Заманауи қаржылық технологиялар банктік және басқа да қаржылық қызметтерді алуды едәуір жеңілдетіп, оларды қол жетімді және ыңғайлы етті. Сонымен қатар, цифрлық мүмкіндіктердің кеңеюі алаяқтарға да көп мүмкіндіктер берді, олар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін іздеп, қаржы технологиялық саланы белсенді игеріп бағуда.
Қаржылық шығындардан қалай аулақ болуға және дербес деректеріңізді қалайша қауіпсіз сақтауға болатыны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.
Фишингтік шабуылдар
Фишинг — цифрлық алаяқтықтың кеңінен таралған схемаларының бірі. Бұл әдіс қаржылық технологиялар саласында да белсенді қолданылады. Фишинг дегеніміз: қаскүнемдер жалған хабарламалардың көмегімен пайдаланушылардың құпия ақпаратын: логиндер, құпиясөздер, банк карталарының деректерін қолға түсіруге тырысады. Көп жағдайда фишингтік шабуыл «банктен» немесе «қаржы технолоиялық қосымшадан» келетін жедел хат немесе мессенджердегі, мысалы: «Сіздің шотыңыз бұғатталды, шұғыл түрде сілтемеге өтіп, деректерді растаңыз» деген хабарлама сияқты болады. Өту кезінде пайдаланушы ресми сайтқа емес, сырттай қарағанда шынайы интерфейс сияқты болып көрінетін жалған параққа түседі. Енгізілген деректер бірден алаяқтардың қолына түседі, содан кейін аккаунттан ақша ұрлануы мүмкін.
Өзіңізді қалай қорғауға болады? Ешқашан күдікті сілтемелерге өтпеңіз, әсіресе, хабарлама қорқыныш тудыратын немесе жедел әрекет етуді талап ететін болса. Сайттың мекен-жайын тексеріңіз — тіпті домендегі символдардың бір қате болса (мысалы, “i” орнына “l”) бұл оның жалған екенін білдіреді. Әрқашан барлық онлайн-сервистерде екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз: бұл сіздің аккаунттарыңызға кіруді бірталай қиындатады. Сондай-ақ, вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылымды, әсіресе, құрылғыңыздың қауіпсіздігіне күмәндансаңыз, үнемі жаңартып және құпиясөздерді өзгертіп отырыңыз. Сақ болыңыз және есіңізде болсын: бір де бір банк немесе мемлекеттік орган мессенджерлер немесе SMS арқылы конфиденциалды деректерді сұрамайды.
Жалған инвестициялық платформалар
Заманауи қаржылық технологиялар инвестицияларды кең аудиторияға қол жетімді етті. Алайда, салымдарға қызығушылықтың артуымен бірге алаяқтар да белсене түсуде. Алдаудың танымал тәсілдерінің бірі — жалған инвестициялық платформалар.
Қаскүнемдер шынайы қаржылық сервистерге ұқсайтын сайттар жасайды және айына 30% немесе одан да көп кепілді жоғары кіріс әкелетін «бірегей инвестициялық өнімдерге» инвестиция құюды ұсынады Азаматтардың сеніміне кіру үшін олар жалған кірістер кестесін, пікірлер жариялайды және табысты қызметтің көрінісін жасайды. Кейбір кезде тіпті инвесторға «дивидендтер» есептеледі — бұл оның ары қарай ақша құюды тоқтатпауы үшін жасалады. Біраз уақыттан кейін платформа жоғалып кетеді және онымен бірге инвестиция да ғайып болады.
Өзіңізді қалай қорғауға болады? Инвестициялық компанияның лицензиясын тексеріңіз – ақпарат реттеушілердің ресми сайттарында қолжетімді болуға тиіс. Сонымен бірге тәуелсіз платформалар мен форумдардағы пікірлерді зерделеу қажет. Сақ болыңыз: жалған пікір қалдырудың өзі – алаяқтар арасында кең таралған тәжірибе, сондықтан артық пайда туралы уәдесі бар жобаларға сенбеңіз. Сенімді компаниялар әрқашан қаржы нарықтарының тәуекелдері мен тұрақсыздығы туралы ескертеді. Есіңізде болсын: егер ұсыныс шынайы болу үшін тым тартымды болып көрінсе, бұл алдау болуы ықтимал.
P2P-платформалары арқылы алаяқтық
Пайдаланушылар арасындағы тікелей аударым платформалары (P2P) күнделікті қаржылық операцияларды едәуір жеңілдетті. Алайда, көптеген ыңғайлы технологиялар сияқты, олар алаяқтардың құралына айналды. Кең таралған схемалардың бірі: алаяқ сізден өнімді сатып алады-мыс – мысалы, хабарландырулар сайтында орналастырылған телефон. Ол жалған чек немесе аударым скриншотын жібереді және тауардың жөнелтілуін күтпестен «қатеге» сілтеме жасай отырып немесе «өз ойымды өзгерттім» деп айтып, ақшасын қайтаруды талап етеді. Басқа нұсқада алаяқ ақшаны PayPal, Cash App немесе соған ұқсас танымал сервистер арқылы аударады. Тауарды алғаннан кейін ол қолдау қызметіне жүгініп, ештеңе алмағанын мәлімдейді. Нәтижесінде, сервис қаражатты «сатып алушыға» қайтарады, ал сатушы ақшасыз және тауарсыз қалады.
Өзіңізді қалай қорғауға болады? Әрқашан шотқа қаражаттың нақты түсуін тексеріңіз – скриншоттар мен ауызша растауларға сенбеңіз. Аударым расталғанға дейін тауарды ешқашан жібермеңіз, түпнұсқа төлем сіздің аккаунтыңызда немесе үзінді-көшірмеңізде тіркелуі керек. Сондай-ақ эскроу сервисі бар платформаларды пайдаланыңыз. Бұл екі тарап мәміле талаптарының орындалғанын растағанға дейін ақшаны ұстайтын арнайы тетік. Қырағы болу және әрбір қадамды тексеру – бұл сіздің P2P-транзакция әлеміндегі алаяқтардан сенімді қорғауыңыз.
Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз
Цифрлық қақпан: алаяқтардың құрығына түсіп қалмаңыз
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Балалар Желіде: оларды қауіп-қатерлерден қалай қорғауға болады
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қазақстанда азаматтардың банкроттығы: ол қалай жұмыс істейді және қандай жаңалықтар енгізілді
Кредиттік тарих: қалайша тексеруге және жақсартуға болады