Қазақстан Республикасының қаржы нарығында шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдарын ашу мүмкіндігі туралы

time 5.01.2021
aye 2141
Қазақстан Республикасының қаржы нарығында шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдарын ашу мүмкіндігі туралы

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде қабылданған міндеттемелерді іске асыру шеңберінде, 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және
сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашуға рұқсат берілді.


Тиісті құқықтық негіз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында салынды, оның нормалары 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап күшіне енді.


Бұл ретте Қазақстан Республикасының Парламенті 2020 жылғы 23 желтоқсанда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары және сақтандыру брокерлері филиалдарының қызметін реттеу жөніндегі талаптар қосымша күшейтілді.


Қазақстан Республикасының аумағында қызметін бастау үшін шетелдік қаржы ұйымы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде филиал ашуға рұқсат алуға тиіс, одан кейін филиал Агенттіктің тиісті лицензиясын алуға тиіс.
Шетелдік қаржы ұйымына филиал ашу және қызметін бастау үшін мынадай талаптар қойылатын болады:
1) резиденті шетелдік қаржы ұйымы болып табылатын мемлекет АЖ/ТҚҚ саласында халықаралық ынтымақтастыққа қатысушы болып табылады, Ақшаны жылыстаумен күрес бойынша қаржылық шараларды әзірлеу тобымен (ФАТФ) ынтымақтасады;


2) Агенттік және резиденті шетелдік қаржы ұйымы болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы арасында ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы келісім жасалған;


3) шетелдік қаржы ұйымы мынадай шарттарға сәйкес келеді:
 Standard & Poors рейтингтік агенттігінің «ВВВ»-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе; Investors Service немесе Fitch агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар;
 резиденттік елінің аумағында банктің немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға қолданыстағы лицензиясы бар;
 филиал тарапынан міндеттемелер орындалмаған және (немесе) тиісінше орындалмаған жағдайларда, міндеттемелерді сөзсіз және дереу орындау туралы жазбаша міндеттеме ұсынды;
 шетелдік банк активтерінің ең аз көлемі 20 млрд АҚШ долларын құрайды;

 шетелдік сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы активтерінің ең аз көлемі 5 млрд АҚШ долларын құрайды, бұл ретте жұмыс тәжірибесі 10 жылдан кем болмауға тиіс. Шетелдік ұйымдар филиалдарының басшы қызметкерлері ретінде тағайындалатын кандидаттар үшін – жоғары білімнің, іскерлік беделінің мінсіз (өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы), халықаралық қаржы ұйымдарындағы еңбек өтілінің болуы міндетті. Бұл ретте шетелдік қаржы ұйымының филиалы басшы
қызметкерлерінің құрамында Қазақстан Республикасының кемінде 2 азаматы болуға тиіс.


Шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін де қазақстандық қаржы ұйымдарына қатысты қолданылатын реттеу талаптары қолданылады. Осыған байланысты шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары пруденциялық нормативтердің және банктер мен сақтандыру ұйымдарына қойылатын сақталуы міндетті өзге де талаптардың толық тізбесін сақтауға міндетті.


Сонымен қатар шетелдік банктердің филиалдары үшін жеке тұлғалардың 120 мың АҚШ долларынан кем болатын (теңгемен немесе өзге валютамен баламасын) депозиттерді қабылдауға тыйым қолданылады. Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетелдік қаржы ұйымы өз филиалына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде орналастырылуға тиіс және филиал қызметінің кезеңінде алынбауға тиіс резерв ретінде қабылданатын активтерді
(меншік капиталына ұқсас) беруге тиіс:


1) шетелдік банктердің филиалдары үшін – 10 млрд теңге;
2) сақтандыру ұйымдарының филиалдары үшін саласына қарай:
«жалпы сақтандыру» – 1,5 млн АЕК;
«өмірді сақтандыру» – 1,5 млн АЕК;
«жалпы сақтандыру» және қайта сақтандыру – 2,1 млн АЕК;
«өмірді сақтандыру» және қайта сақтандыру – 2,1 млн АЕК;
қайта сақтандыруды қызметтің ерекше түрі ретінде жүзеге асырған кезде – 10,5
млн АЕК. Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерімен және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарымен қатар шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары депозиттерге және сақтандыру төлемдеріне міндетті кепілдік беру жүйелерінің қатысушылары болуға тиіс.


Шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашуға қатысты белгіленген талаптар ішкі қаржы нарығында бәсекелестіктің тең жағдайларын, жаңа қаржы технологиялары мен
қызметтерінің трансфертіне дайын ірі көлемде капиталдандырылған ұйымдардың келуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауды сақтайды және қаржы жүйесінің тұрақтылығына қолдау көрсетеді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон бойынша алуына болады:

+7(727)2371090
email: press@finreg.kz

white-arrow Тізімге