Банкіңіз лицензиясынан айрылды: не істеу керек?

time 12.02.2021
aye 3170
Банкіңіз лицензиясынан айрылды: не істеу керек?

2021 жылғы 12 ақпанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ-ты банк және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады.

 

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 48-бабы 1-тармағының 7), 15) тармақшаларына сәйкес:

  • пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзуы; 
  • қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамауы;
  • уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын Банктің ірі қатысушысының орындамауы АзияКредит Банкті лицензиясынан айыруға негіз болды.

Агенттіктің деректері бойынша 2021 жылғы 12 ақпаннан бастап ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды.

Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша АзияКредит Банк активтерінің мөлшері  45,4 млрд теңге, несие портфелі - 45,0 млрд теңге, оның ішінде 31,6 млрд теңге немесе Банктің несие портфелінің 70,0%-ы – 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Банктің өтімді активтерінің мөлшері 75 млн теңгені құрады, бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8,0 млрд теңгеден асады.

Салымшылар не істейді?

Банкте 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша
23 174 жеке тұлғаның депозиттері орналастырылған, олардың жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңге.

Банк салымшылары қам жемесе болады: олардың теңгемен және шетел валютасындағы депозиттеріне, сондай-ақ төлем карточкалары мен банктік шоттарындағы ақшасына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдік береді.

Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7%-ның депозиттері «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) кепілдігімен толық көлемде өтеледі.

ҚДКҚ қаражатынан кімдердің өтем алуға құқығы бар?
- жеке тұлғалар;
- жеке кәсіпкерлер.
 

ҚДКҚ қандай кепілдік береді?

Депозиттерге кепілдік беру жүйесі банк салымдарын ғана қорғамайды. ҚДКҚ жеке тұлғалардың, оның ішінде дара кәсіпкерлердің төлем карточкаларын қоса алғанда, барлық ағымдағы шоттарындағы ақшаға ең жоғары кепілдендірілген сома шегінде кепілдік береді. Депозиттер бойынша есептелген және сол сияқты капиталдандырылған пайыздарға да кепілдік берілетінін атап өту қажет.

Жеке тұлғалардың металл шоттарында сақталатын қаражатқа, банк ұяшықтарында орналастырылған ақша мен құндылықтарға, депозиттік сертификаттарға кепілдік берілмейді.

Кепілдіктердің ең жоғары сомасы қандай?

Ең жоғары кепілдік берілетін сома валютаға және депозит түріне байланысты болады. ҚДКҚ мыналарға кепілдік береді:

-     теңгемен жинақ депозиттеріне – 15 000 000 теңгеге дейін;

-     жинақ депозиттерінен басқа, теңгемен өзге депозиттер бойынша – 10 000 000 теңгеге дейін;

-     шетел валютасындағы депозиттерге – 5 000 000 теңгеге дейін.

Кепілдіктің әрбір жеке адамға емес, оның ақшасы сақталатын әрбір банкке қолданылатынын ескеру маңызды. Яғни, егер Сізде бір банкте бірнеше депозит ашылған болса, банктік/ағымдағы шоттарда ақша қалса, шетел валютасында салым болса – осы банк таратылған кезде барлық салым жинақталады (барлық депозиттер бойынша сыйақымен бірге) және жалпы кепілдік берілген өтем сомасы депозиттің әрбір түрі бойынша шектері ескеріле отырып – 15 000 000 теңгеден аспай төленеді. 

Салымшының шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКҚ банкті лицензиядан айырған күнгі валюталардың нарықтық айырбастау бағамы бойынша өтемақы төлейді. Кепіл берілген өтем сомасынан асатын депозиттер бойынша қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейді, ол мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап, таратылатын банктің кредиторлар тізілімінің талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес тағайындалады.

Кепілдік берілген өтем сомасының мөлшеріне салымдар мен шоттардағы ақша ғана емес, егер салымшының қарыз қаражаты болса, ол да әсер ететінін ерекше атап өту қажет. Мысалы, салымшының 10 000 000 теңге мөлшеріндегі жинақ депозиті бар, ағымдағы шоттарда 500 000 теңге мөлшерінде ақша қалды, сондай-ақ онда 2 500 000 теңге мөлшерінде өтелмеген кредиті бар. Мұндай жағдайда, бірінші кезекте, берешегі өтеледі, содан кейін ғана кепілдік берілген өтем сомасы өзара есепке жазу арқылы қалыптастырылады. Сөйтіп, өтеу сомасы 8 000 000 теңгеге тең болады.

Салымшыларға банкті тарату бойынша сот процестерінің аяқталуын күту қажет пе?

Егер бұрын банк дәрменсіз болған кезде салымшылар түрлі себептермен 3-4 айға созылуы мүмкін банкті тарату бойынша сот процестерінің аяқталуын күтуі қажет болса, 2020 жылдың басынан бастап, заңда күшіне енген өзгерістерге байланысты банк лицензиясынан айырылған сәттен бастап 35 жұмыс күнінен кейін өзінің барлық шоттарынан кепілдік берілген соманы алуына болады.

 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген тағы бір жаңалық депозит бойынша өтеу кепілдігіне қатысты. Заңға түзетулер енгізілгенге дейін салымшы депозит балансына қосылған капиталдандырылған сыйақыны және егер бұл банк шартында көзделсе ғана ала алатын еді. Есептелген, бірақ  капиталдандырылмаған пайыздар кепілдік объектісі болған жоқ және оларды мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясы өтеген. Заңға түзетулер енгізілгеннен кейін сыйақының барлық түрлері, оның ішінде капиталдандырылған және есептелген сыйақыға кепілдік беріледі және Қор оларды ең жоғары сомалар шегінде өтейді.    

АзияКредит Банк салымшылары кепілді өтемді қалай алады?

Төлемдер банк лицензиясынан айырылған күнгі жағдай бойынша негізгі борыш пен банк есептеген сыйақы сомасы шегінде жүзеге асырылатын болады.

Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 11 ақпандағы №51 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшіліктің құрамына қаржы реттеушісі мен ҚДКҚ өкілдері кірді.

Уақытша әкімшілік банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, активтерді анықтау, ұйымның активтері, міндеттемелері мен құжаттарына түгендеу жүргізу үшін тағайындалды. Уақытша әкімшілік өз қызметі кезеңінде активтер мен міндеттемелерді басқа банкке бір уақытта өткізуді жүзеге асыру мүмкіндіктерін бағалайды.

Заңнамалық талаптарға байланысты банкті қамтамасыз етуге, банкке түсетін ақшаны есепке алуға шығыс операцияларын, сондай-ақ ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда,  клиенттердің банктік шоттары бойынша (оның ішінде ағымдағы және депозиттік шоттар бойынша кассалық және аударым операциялары бойынша) және банктің өзіне шығыс операцияларға тыйым салынады. Уақытша әкімшілік, бұдан басқа қарыз алушылардың алдында алған кредиттері бойынша ақшаны қайтаруына бақылау жасайды. Қарыз алушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау кезінде, уақытша әкімшілік жазбаша өтінішке сәйкес қарыз бойынша қамтамасыз ету түріндегі мүлікті (ақшаны қоспағанда) кепіл берушіге қайтару мәселелерін қарайды.

Тараптардың келісімі бойынша банктің қаржылық жағдайын нашарлатпайтын түзетулер енгізуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасының талаптарына сәйкес банкпен бұрын жасалған шарттардың талаптарын өзгертуге тыйым салынады.

Салымшыларға арналған бірнеше пайдалы фактілер:

- Кепілдік берілген өтеулерді төлеу уақыты лицензиядан айыру процесінен бастап агент-банк арқылы (жұмыс істеп тұрған банк, ол арқылы өтініштерді және өтеу төлемдерін қабылдау жүргізіледі) бергенге дейін 35 жұмыс күнінен аспайды.

-  Егер депозиттегі және банктік шоттардағы сома ҚДКҚ кепілдігінің ең жоғары сомасынан көп болса, онда банктің клиенттері – жеке тұлғалары кредиторлардың банктік шоттар бойынша талаптарын тарату комиссиясы Банктер туралы заңның 74-2-бабында белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар талаптарының тізіліміне өз бетінше енгізеді. Мұндай талаптарды енгізу туралы ақпарат банк кредиторларына жазбаша нысанда, әрбір кредитордың талабын қанағаттандыру кезектілігі көрсетіле отырып жіберіледі.

Салымшылар тарату комиссиясы туралы ақпаратты және байланысу жолдарын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, ҚДКҚ және лицензиясынан айырылған банктің сайтынан таба алады.

Депозит бойынша есептелген сыйақыны енді ҚДКҚ кепілдік берілген ең жоғары сома шегінде қорғайды.

 

white-arrow Тізімге