Мемлекет басшысына қаржы нарығының даму қорытындылары мен қаржы ұйымдарын реттеу жөніндегі жұмыстар туралы баяндалды. Кездесу барысында қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда банк, сақтандыру секторы, қор нарықтары бойынша тұрақты түрде AQR және стрестік сынақтан өткізуді көздейтін қадағалау саясатының басымдықтары әзірленген.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа стрестік активтер деңгейін төмендету жөніндегі қадағалау жоспарын банктердің орындауына бақылау жасау мақсатында Агенттіктің қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет берілді. Соның нәтижесінде өткен жарты жылда стрестік активтердің көлемі 15,5 пайызға, яғни 2,3 триллион теңгеге дейін азайды.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі экономикалық жағдайда банктердің несие беру ісі орнықты болып отыр. Экономиканы несиелеу көлемі жыл басынан бері 3,3 пайызға артып, 15,1 триллион теңгеге жеткен.
Мемлекет басшысы қарыз алушылардың құқығын қорғау мақсатымен 25 мамырда банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеудің міндетті тәртібін енгізуді көздейтін заңға қол қойды.
Президенттің тапсырмасы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі сараланып, кепілдік және ипотекалық кредиттер бойынша шекті мөлшер төмендетілді. Жағымсыз несиелік тарихы бар борышкерлердің несиеге қолжетімділігін қалпына келтіру үшін мерзімі өткен несиені өтеген қарыз алушыларды оңалту тетігі қабылданды. Бүгінде 1,4 миллион адам қайтадан қарыз алу құқығына ие болды.
Агенттік төрағасы Мемлекет басшысына микроқаржылық қызметті лицензиялау аяқталғаны туралы баяндады. Жыл басынан бері 1012 несие беру ұйымы лицензия алған.
Агенттік төрағасы Президентке шағын несиелерді беру кезінде клиенттердің мәліметтерін қашықтан сәйкестендіру тетігі күшейтілгенін жеткізді. Бұл ретте, міндетті түрде биометрияны тексеру немесе екі факторлы аутентификаттау арқылы өткізіледі. Бұдан былай клиенттерді тексерместен шағын несиелерді беруге тыйым салынады.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Агенттікке экономикалық өсімді қайта қалпына келтіруде қаржы тұрақтылығын сақтау, қаржы қызметтері тұтынушыларының құқықтарын қорғауды күшейту және қаржы нарығының рөлін арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.
Ақпарат көзі: www.akorda.kz/kz
Банктегі немесе МҚҰ-дағы проблемалық қарыз: мерзімі өткен қарызды қалай өтеуге болады?
Ешкімге және ешқашан: қандай жеке деректерді үшінші тұлғаларға хабарлауға болмайды
Алаяқтардың кезекті әрекеті: қазақстандықтарды мобильдік байланыс операторларының және мемлекеттік...
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Стоп кредит: қарыз алудан ерікті түрде бас тарту алаяқтардан қорғануға қалай мүмкіндік береді
Кері байланыс: қаржы пирамидаларын, жалған брокерлерді қалай танып білуге болады және өзіңізді онлай...