Агенттік Алматы қаласы колледждерінің студенттері арасында қаржылық сауаттылық бойынша «Финатлон» III кейс-чемпионатын өткізді

time 30.04.2025
aye 2482
Агенттік Алматы қаласы колледждерінің студенттері арасында қаржылық сауаттылық бойынша «Финатлон» III кейс-чемпионатын өткізді

«Тұран» университетінің Қаржы және есеп Жоғары мектебінде Алматы қаласы колледждерінің студенттері арасында қаржылық сауаттылық бойынша «Финатлон» III кейс-чемпионаты өтті. 

Іс-шара Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Fingramota.kz жобасының, сондай-ақ  серіктестер: «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Jusan Garant» СК» АҚ, «KMF Демеу» корпоративтік қоры және Еуразиялық инвестициялық және қаржылық консультанттар қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды.

 Алматы қаласы колледждерінің студенттері арасында «Финатлон» кейс-чемпионатының мақсаты – тәжірибеге бағдарланған оқыту арқылы жастардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, сыни ойлауды, командалық жұмысты, қаржылық тәуекелдерді тану дағдыларын дамыту және нақты жағдайларда тиімді шешімдер қабылдау. 

Чемпионаттың іріктеу кезеңіне Алматының түрлі колледждерінен 30-дан астам команда қатысты. Қатысушылар қаржылық негіздерді, ойлау жылдамдығын, шығармашылықты, қаржылық алаяқтық белгілерін анықтау және бизнес жағдайлары үшін инновациялық шешімдерді әзірлеу қабілеттерін білуде бақ сынасты. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша финалға үздік 12 команда өтті.

Чемпионат финалы екі кезеңде өтті. Бірінші кезең қаржылық сауаттылық негіздерін, банк және сақтандыру секторларын, сондай-ақ алаяқтықтан қорғау әдістерін білуге арналған викторинаны қамтыды. Екінші кезеңде финалистер теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар қаржыны басқару мен тәуекелдерді бағалаудағы практикалық дағдыларды көрсете отырып, дайындалған инвестициялық жобаларды қорғады. 

Кейстердің тапсырмаларының қатарында шектелген бюджет жағдайында стартап стратегиясын әзірлеу, қаржылық сервистерді пайдалану кезінде алаяқтық тәуекелдерін анықтау, жастар аудиториясы үшін жинақтау және инвестициялау моделін құру, сондай-ақ қаржы өнімдерінің қолжетімділігін кеңейту бойынша ұсыныстар болды.

Қатысушылар дайындықтың жоғары деңгейін, креативтілікті және қаржы секторының болашақ мамандарына қажетті сапа - шектеулі уақыт жағдайында шешім қабылдау қабілетін көрсетті. 

Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды «Absolute» командасы (UIB көпсалалы колледжі) иеленді. 

Екінші орын бірден екі командаға берілді – «Қазына» (Narxoz университетінің экономикалық колледжі) және «Profit Prophets» («Тұран» университетінің колледжі). 

Үшінші орынды үш команда бөлісті: «Бизнес Ledies» (Алматы мемлекеттік бизнес колледжі),«N-Future» (Narxoz университетінің экономикалық колледжі) және «Қаржылық элитасы» (Алматы экономикалық колледжі). Жеңімпаздар серіктес компаниялардың естелік сыйлықтарымен және Агенттіктің сертификаттарымен марапатталды.

 Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз, оларға оқуда және кәсіби дамуда одан әрі табыс тілейміз!

white-arrow Тізімге