2025 жылғы 22 қыркүйекте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі «ХҚКО» мобильді қосымшасында жаңа сервис – «Автокөлік тарихы» іске қосылғанын хабарлады. Оның көмегімен азаматтар автокөліктің тіркелуін, тыйым салу мен кепілдіктердің бар-жоғын, айыппұлдарды, кедендік рәсімдеуді, утилизациялық алымды және техникалық паспорттарды тексере алады. Бұл сервис көлік сатып алу кезінде тәуекелдерді азайтуға, мәмілелердің ашықтығын арттыруға және алаяқтықтан қорғануға мүмкіндік береді.
Fingramota.kz автокөліктерге қатысты ең кең таралған алаяқтық схемалары мен олардан қорғану жолдарын еске салады.
Жалған автокредиттер
Алаяқтар автосалондардың қосарланған (жалған) сайттарын, әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттарды жасап немесе өздерін «банктің серіктестері» ретінде таныстырады. Клиенттерге «ерекше шарттар» – ең аз бастапқы жарна, төмен пайыздық мөлшерлеме және небәрі бірнеше сағат ішінде мақұлдау уәде етіледі.
Іс жүзінде жәбірленушіден «кредитті ресімдеу» үшін (әдетте 100–200 мың теңге) алдын ала төлем жасауды немесе тиімсіз талаптары бар шартқа қол қоюды талап етеді.
Нақты жағдай. Астаналық тұрғын Instagram-нан автокредит берудің арнайы бағдарламасы туралы жарнаманы көрген. Сайт белгілі бір автосалонның ресми ресурсы сияқты көрінген. Оған жылына 4% мөлшерлемемен кредит беруді уәде еткен. Әйел «брондау мен ресімдеу үшін» 150 мың теңге аударған, бірақ көп ұзамай «менеджер» байланысқа шықпай қойған, ал сайт жоғалып кеткен.
Кеңес: егер кредит тым оңай рәсімделсе және ақшаңызды жеке тұлғаның картасына аударуды сұраса – бұл алаяқтық.
Фишингтік схемалар
Алаяқтар «тиімді шарттармен» хабарландырулар жариялап, сауалнама толтыру үшін сілтемелер немесе QR-кодтар жібереді. Шын мәнінде бұл – жеке деректерді ұрлайтын және құрылғыға қол жеткізуге мүмкіндік беретін фишингтік сайттар немесе зиянды бағдарламалар.
Алаяқтықтың тағы бір кең таралып келе жатқан түрі – жол жүру ережелерін бұзғаны туралы жалған қаулыларды жаппай тарату. Мұндай хаттарда жүргізушінің деректері, көліктің нөмірі көрсетіліп, «айыппұл төлеу» үшін сілтеме қоса беріледі. Карта деректерін енгізген кезде алаяқтар шотқа толық қол жеткізеді. Кейде мұндай сілтемелерде телефоннан немесе компьютерден жеке ақпаратты ұрлайтын вирустар болады.
Нақты жағдай. Қостанай тұрғыны автокөлік сату туралы хабарландыруға қызығып, сілтеме арқылы сауалнаманы толтырған. Кейін оған «менеджер» қоңырау шалып, өтінімді растау үшін арнайы бағдарламаны орнатуды табанды түрде сұраған. Бұл қашықтан қол жеткізуге арналған БҚ болып шықты: алаяқтар оның хат-хабарын көшіріп алып, кейін достарына «ақша қарызға беруді» сұрап хабарламалар жіберген.
Кеңес: ресми дилерлер ешқашан бағдарламаларды орнатуды талап етпейді және қысым жасамайды. Шынайы мәмілелер тек ресми автосалондар арқылы және толық құжаттар топтамасымен жүзеге асырылады.
«Автожобаларға» жалған инвестициялар
Бұл схема «ұжымдық сатып алу» түрінде ұсынылады: қатысушыларды жинап, жарна енгізіңіз – бірнеше айдан кейін нарық бағасынан төмен автокөлік аласыз деп уәде етеді. Шын мәнінде бұл – классикалық қаржы пирамидасы. Алғашқы салымшылар «пайдасын» кейінгі салымшылардың есебінен алады, бірақ көп ұзамай төлемдер тоқтатылады.
Нақты жағдай. Шымкентте ондаған адам «40%-ға арзан автокөлік» береміз деп уәде еткен жобаға 1 млн теңгеден бастап ақша салған. Алғашқыларға шынымен бірнеше көлік көрсетілген, бірақ бірнеше айдан кейін жоба жабылып, ақша жоғалып кеткен. Жүзден астам адам зардап шеккен.
Кеңес: егер сізге автокөлікті «екі есе арзан» ұсынып, жедел төлем жасауды талап етсе – бұл қаржы пирамидасы.
Егер сіз алаяқтардың қулығына тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына ресми арызбен жүгінуіңіз қажет. Құқық қорғау органдары сізді жәбірленуші деп таныған жағдайда, ҚР АК-нің 9-бабына сәйкес үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттері бойынша мәмілені жарамсыз деп тану үшін сотқа талап арызбен жүгінуге құқығыңыз бар.
Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз
Адам өзіне қанша несие ала алады?
Армандағы көлік пе, әлде алдау ма: алаяқтарды қалай тануға болады
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Клиенттердің өтініштерін қарау мерзімдеріне және мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы ше...
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық түрлері: нелерді білу қажет?