Қайта қаржыландыру және қайта құрылымдау: олардың айырмашылығы мен артықшылығы қандай

time 26.10.2023
aye 5096
Қайта қаржыландыру және қайта құрылымдау: олардың айырмашылығы мен артықшылығы қандай

Егер кредит бойынша ай сайынғы төлемдер отбасылық бюджетіңіз үшін үлкен ауыртпалыққа айналса, қарызыңызды қайта қаржыландыру немесе қайта құрылымдау туралы ойлануға болады.

Бұл рәсімдерді қандай жағдайларда қолдануға болады, олардың бір-бірінен айырмашылығы неде, Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.

Қайта қаржыландыру дегеніміз не?

Қайта қаржыландыру – қолданыстағы кредитті жаңасын ресімдеу арқылы өтеу. Қайта қаржыландыру үшін қарыз алушы қолданыстағы кредит ресімделген банкке немесе жаңа банкке бара алады, ол оған неғұрлым тиімді талаптармен кредитке қажетті соманы бөледі. Әдетте адамдар, егер кредит бойынша жалпы артық төлем өте үлкен болса және ай сайынғы төлемдер жоғары болса, қайта қаржыландыруға жүгінеді. Мысалы: сіз автокредитті жоғары пайызбен ресімдедіңіз, бірақ уақыт өте келе сіз басқа кредиттік ұйымдарда автокредит берудің жеңілдетілген талаптары бар екенін білесіз. Мұндай жағдайларда сіз қайта қаржыландыру үшін сізге неғұрлым тиімді талаптар ұсына алатын кредиторға жүгіне аласыз.

Қайта қаржыландыру кредитті дұрыс төлейтін, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты оларға банк алдындағы міндеттемелерді орындау қиындық туғыза бастаған қарыз алушыларға ыңғайлы. Сондай-ақ, қайта қаржыландыру кезінде қолданыстағы бірнеше кредитті біріктіруге болады – бірнеше ұсақ кредит төлегеннен, бір қомақты жалпы кредитті төлеу жеңілірек.

Алайда, қайта қаржыландыру ниет білдіргеннің бәріне беріле бермейтінін түсіну қажет. Әдетте, банктер клиенттің кіріс деңгейін, бұрын ресімделген кредиттік міндеттемелерді уақтылы орындауын, борыш жүктемесін тексереді, содан кейін ғана шешім қабылдайды.

Қарызды қайта қаржыландырған жағдайда, оны бірінші банкте рәсімдеуге асықпаңыз – өзіңізге қолжетімді барлық ұсыныстарды салыстырыңыз. Жаңа кредитті ресімдеу кезінде қарыз шартын мұқият оқып шығыңыз, қолданыстағы кредитпен салыстырғанда төмен болуы тиіс ЖТСМ-ға, ай сайынғы төлемнің кестесі мен мөлшеріне және ықтимал қосымша қызметтерге (сақтандыруға) назар аударыңыз.

Қарызды қайта қаржыландырудың артықшылықтарына мыналар жатады: пайыздық мөлшерлемені төмендету, ай сайынғы төлемдерді азайту, бірнеше кредитті бір кредитке біріктіру. Алайда, егер жаңа кредит азғантай сомаға және қысқа мерзімге жасалса, сондай-ақ кредиттік ұйым қосымша қызметтер (сақтандыру және т.б.) жүктесе, қайта қаржыландыру мүлдем тиімсіз болады, бұл қарыз алушының борыш жүктемесін одан әрі көбейтеді.

Қайта құрылымдау дегеніміз не?

Егер қайта қаржыландыру кезінде клиент банкті өз бетінше таңдаса, онда қайта құрылымдау кезінде қолданыстағы кредит талаптарының өзгерістерін қарыз берген кредиттік ұйым өзі шешеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың проблемалық берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Осы тәртіпке сәйкес кредиттік ұйымдар төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде ол туралы қарыз алушыны хабардар етуге міндетті. Хабарламада банктер мен МҚҰ азаматтарға:

  • кредит бойынша төлем жасау ;
  • қарыз өтелмеген жағдайда, оның мөлшері мен қарыз алушы үшін салдарын көрсете отырып, мерзімі өткен берешекті өтеу ;  
  • қарызды қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгіну қажет екендігі туралы хабарлайды.

Өз кезегінде, төлем мерзімін кешіктірген қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруге құқылы. Өтініште орын алған төлем мерзімін кешіктіру себебін көрсетіп, мүмкін болатын қайта құрылымдау бойынша өз нұсқаңызды көрсетуіңіз қажет, сондай-ақ кірістің төмендеуіне байланысты міндеттемелер бойынша уақтылы төлей алмауын растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Банк пен МҚҰ қарыз алушының өтінішін міндетті түрде қабылдауы, тіркеуі, есепке алуы және қарауы қажет.

Кредитор өтінішті күнтізбелік 15 күн ішінде қарайды, одан кейін жауап беруге міндетті. Оң жауап болған жағдайда, банк немесе МҚҰ қарыз алушының ұсыныстарымен және қайта құрылымдау шарттарымен келіседі не оған қарыз шартын өзгерту жөнінде өз ұсыныстарын береді. Теріс жауап болған жағдайда, олар бас тартудың себептерін негіздеуі керек.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге