, бірнеше апта бойы картадан ақша алынып отырды. Қайта анам не болып жатқанын аңғарып, араласпағанда бар ақшамнан айырылар едім. Менің картам анамның шотына байланғанының пайдасы тиді.
- Ал екінші рет ше?
– Онда да салғырттығым себеп болды. Онлайн-ойын ойнап отырып,
байқаусызда «Иә» және «Сатып алу» деген терезелерді басып қалдым. Сөйтсем бұл сайтқа кіріктірілген ішкі сауда екен, қолданбада менің банк картамның деректері бар. Сөйтіп едәуір соманы шоттан шығарып алды. Ішім ашығаны рас.
Бұны естіген Ерке ыршып кетті:
абыржып, айғайлап жіберді де телефонын қолына алды. – Бүгін бір сайтта ойнаған кезімде дәл сондай жазу бірнеше рет шыққан болатын.
Ол мобильді банкингті ашты.
- Жоқ, сенде бәрі дұрыс, - деп Әлиша оны сабасына түсірді. – Әрі сенің анаң төлемге шектеу қойыпты. Әйткенмен алдағы уақытта бәріміз де сақ болуымыз керек.
- Дастарқанға келіңдер! – Әжей тамаққа шақырды. – Сосын бәріміз бірігіп сендерге құлаққап іздейміз. Ол Ақшажегішпен дос сайттағыдай арзан болады деп уәде бере алмаймын, есесіне ешқандай алаяқтық болмайды.
Мұрат тасбақаны орнына қойды:
– Кешірші, Қорған, Ерке екеуміз қорқып кеттік. Сен бізді оқыс жағдайдан құтқарып қалдың. Көп рахмет саған!
______
ИНТЕРНЕТ-ДҮКЕН – интернет арқылы тауар сататын сайт.
_______
Беделі жақсы, танымал интернет-дүкендерді таңда.
Интернетте төлем жасау үшін жалпыға ортақ Wi-Fi желісін немесе бөтен адамның құрылғысын пайдаланба. Егер сен оларды білместікпен пайдалана қалсаң, онда барлық аккаунттан, әсіресе мобильді банкингтегі жеке кабинеттен шығуды ұмытпа. Сосын өз құрылғыңдағы барлық құпиясөзді өзгерт.
Интернетте қауіпсіз сауда жасау үшін күрделі және сенімді құпиясөзді пайдалан. Оларды банк картасына немесе телефоныңа жазып қойма.
Сауда жасау кезінде артық ақпарат берме. Ешқашан бейтаныс адамға телефон немесе желі арқылы жеке ақпаратыңды бөліспе. Жеке ақпарат (әсіресе құпиясөздер, банк картасының нөмірі) туралы күдікті сұрақтарға ешқашан жауап берме.
Экрандағы күдікті сілтемені баспа, олар сені зиянды сайттарға бағыттап жіберуі мүмкін.
Ата-анаң сенің құрылғыңа антивирус орнатып берсін және оны үнемі жаңартып отыратын болсын.
Егер банк картасы байланған телефонды жоғалтып алсаң, дереу әкеңе немесе анаңа жеткіз. Ересектер банкке хабарласып, картаны блоктауы керек.
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Әлем жұлдыздары үнемділік пен ақша жинау туралы
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар