Тәжірибе көрсеткендей, қарыз алушылар мен қаржылық ұйымдар арасында туындайтын түсінбеушіліктің басты себебі қарыз шартына қол қойғанда онымен мұқият таныспау болып саналады. Естеріңізде болсын, келісім-шартқа қол қойған уақытта сіз өз мойныңызға белгілі бір міндеттерді аласыз!
Мысалы, банктен қарыз алу кезінде шартқа қол қою арқылы қарыз алушы банктің барлық талаптарымен, соның ішінде кредит бойынша төлемді мерзімінде өтемегенде іске асырылатын әрекеттермен автоматты түрде толық келіседі. Қарыз алушы шарт талаптарын зерттемеген жағдайда оған сай міндеттерін орындамаудың салдары қаншалықты ауыр екенін түсінбейді. Сондықтан, кез келген шартқа қол қойғанда өте мұқият болған дұрыс!
Төменде зейін салуға тұрарлық бірнеше кеңесті ұсынып отырмыз:
1. Өзіңіз түсінбеген дүниеге қол қоймаңыз. Қаржылық ұйымның менеджеріне өзіңізді толғандырған сұрақты қоюдан, шарт бойынша егжей-тегжейлі кеңес алудан ұялмаңыз, сіз толық ақпарат алуға құқылысыз. Егер сенімсіз болсаңыз, шартты еркін отырып зерттеп, туыстарыңызбен кеңесіп алу үшін бірнеше күн тайм-аут алыңыз. Шартқа қол қоймай тұрып, оның мазмұнымен толық келісетініңізге көз жеткізіңіз.
2. Өзіңізге керек қаржылық қызметтердің нарығына кішігірім талдау жасаңыз. Мысалы, түрлі қаржылық мекемелердегі, ұйымдардағы талаптарды (сомалар, мерзімдер, айыппұлдар/өсімпұлдар және тағы басқаларын), қызметтердің құнын зерттеп, бонустардың бар-жоғын, кімнің қандай тиімді шарттар ұсынатынын және тағы басқасын қарастырыңыз.
3. Егер қаржылық ұйым өзінің шарт бойынша талаптарын орындамаса немесе одан бетер сіздің қаржылық қызметті тұтынушы ретіндегі құқықтарыңызды бұзса, сіз олардан қателіктерін түзетуді талап етуге толықтай құқылысыз. Мүмкін, келіссөздер жүргізу барысында екі жақты да қанағаттандыратын шешімге келерсіздер. Дегенмен де, сөйлесер алдында шартты тағы бір рет мұқият қарап, өз талаптарыңызды айқын жеткізіп, өз құқығыңызды білетініңізді және оларды қорғауға дайын екеніңізді көрсетіңіз. Көп жағдайда ұйым бейбіт келісімге келуге тырысады, себебі олар істі соттың қарауына жіберуді қаламайды.
Ал егер клиент пен ұйым өзара диалог құра алмаса, не бұл әрекеттері нәтижесіз болса, ҚР қаржылық нарықты реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктен кеңес алуға болады.
Қаржылық реттеушінің басты міндеттерінің бірі — қаржылық қызметті тұтынушылардың мүддесін қорғауды лайықты деңгейде қамтамасыз ету, қаржылық ұйымдар және олардың қызметтері туралы тұтынушыларға берілетін ақпараттың толыққандылығы мен түсініктілігін қадағалау, сондай-ақ тұрғындардың қаржылық сауаттылықтары мен қаржылық қолжетімділікті арттыру болып табылады. Аталмыш агенттікте сіздердің құқықтарыңызды қорғаумен арнайы бөлімше — Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті айналысады. Департамент қызметкерлері азаматтардың өтініштерін қарастырып, құжаттық тексерулер жүргізіп, азаматтарды қабылдап, тегін құқықтық көмек көрсетіп, тұрғындарға осылайша қолғабыс етеді.
Қаржылық қызметті тұтынушылардың құқығын қорғау саласына байналысты сұрақтарды қаржылық реттеушіге «FinGramota Online» қосымшасы бойынша тікелей қоя аласыз. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жолдайтын жауаптар ресмилігімен қатар, түсініктемелік сипатқа ие болады.
«FinGramota Online» қосымшасын App Store және Play Market-тен тегін жүктеуге болады, сондай-ақ осы мессенджердің веб-нұсқасы да бар. Сонымен қатар Агенттікте: +7 (727) 237 1000 шұғыл желісі жұмыс істейді, мұнда азаматтар қаржылық қызметті тұтынушылардың құқығын қорғау сұрақтары бойынша жауап ала алады.
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт