Банктік деректеріңіз ұрланған жағдайда не істеу керек?

time 1.04.2025
aye 379
Банктік деректеріңіз ұрланған жағдайда не істеу керек?

Қазіргі әлемде банк карталары төлем құралы ғана болудан қалды - енді оларда карта иесінің маңызды қаржылық ақпараты сақталады. Бұл ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді, сонымен бірге карта деректерінің алаяқтардың қолына түсуін оңайлатады.

Егер сіздің картаңыздың деректері ұрланса және алдағы уақытта бұған жол бермес үшін не істеу керек, Fingramota.kz-пен бірге қарастыралық.

Егер банктік картаңыздың деректері алаяқтардың қолына түскеніне сенімді болсаңыз, тез арада әрекеттену керек. Кешеуілдеу өте қымбатқа түспек: карта арқылы алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді ала алады, өйткені бүгінгі таңда көптеген банктер eGov mobile-мен интеграцияланған - жеке куәлікті, жылжымайтын мүлік және көлік туралы деректерді және т. б. сақтайды. Осыны ескерсек, деректерді жоғалту ақша жоғалтудан әлдеқайда қауіптірек. 

Банктік карта деректерін жоғалтқан кезде ұстанылуы тиіс қадамдық алгоритм

Бірінші қадам: мобильді қолданба арқылы картаны бұғаттаңыз. Осылайша сіз ақшаңыздың ұрлануына және алаяқтық операцияларға жол бермейтін боласыз.

Екінші қадам: деректеріңіздің ұрланғаны туралы полицияға хабарлаңыз. Арыз жазыңыз: неғұрлым көп ақпарат берсеңіз (смс-хабарламалар, транзакциялардың скриншоттары), алаяқтарды ұстау ықтималдылығы соғұрлым жоғары болады.

Үшінші қадамсанкцияланбаған есептен шығаруларды анықтау үшін, соңғы транзакцияларды қарап шығыңыз. Шағын тестілік есептен шығаруларға ерекше назар аударыңыз - алаяқтар картаның белсенді-белсенді еместігін осылай  тексереді.

Төртінші қадам: егер алаяқтар картадан ақша алып үлгерсе, онлайн немесе бөлімшеде ақшаны қайтару туралы банкке өтінім беріңіз.

Бесінші қадам: банк қолданбасындағы құпиясөздерді жаңартыңыз - оңай комбинацияларды (туған күн, "123456" және т. б.) пайдаланбаңыз.

Алтыншы қадам: қосымша қорғаныс шараларын қосыңыз – онлайн-төлемдерге лимиттер, операцияларды SMS немесе push-хабарламалар арқылы растау орнатып қойыңыз. 

Алаяқтар карта деректерін қалай ұрлайды

Сізге алдағы уақытқа қауіпсіздік бойынша ұсыныстар бермес бұрын, қаскүнемдер карта деректерін қалай ұрлайтынын ұғынып алуды ұсынамыз. 

Фишингтік сайттар мен хаттар

Алаяқтар банктердің, төлем жүйелерінің және дүкендердің жалған сайттарын жасайды. Сондай-ақ, олар ақпаратты жаңарту, бонустар алу немесе транзакцияны растау сылтауымен карта деректерін енгізу сұралған хат немесе хабарлама жібереді. Жалған сайтқа деректер енгізіле салысымен немесе хатқа жауап беріле салысымен, алаяқтар картаға қолжетімділік алады.

Вишинг (телефон арқылы жасалатын алаяқтық)

Алаяқтар қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырады  және әртүрлі сылтаулармен (күдікті операция, картаны бұғаттау) карта деректері мен CVV-код сұрайды. Кейде олар операциядан бас тарту үшін SMS-пен келген кодты айтып беруді ұсынады, бірақ іс жүзінде бұл ақша аударымын  алаяқтарға растау болып табылады.

Скимминг (деректерді терминалдар мен банкоматтар арқылы ұрлау)

Бұндай тәсілді қолданған жағдайда алаяқтар банкоматтарға картаның магнит жолағынан деректерді оқитын арнайы жапсырмалар (скиммерлер) орнатады. Сондай-ақ, олар PIN-код ұрлау үшін жапсырма пернетақталарды қолдана алады. Осы операциялардың арқасында алаяқтар дубликат карта жасап, ақша шығарып алады. Өкінішке қарай, алаяқтардың банкомат құрылғысына мұндай араласуларын  дайындығы жоқ адамдардың көруі іс жүзінде мүмкін емес, сондықтан ақшаны сенімді жерлерде – ірі сауда орталықтары мен дүкендерде алған жөн. Ол жерлерде өтімділік жоғары, сәйкесінше банкоматтар жақсы бақыланады. 

Фейктік мобильді қолданбалар

Алаяқтар карта деректерін оларды теру кезінде ұрлау үшін банктік қолданбаларды қолдан  жасайды. Кейде мұндай қолданбалар банктен растау кодтарын алу үшін SMS-ке кіруге  қолжетімділік сұрайды.

Зиянкес бағдарламалар 

Компьютерлер мен смартфондардағы алаяқтар жасаған вирустар пернелердің басылуын бақылап, теру кезінде карта деректерінің көшірмелерін жасай алады.

Көбінесе мұндай бағдарламалар күдікті сайттар мен бұзылған қолданбалар арқылы таратылады.

Интернетте төлем жасау кезінде деректерді ұстау

Алаяқтар карта деректемелері сақталатын интернет-дүкендердің дерекқорларын бұзулары мүмкін. Сондықтан сарапшылар төлем үшін жеке карта арнап, сатып алуға қажетті соманы сонда сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ, алаяқтар сіздің деректеріңізді қоғамдық орындардағы ашық Wi-Fi желілері арқылы, арнайы бағдарламалар арқылы трафик ұстап ала алады.

Әлеуметтік инженерия

Алаяқтарды жете бағаламау қате, өйткені олар тамаша психологтар және адамдардың осал жерлеріне қалай қысым жасау керектігін жақсы біледі. Мессенджерлерде, хабарландыру сайттарында немесе көзбе-көз қарым-қатынаста олар адамның сеніміне кіріп, олардан маңызды деректерді суыртпақтайды. Көбінесе олар психологиялық қысымдарды пайдаланады: асығыстық, ақша жоғалту қорқынышы немесе "тегін бонустарды" уәде етеді.

Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз



white-arrow Тізімге