Қазақстан азаматтарға қарыз ауыртпалығын жеңуге қалай көмектеседі

time 28.07.2026
aye 1594
Қазақстан азаматтарға қарыз ауыртпалығын жеңуге қалай көмектеседі

Кредиттер бірнешеу болса, төлемдер көтере алмастай ауыр болып, қаржылық қиындықтар күрделене түссе, шешімді қалай табуға болады? Қазақстанда азаматтарға тек қарызды жабуға ғана емес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіріп, тұрақты қаржылық өмірге оралуға көмектесетін тетіктер бірізді түрде дамытылып келеді.

Бұл туралы Алматы қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев айтты.

Қаржы омбудсманы: азаматтардың құқығын қорғау қолжетімді бола түседі

27 шілдеде Агенттік қаржы омбудсманы қызметінің жаңа қағидаларын бекітті. Онда қызметтің жұмыс тәртібі, азаматтардың өтініштерін қарау және шешім қабылдау тәртібі айқындалған. Жаңа қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді.

Бірыңғай қаржы омбудсманын құру – азаматтар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды сотқа дейін реттейтін қолжетімді жүйе қалыптастырудағы маңызды қадам.

Сонымен қатар қаржы омбудсманы жанынан қоғамдық бірлестіктер қатысатын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңын құру жоспарлануда. Оның міндеті – азаматтардың нақты мәселелерін талқылап, күрделі қаржылық жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Бір борыш – бір тәсіл: finkelisim.kz қалай жұмыс істейді

2026 жылғы 1 шілдеден бастап берешекті ұжымдық реттеудің finkelisim.kz цифрлық платформасы жұмыс істеп тұр. Ол бірнеше банк пен микроқаржы ұйымдары алдында қаржылық міндеттемелері бар адамдар үшін құрылған.

Әр кредиторға жеке-жеке жүгінудің орнына, азамат бір ғана өтініш береді. Жүйе оның міндеттемелерін талдап, рәсімге сай келетін қарыздардың тізбесін қалыптастырады және ақпаратты кредиторларға жібереді. Талаптар келісілгеннен кейін қарыз алушы құжаттар топтамасына қол қояды, ал кредиторлар өндіріп алу шараларын тоқтата тұрады.

Платформаның басты ерекшелігі — жеке кредит емес, адамның барлық қарыз жүктемесі бағаланады. Бұл оның нақты қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып шешім іздеуге мүмкіндік береді.

Бұл тетікті кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша екі және одан да көп кредитор алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтар пайдалана алады. Міндеттемелердің жалпы сомасы 150-ден 1600 АЕК-ке дейін болуы тиіс — 2026 жылы бұл 648 мың теңгеден 6,9 млн теңгеге дейінгі сомаға тең.

Әлеуметтік осал азаматтар үшін неғұрлым жеңіл жағдайлар қарастырылған: ай сайынғы төлемдерді азайту және өтеу мерзімін ұзарту.

Бірінші кезеңде платформаның ықтимал қатысушылары шамамен 350 мың проблемалық қарыз алушы бола алады.

Болашақта оның функционалын кеңейту жоспарлануда, оның ішінде жеке сот орындаушылары жүйесімен, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мен банкроттық тетіктерімен біріктіру арқылы. Келешекте бұл құралдар Берешекті реттеудің бірыңғай орталығына топтастырылады.

Ерекше назар – I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға

Жұмыстың жеке бағыты – мүгедектігі бар азаматтарға көмек көрсету. Бүгінде осы санаттағы 105,6 мыңнан астам адамның 262 млрд теңге сомасына қолданыстағы кредиттік міндеттемелері бар. 26,3 мың азаматта 48 млрд теңге сомасында проблемалық берешек бар.

Алматыда қаржылық қиындыққа шамамен 10 мың мүгедектігі бар тұлға тап болды, олардың жалпы берешегі 8,6 млрд теңгені құрайды.

Нысаналы көмек көрсету үшін Агенттік Алматы қаласының әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп пилоттық жобаны іске асыруда. Әрбір жағдай жеке қаралады – кірістер, мүлік, отбасы құрамы және басқа да өмірлік жағдайлар ескеріледі.

Жағдайға байланысты адамға қарызды қайта құрылымдау, төлемдерді азайту, кейінге қалдыру немесе қарыз мерзімін ұзарту ұсынылуы мүмкін. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, азаматтарға заңда көзделген банкроттық рәсімдері түсіндіріледі.

Ипотека: тұрғын үйді сақтап қалуға мүмкіндік берген көмек

Тағы бір маңызды қолдау құралы – ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы.

Оны іске асыру барысында револьверлік тетіктің арқасында көрсетілген көмектің көлемі 678 млрд теңгеге жетті. Қолдауды шамамен 60 мың ипотекалық қарыз алушы алды.

Бағдарламаның нәтижесі статистикада да көрініс тапты: мерзімі 90 күннен астам өткен ипотекалық қарыздардың үлесі 2015 жылғы 30%-дан 2026 жылғы 1 маусымдағы 0,6%-ға дейін төмендеді.

«Қарызсыз қоғам»: жүздеген мың азамат көмек алды

Қарыз жүктемесін азайтуда Агенттіктің «АМАНАТ» партиясымен (қазіргі «Әділет») бірлесіп іске асырып жатқан «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасының да өз рөлі бар.

3,5 жыл ішінде қолдау шаралары жалпы сомасы 785 млрд теңгеге 778,3 мың қарыз алушыға көрсетілді. Жағдайға байланысты азаматтарға кейінге қалдыру, жеңілдікті кестелер берілді, медиациялық келісімдер жасалды және қаржылық мәселелерді шешудің басқа да тәсілдері қолданылды.

Александр Терентьев атап өткендей, Агенттік қабылдап отырған қолдау шараларының барлығы – борыштарды жаппай есептен шығару емес. Басты міндет – адамға төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге, жүктемесін азайтуға және оның нақты мүмкіндіктеріне сай келетін өтеу нұсқасын табуға көмектесу.

white-arrow Тізімге