Еркені ертемен шырылдаған телефонның дауысы оятты. SMS-хабарламаны ашқан ол тілін жұтып қоя жаздады: әлдебір лотереяның ұйымдастыру комитеті бұны жеңісімен құттықтапты. Бір миллион теңге! Нөл санының көптігінен баланың көзі тұнып кетті.
Ол мына «батпан құйрыққа» сенбей, хабарламаны бірнеше рет қайта оқып шықты да бірден достарының чатына жазды:
- Дереу кездесуіміз керек!
Балалар Мұраттың үйінде жиналуға келісті.
Достары босағадан кіре салысымен Ерке сүйінші сұрады:
- Алақай, мен енді миллионермін!
- Мәссаған! Құттықтаймыз! Менің де дәл осылай жолым болса ғой!
Мұрат осы сөзді айтқаны сол еді, оның телефонына да хабарлама келді.
- Айтсам сенбейсіңдер, - деді қайран қалған Мұрат. – Мен де миллион теңге ұтыппын! Кеше кездейсоқ бір ойын сайтына кіріп, компьютерлік ойынның бірнеше деңгейінен өттім де жеңдім, білесіңдер ме!
Балалар қуанышы қойнына сыймай, бөлмеде асыр салды.
– Ақшаңды қалай жұмсамақсың? – Екеуі біраз сабасына түскен кезде Ерке досына сұрақ қойды.
- Бұл туралы әлі ойланған жоқпын.
– Ал мен бәрін ойластырып қойдым. Ең алдымен өзіме соңғы үлгідегі ноутбук пен мопед, сосын ата-анама, аға-әпкелеріме сыйлық аламын, қалғанын депозитке саламын.
- Миллионды ұтуын ұттық, енді оны алу ғана қалды. – Мұрат бірден іске көшті. – Бастаймыз ба?
Балалар кітап сөресінің жанындағы диванға жайғасып, ұтыс туралы ақпарат жазылған хабарламаны ашты.
– Алдымен олар жіберген сілтеме арқылы мына сайтқа өту керек... – Мұрат айтып аузын жиғанша, біреу бұны шақырғандай оқыс дыбыс естілді.
Балалар артына жалт қарады.
Ешкім жоқ. Түк түсінбей, иығын қиқаң еткізген балалар шаруасын жалғастыра берді.
– Міне, сайтты аштым. Ақшаны алу үшін нұсқау бойынша бірнеше әрекетті орындау керек деп жазыпты, - деді Мұрат. – Тек мұны 15 минут ішінде жасап үлгеру керек, әйтпесе ұтыс басқа адамға өтіп кетеді. Сонымен, толық аты-жөнің, есепшот нөмірі...
- Олар менің картам байланған әкемнің банктік есепшоты, оның телефон нөмірі туралы ақпаратты сұрап жатыр... Қанеки, бір миллион теңге үшін бәріне тәуекел! – Ерке деректерді енгізе бастағаны сол, кенет...
...Терезеден Галла ұшып кірді де баланың қолынан телефонды жұлып алып, зу етіп шкафтың үстіне қонды. Ерке жандәрмен оның соңынан ұмтылғанда тасбақа-қобдишаға қолы тиіп кетті, ол құлап бара жатып Мұраттың қолындағы телефонды қағып түсірді. Гаджет диванның астына ұшып түсті.
Сөйтіп, бөлме апыр-топыр – Ерке сауысқанды қуып, Мұрат диванды жылжытып жатқанда қолында түйіншегі бар Әлиша кіріп келді. Өзі мәз-мейрам.
- Балалар, тосынсый! Мұраттың үйіне бара жатып, көшеден болмашы тиын-тебенге үш бірдей фирмалық футболка сатып алдым! Неткен сәттілік!
– Біреулердің жолы болғыш, – деп күңк етті телефонына үңіліп пұшайман болып отырған Ерке. Экранда «Миллион алу мүмкіндігінен айырылдың» деген жазу жарқ етті. – Енді ноутбук та, мопед де тек арман!
Ал Мараттың жерге құлаған телефоны мүлде істемей қалды.
- Бәлкім, менің сыйлығым сендерді сәл де болса жұбататын шығар, - деп жымиған Әлиша қағаз сөмкеден жаңа киімдерді алып шықты.
Қаптамасы әп-әдемі болғанмен, футболкалар фирмалық киім емес екен.
- «Бір ұрғанды қос қолдап ұрады» деген осы! – деді мынаны көрген Ерке күрсініп. – Мұндай футболка біздің базарда бұдан үш есе арзан ғой. Бұлардың бояуы мен тігісі бір жуғаннан қалмайды.
- Қап-ай, ә, мұндай сапасыз өнімді қалай сатып алғанымды ұқпай қалдым! – Әлиша айран-асыр. – Сатушының мақтағаны сонша, футболкаларды қарап көруді де ұмытыппын...
Осы сәтте қонақ бөлмеге Мұраттың әжесі кірді.
- Балақайлар, неге көңілсізсіңдер? – деп сұрады ол.
– Егер мына ақымақ сауысқан болмағанда, – деп Ерке мұңын шақты, – Мұрат екеуміз миллионер болар едік!
Бала әжейге бәрін айтып берді. Мұраттың әжесі басын шайқады.
- Сендер миллионер емес, өздерің секілді аңғал адамдар арқылы миллиондап ақша тауып жатқан онлайн-алаяқтардың құрбаны болар едіңдер! Сендер ғана емес, ата-аналарың да ақшасынан айырылар еді. Күмәнді сайттарда құпия ақпаратты қалдыруға болмайтынын талқылаған едік қой! Бұл нағыз фишинг, яғни алаяқтық сайт, оның көмегімен қаскүнемдер банк картасының толық деректерін – нөмірді, жарамдылық мерзімін және арт жағындағы үш таңбалы кодты алуға тырысады. Және де алаяқтарға банктің мобильді қосымшасындағы сендердің жеке кабинетіңе кіретін логин мен құпиясөз, сосын SMS-код қажет. Ол әдетте телефоныңа карта арқылы жүргізілетін кез келген қаржылық операцияны растау үшін келеді.
– Миллион ұтқаным туралы хабар келген бойда бәрі есімнен тарс шығып кетті! – деді Мұрат кінәсін түсініп.
Ерке өкпелеп, шкафта тығылып жатқан Галланы шақырып алып қолына отырғызып, қауырсынынан сипады:
- Жарайсың, адал құсым!
Әжей мобильді банкинг арқылы ұлдардың банк шотын тексерді:
– Қайта бұл оқиға сендер үшін қаржылық шығынсыз аяқталды. Әйткенмен көшедегі алаяққа сапасыз тауар үшін ақша төлеген Әлиша зардап шегіп қалды. Ол ақшаны қайтарып беруі екіталай, өйткені чек те, сатушының дерегі де жоқ.
- Бұл маған сабақ болады! – Қыз күрсінді.
***
Мұрат жерде жатқан тасбақа-қобдишаны орнына қойғанда ішінен бір жапырақ қағаз түсті.
«Әлемде аңқау адамдар аз болса, айлакер мен жылпостар да көп болмас еді». Ж.Лабрюйер, француз психологы, 17 ғасыр жазушысы, - деді дауыстап оқыған бала. – Есте сақтау керек!
_________
…Ұялы телефон нөмірі арқылы интернеттен оның иесінің аты-жөнін білуге, ол ақпаратты іздеу жүйелері мен әлеуметтік желілер арқылы толықтыруға болады.
...адамдар өздері туралы жеке ақпаратты еш күдіктенбестен бейтаныс адамдарға бере салады. Мысалы, олар өзі және отбасы туралы ақпаратты интернетте жариялайды, әлеуметтік желілерде тұрғылықты мекен-жайын көрсетеді, лицензиясы жоқ қосымшаларды жүктеп алады, сөйтіп бүкіл ақпарат алаяқтарға қолжетімді болады.
…банк қызметкерлері телефон арқылы, WhatsApp немесе Telegram хат-хабарларында сіздің картаңыздың толық дерегін ешқашан сұрамайды.
________
Алаяқ – өз пайдасы үшін басқаларды алдайтын адам.
Фишинг (ағылшын тілінде «Fishing» – балық аулау) – интернет-алаяқтықтың бір түрі, алаяқтар құдды балықшы секілді сіз және сіздің картаңыз туралы дербес ақпаратты аулап, қолына түсіреді.
Вишинг – әлеуметтік инженерияны, яғни психологиялық айла-шарғы мен қысым жасау әдістерін қолданатын телефон алаяқтығының бір түрі.
___________
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды