Банктік тұтынушылық кредит беру нарығындағы үрдістер

time 13.10.2021
aye 5577
 Банктік тұтынушылық кредит беру нарығындағы үрдістер

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тұтынушылық кредит беруге шолуды ұсынды

Ағымдағы жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша тұтынушылық қарыздар 2020 жылмен салыстырғанда едәуір жеделдеп (2020 жылы тұтынушылық қарыздар 4,3%-ға ұлғайды), 5,4 трлн теңгеге дейін 23,8%-ға немесе экономикаға кредиттердің 33%-на (жыл басында 30%) ұлғайды. Осы көрсеткіштің өсуі ағымдағы жылы ЖІӨ мен халық табысының номиналды өсімінен едәуір асып түседі, бұл тұтынушылық кредит беру нарығындағы тәуекелдердің артуын растайды.
 

1-сурет. Тұтынушылық кредит беру серпіні

Тұтынушылық кредит беру серпіні

2-сурет. Тұтынушылық қарыздар беру серпіні

Тұтынушылық қарыздар беру серпіні

Дереккөзі : ҚРҰБ ақша-кредит статистикасы


Тұтынушылық кредит берудің белсенді өсуі мынадай факторларға байланысты:

  • елдегі экономикалық өсудің қалпына келуі аясында тұтынушылық сұраныстың артуы;
  • тұтынушылық қарыздар бойынша орташа мөлшерлеменің төмендеуі;
  • (2021 жылғы қаңтардағы 20,9%-дан 2021 жылғы тамыздағы 18,7%-ға дейін);
  • банктердің скорингтік модельдерін жетілдіру және тәуекелдерді жақсы болжау мүмкіндігі;
  • жеңілдетілген тәртіппен қарыз қаражаты есебінен төлем жасауға мүмкіндік беретін банктік экожүйелер мен онлайн-сервистерді белсенді дамыту.


Реттеу есептілігінің деректері бойынша, ағымдағы жылдың басынан бастап жаңадан берілген тұтынушылық қарыздардың 88%-ын 3 банк: «Kaspi Bank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ қамтамасыз етті.

Мемлекеттік кредиттік бюроның деректері бойынша қарыз алушылардың көпшілігінде – 72%-да, кредиттер бойынша берешегі борышының орташа сомасы 339,2 мың теңге болатын, 1 млн теңгеге дейінгі сомада бар. Тұтынушылық кредиттер бойынша қарыз алушылардың негізгі үлесі еліміздің ірі қалалары – Алматыда (24,1%), Нұр-Сұлтанда (9%), Шымкентте (7%) шоғырланған.

Банктердің кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша 1 млн теңгеге дейінгі сомадағы кредиттер бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 28,3 мың теңгені құрайды (2021 жылдың басында – 34,6 мың теңге).

Тұтынушылық қарыздардың сапасы оң серпінді көрсетіп отыр. 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің деңгейі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 6,8%-дан төмендеп, 2021 жылғы 1 қыркүйекте 5,3%-ды құрады. Негізінен, сапаның жақсаруы тұтынушылық портфельдің өсуіне және проблемалық қарыздарды олар бойынша провизияларды 100% қалыптастырғаннан кейін есептен шығаруға негізделген.

Тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін шектеу үшін банктердің қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу міндеті белгіленген. Яғни, банктер қарыз беру кезінде қарыз алушының мерзімі өткен төлемдер сомасын қоса алғанда, барлық өтелмеген қарыздар бойынша барлық төлемдері оның орташа айлық кірісінің 50%-нан аспауға тиіс екенін ескеруге тиіс.  

Бұған дейін Агенттік тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін бақылау үшін шаралар қабылдаған болатын. Барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша ақы төлеу мерзімін 90 күнге кешіктіргеннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссияны есептеуге тыйым салынды, төлемге қабілетсіз тұлғаларға қарыз берудің алдын алу мақсатында табысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен аспайтын азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды, банктер жаппай тұтынушылық кредиттер беруден тартынуы үшін  банктердің осындай кредиттер бойынша жеке капиталының жеткіліктілігіне (150%-дан бастап 300%-ға дейін) деген талаптар екі есе ұлғайды.

Сонымен қатар, капиталдандырылған мерзімі кешіктірілген сыйақыға сыйақы («пайыз үстіне пайыз») есептеуге тыйым салынды.

Проблемалық берешектің өсімін болдырмау үшін ағымдағы жылдың 9 сәуірінен бастап қарыз алушыға кредиттік бюро жүйесінде «оңалтылған» мәртебесінің тағайындалуын көздейтін оңалту тетігі енгізілді (қазіргі таңда 1,9 млн. азамат «оңалтылған» мәртебесіне ие).

Азаматтардың қарыздар бойынша борыш жүктемесінің өсімін шектеу үшін кепілді банктік қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің шекті өлшемдері 16 п.т. (56%-дан бастап 40%-ға дейін) азайтылды, кепілсіз банктік қарыздар бойынша 56% деңгейінде сақталды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 31 п.т. (56%-дан бастап 25%-ға дейін) азайтылды.

Қазіргі уақытта Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, борыш жүктемесі коэффициентін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін және кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша капиталды есептеу тетіктерін жетілдіруді қамтитын тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді ұстап тұру бойынша қосымша шараларды пысықтауда.

Ақпарат көзі : Қ НРДА сайты

white-arrow Тізімге