Бағалы қағаздардың оңтайлы портфелін қалай қалыптастыруға болады

time 29.09.2021
aye 6239
Бағалы қағаздардың оңтайлы портфелін қалай қалыптастыруға болады

Сонымен, инвестициялармен айналысып, бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеймін деп шештіңіз. Акциялардың облигациялардан несімен ерекшеленетінін, бағалы қағаздардың қандай түрлерінің бар екенін білесіз. Енді оңтайлы портфель қалыптастыру қажет. Мұны қалай істеу керектігін Fingramota.kz айтып береді.

Негізгі сөз – әртараптандыру

Әртараптандыруды, яғни түрлі салаға жататын әр түрлі бағалы қағаздар түрлерінен тұратын портфельді қалыптастыруды инвесторлар көбіне инвестициялық тәуекелдерді барынша азайту мақсатында пайдаланады. Бірақ бұл түрлі акцияларды көптеп сатып алу дегенді білдірмейді. Акциялар атауларының саны, әр компанияға салынатын инвестициялар көлемі, инвестициялау мерзімі – портфельдің расында теңгерімді әрі инвестордың тәуекел бейініне сәйкес келуі үшін осы және басқа да факторларды ескеру қажет. Егер инвестор қолда бар қаражатын бір компанияның акцияларына салса, онда ол автоматты түрде олардың бағамының нарықтағы ауытқуына тәуелді болады. Егер ол бірнеше компанияның бағалы қағазына инвестициялайтын болса, онда қандай да бір құралдың жағымсыз серпінінен болатын әлеуетті шығынды басқа бағалы қағаздардың кірістерімен теңестіретін болады. Мұндай қарапайым ереже акцияларға ғана қатысты емес, басқа да қаржы құралдарының түрлеріне қатысты.

Егер сіз бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеп, ақша тапқыңыз келсе, бұл процеске айтарлықтай көп уақыт бөлу қажет екеніне де дайын болыңыз. Бірақ бәрі сіздің алға қойған мақсаттарыңызға байланысты. Кейбір инвесторлар қысқа мерзімді стратегияны таңдаса, басқалары бағалы қағаздарды ұзақ мерзімге сатып алуға дайын.

Алайда, бағалы қағаздардың қандай да бір түрін таңдау кезінде инвестордың мақсаты мен оның тәуекелге қатынасын айқындап алу маңызды. Инвестициялау мақсаттары мен тәуекелге қатынасына сәйкес инвесторлардың үш типін ажыратады:  

1. Консервативті инвестор – басты міндеті салынған қаражатты қорғау, айталық, инфляциядан қорғау болып табылатын инвестор. Ол кірістілігі  төмен және тәуекелі төмен бағалы қағаздарды таңдайды.

2. Қалыпты-агрессивті инвестор –  капиталының өсуі үшін оны ұзақ мерзімді салымдарға салатын инвестор. Ол бір жағынан, салымдарын кірістілігі және тәуекелі төмен бағалы қағаздарға жүзеге асырып, екінші жағынан тәуекел деңгейі біршама жоғары құралдарға да басымдық беріп, портфельді ішінара өзгертіп отырады.

3. Агрессивті инвестор – салынған қаражатының жылдам өсуіне күш салатын, ол үшін тәуекел деңгейі жоғары және тартымды бағалы қағаздарға инвестициялауға, өз портфелінің құрылымын жылдам өзгертуге даяр және бағалардың өзгеруін өз есебіне пайдаланатын инвестор.

Портфельді қалыптастыру кезінде инвестор тәуекел-кірістіліктің ара қатынасын, салымның мерзімін, бағалы қағаздың типі сияқты факторларды ескеруге тиіс. Бұл ретте, басым жағдайларда салымдардың тәуекелі мен кірістілігі арасында тікелей тәуелділік болады: кірістілік неғұрлым жоғары болған сайын тәуекел де жоғары болады. Яғни, өз портфелін қалыптастыру кезінде инвестор бағалы қағаздарды портфельге енгізу кезінде олардың инвестициялық сапасын бағалауға тиіс.

Толығырақ «Бағалы қағаздар нарығы» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге