Заманауи уақыт легіне ілесіп, үнемі барлығына үлгеріп, алға қойған мақсаттарға жетуге ұмтылыс, табысты адамның бейнесіне сай келуге тырысу көп жағдайда адамды қажытып, нәтижесінде оның эмоционалдық тұрғыдан шаршауына әкеледі.
Қаржылық еркіндікке қол жеткізу жолында мұндай сезімнен қалайша арылуға және мәжбүрлейтін «трендтерге» қалайша берілмеуге болатындығы жөнінде психология және коучинг саласындағы қазақстандық сарапшылармен бірге қарастырып көрелік.
«Қажуды» әрбір адам басынан өткеруі мүмкін, ол оның жынысына, жасына, қызметінің түріне қарамайды, күнделікті үй шаруасынан да қажуға болады. Қажу сезімі біраз тыным тауып, өзіңізге не керіктігін ажыратып, өмір екпініне қажетті түзетулер енгізу қажеттілігін білдіреді.
Психологтар эмоционалдық қажудың екі факторын ажыратады: кәсіби және эмоционалдық.
1-фактор – work-life balance-тың болмауы
Адамның өмірінде оның жұмысы мен жеке өмірі маңызды рөл атқарады. Work-life balance, яғни олардың тепе-теңдігі әрбіреуіміздің жұмысымыздан қанағаттанып, дамуға және белгілі бір жетістіктерге жетуге ұмтылысымызды сақтауға ықпал етеді. Осының барлығының біздің қаржылық әл-ауқатымызға тікелей әсері сөзсіз. Үнемі ширығып жүру, бір мезетте бірнеше мәселелерді шешуге тырысу, жұмыс уақытын ұтымсыз бөлу жүйелік қателіктерге, басшылықтың немесе әріптестердің наразылығына әкелуі мүмкін, нәтижесінде жұмыс қабілеті төмендейді және кәсіби шаршау белгілері пайда болады. Стресс жағдайы ашушаңдыққа немесе өзін-өзі шектетуге, эмоционалдық және физикалық тұрғыдан қажуға, кейде отбасының бұзылуына әкеледі.
«Егер адам үнемі жұмысбасты болып, одан басқа қажеттіліктерден бас тартып, өз қажеттіліктерін ұмытса, онда бұл сөзсіз стресске, кәсіби күйзеліске, жұмыстағы және отбасылық қатынастардағы проблемаларға әкеледі», - дейді бизнес-коуч Артем Мочалов.
Ол жұмыс пен өзіңізге арналуы тиіс уақыт арасында тепе-теңдікті сақтауды ұсынады. Өз ағзаңызды тыңдаңыз және әрқашан жұмыс пен демалыс режимін сақтаңыз, мәселен, 8 сағатты тікелей жұмысқа арнаңыз, 4 сағатты жақын адамдармен араласуға, 4 сағатты өзіңізге, ал қалған 8 сағатты толыққанды ұйқыға арнаңыз.
Тайм-менеджмент туралы естен шығармаңыз, қойылған міндеттерді ескере отырып, жұмыс уақытын маңыздылығы мен жеделдігіне қарай дұрыс бөліңіз, әріптестеріңізбен жақсы қарым-қатынас орнатыңыз, өйткені уақытыңыздың басым бөлігін сіз сол адамдармен өткізесіз. Өзіңіздің дұрыс бағытта келе жатқаныңызды басшылықтан тағы бір рет нақтылап алудан қысылмаңыз және жұмыста бастамашылық танытыңыз.
2-фактор – мақсаттың болмауы
Психологтардың пікірінше, эмоционалдық күйзеліс, негізінен, өмірде нақты мақсаты жоқ адамдарда кездеседі. Мұндай адамдарға басқалардың: қоғамның, туған-туыстардың, маркетологтар немесе блогерлердің пікірлерін мойындату оңай болады. Интернет кеңістігінде, әсіресе, әлеуметтік желілерде, «белгілі» және «табысты» адамдардың өмірі көпшіліктің назарына шығарылады.
Мысалы, жас жігіт белгілі брендтік костюм киіп, шетелдік көліктің соңғы үлгісін мініп, сәнді үйде тұрады. Осының бәрі «әдемі бейнені» көрген кейбір адамдардың өздерін кем сезінуіне, мазасыздық және әлсіздік сезіміне бой алдыруларына себеп болады. Олар осы бейнеге сәйкес келуге тырысып, мойындарына «кредит қомытын» ілуге мәжбүр болады.
«Адам әлеуметтік тіршілік иесі ретінде қоғамдық пікірге тәуелді. Табыстылық елесін жасау үшін азаматтар кредиттер мен бөліп төлеу ресімдеу арқылы кейде қажет емес, бірақ «брендтік» заттарды сатып алады. Кредиттік тәуелділік осылай туындайды», - дейді психолог Алиса Селезнева.
Кейіннен сатып алынған «зат» эмоционалдық қанағаттанушылық тудырмайды, ал борыштық міндеттемелерді өтеудің тұрақты қажеттілігі адамды «қажуға» әкеледі, нәтижесінде уақыт өте келе «кредиттік шаршау» пайда болады. Борыш «қомытынан» құтылу үшін адамдар таныстарынан, достарынан қарыз алады, бұрынғы қарыздарын өтеу үшін жаңа қарыздар алудың нұсқаларын немесе тез ақша тауып, байып кету жолдарын іздейді. Олар сондай-ақ, қара кредиторлардың айла-шарғыларына немесе қаржы пирамидаларына түсуі мүмкін.
Қаржылық еркіндікке қалай қол жеткізуге болады?
Толығырақ "Бюджетті жоспарлаймыз" бөлімінен оқыңыздар
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды