Қаржы пирамидаларының заманауи схемалары: франшизалар, мессенджерлер және мөлшерлемелер

time 10.02.2025
aye 1129
Қаржы пирамидаларының заманауи схемалары: франшизалар,  мессенджерлер және мөлшерлемелер

«Тез және кепілді кіріс» - бұл қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың азаматтарды өздерінің күмәнді жобаларына инвестициялауға шақыру кезінде айтатын уәделерінің бірі. Олардың күн сайын қандай жаңа схемалар ойлап табатындары және өздерінің алаяқтық қызметін қалайша бүркемелейтіні жөнінде Fingramota.kz айтып береді. 

Белгілі есімдер  – бұл кірістілік кепілі емес! 

Заманауи алақтар өзгелердің жетістіктері мен белгілі тұлғалардың есімдерін пайдалануды жақсы көреді. Әлеуметтік желілерде жұмыс істеп тұрған аты белгілі компаниялардың «табысты» инвестициялық жобаларының жарнамаларын жиі көруге болады. Бұл ірі банк, мұнай өндіруші ұйым немесе инвестициялық қор болуы мүмкін.

Қаскүнемдер ірі ойыншылардың логотиптері мен есептіліктерін қолдана отырып, жалған сайттар құрады және жоғары әрі тұрақты кірістілік әкелетін цифрлық активтерге, криптожобаларға немесе стартаптарға инвестициялауға шақырады.

Шын мәнінде, мұндай ұйымдарға ақша аудару арқылы сіз қаражатыңыздан айырылып қана қоймай, алаяқтардың қолына өзіңіздің жеке ақпаратыңыздың түсуі қаупін тудырасыз. Небір әккі схемаларда алғашқы уақытта біраз «табыс» та түсуі мүмкін, бұл алаяқтардың өз құрбанының сеніміне кіріп, оған көп инвестиция салдыруға мүмкіндік береді. Жеке кабинетте бұл ретте кірістіліктің кез келген сомаларын көрсетулері мүмкін, алайда проблемалар «пайдаға түскен» қаражатты шығару кезінде басталады. Мысалы, ақшаңызды шығарғыңыз келген кезде сізге комиссия немесе салық төлеу қажеттілігі жөнінде айтулары мүмкін, сонда ғана түскен пайданы алуға болады-мыс. Және мұндай төлемдерді алаяқтың торына түскен адам төлемге қабілетінен айырылғанға дейін талап ететін болады.

Қаржы пирамидаларының классикасы – сізге жаңа пайдаланушыларды немесе алаяқтардың өздері «серіктестер» деп атауды ұнататындар адамдарды тартқаныңыз үшін қосымша табыс ұсынылады. Сіз неғұрлым көп тартсаңыз, соғұрлым табысыңыз да геометриялық прогрессия секілді көп өседі.

Бейтаныс адамдармен сөйлесуге тыйым салынады!

Қазіргі алаяқтар өздерінің арам ойларына мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді қосқанды ұнатады. Көбіне олар адамдарды түсініксіз салаларға инвестициялауға және қосымша қатысушыларды тартуға негізделген түрлі табыс түрлерін ұсынатын чатқа қосады.

Өз жобаларының сәтті екендігінің дәлелі ретінде қаскүнемдер осындай чаттарда табысты болуының тарихын, табыс тапқан қатысушылардың әңгімелері жазылған бейнежазбаларды, сондай-ақ қосымша ықпал ету әдісі ретінде түрлі әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға көмектескендері туралы ақпарат жариялағанды ұнатады.

Инвестициялау бағыттары әр түрлі болуы мүмкін – тауарларды интернетте сатып алудан бастап самокаттарды жалға беру франшизаларына дейін. Алайда, уәде етілген пайданың әлі де алынбайтынын түсіну керек. Сонымен қатар, мұндай чаттарда алаяқтар дропперлік схемаларды да қолданады.

Мәселен, сізге «200 мың теңге таптыңыз» дейді. Ол үшін сіздің картаңызға 500 мың көлемінде аударым жасайды, ал сіз қалған ақшаны банкомат арқылы алып, оның менеджеріне немесе «кураторына» беруіңіз немесе аударуыңыз қажет. Сіз алған ақша да алаяқтық жолмен алынған ақша болуы мүмкін және сіз оны «жылыстатуға» ықпал еттіңіз. Заң тілінде бұл «заңсыз баю» деп аталады. Нәтижесінде ақшасы алынған жәбірленуші сізді сотқа бере алады. Егер сіз мұндай операцияларды үнемі және саналы түрде жасағаныңыз дәлелденсе, онда іс қылмыстық жауапкершілікке дейін жетуі мүмкін.

Сөз соңында, алаяқтар мұндай чаттарда сіздің құрылғыларыңызға қашықтан кіру үшін түрлі зиянды сілтемелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді таратып отыруды өте жақсы көреді.

Кез келген инвестициялық жобалар компанияда инвестордың, реттеушінің лицензиясының бар болуын, сондай-ақ компания мен жеке инвестор арасында шарт жасауды болжайтынын есте ұстаңыз.

Заманауи қаржы пирамидалары белсенді түрде клиенттерді ұтыссыз-мыс бәс тігуге шақыра отырып, букмекерлік кеңселердің атын жамылуы мүмкін. Егер ресми букмекердің өз қызметіне үнемі лицензиясы болса және  бәс тіккенде кассалық немесе электрондық чек және бәсті растау туралы купон берсе, онда алаяқ ұйымдардың ресми лицензиясы жоқ, көбіне олар мессенджерлер арқылы «жалған» чектер жібереді.

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар!

white-arrow Тізімге