Пассивті кіріске әртүрлі қаржы құралдарының көмегімен қол жеткізуге болады. Олар жайлы толығырақ, сондай-ақ инвесторлар үшін мүмкіндіктер мен тәуекелдер туралы Fingramota.kz-тің Instagram-аккаунтындағы тікелей эфир барысында «Сентрас Секьюритиз» АҚ Аналитика департаментінің директоры Маржан Меланич айтып берді.
Қазақстанда KCSD есепке алу жүйесінде (Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі) тіркелген инвесторлардың қосалқы шоттарының саны артып келеді. Осылайша, бірінші жартыжылдықта олардың саны 367, 6 мыңнан асты, бұл ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген көрсеткіштерден 64%-ға артық. Бұл ретте жас бөлшек инвесторлардың үлесі әлі де өсіп келеді. 2022 жылдың алғашқы алты айы ішінде 18 жастан 24 жас аралығындағы брокерлік шот иелерінің үлесі көрсеткіштен 70 мың адамға асып түсіп, үш есе өсті. Аумақтық көшбасшылық – Алматы қаласының үлесінде (22 %). Содан кейін қосалқы шоттарды ұстаушы жеке тұлғалардың көп бөлігі Нұр-Сұлтан қ. (10 %) мен Түркістан облысының (9 %) үлесіне тиеді.
Қор биржасындағы инвестицияларға деген мұндай қызығушылықты қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығының өсуімен және пассивті кіріс көздерін құруға, яғни сіздің жасыңызға, денсаулығыңызға және жұмыс қабілетіңізге қарамастан сізге тұрақты түрде түсіп отыратын ақша көзін табуға деген талпынысымен түсіндіруге болады.
Қандай инвестициялық құралдар бар?
Әдетте, инвестициялар – пайда табу мақсатында ақша салу. Олар пассивті кіріске қол жеткізу мүмкіндігін береді және сіздің қатысуыңызды аса қажет етпейді, яғни ақшаны бір рет саласың және тұрақты түрде табыс тауып отырасың. Сондай-ақ, табыс көзі жоғалған және басқа да форс-мажор жағдайлары туындаған уақытта пассивті кіріс өзінше бір қаржылық қауіпсіздік жастықшасы болып табылады.
Инвестициялар үшін қор нарығының түрлі құралдарын пайдалануға болады. Мысалы, акциялар, облигациялар және т.б. Олардың құны оларды шығарған компанияға, оның қаржылық көрсеткіштеріне және т.б. тікелей байланысты болады. Бағалы қағаздарға инвестиция салу арқылы жақсы табыс тауып қана қоймай, сонымен бірге өзіңіздің салған ақшаңызды жоғалтып алуға да болады. Бірақ қаржы құралы қаншалықты көп табыс әкелсе, ақшалай қаражатты жоғалтып алу ықтималдығының да соғұрлым жоғары болатынын есте сақтау керек.
Анықтама үшін:
Акциялар – бұл компания капиталының бір бөлігі, яғни бағалы қағаздың осы түрін сатып алу арқылы сіз іс жүзінде осы компанияның иесіне айналасыз. Мысал келтірейік.
Мысалы, жақында Kaspi Bank 2021 жыл үшін өз акциялары бойынша төлемдер жасады, онда бір бағалы қағаз үшін кіріс 2900 теңгені құрады. 2021 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бір жай акциясына шаққандағы дивиденд мөлшері 876,74 теңгені құрады. «ҚазТрансОйл» 2021 жылдың қорытындылары бойынша дивидендтерге 10 млрд теңге, яғни 2021 жылғы таза пайда көлемінің 20%-ын жұмсады (салыстыру үшін: 2020 жылдың қорытындылары бойынша пайданың 91%-ы дивидендтерге кетті). Нәтижесінде 2021 жылдың қорытындылары бойынша дивиденд мөлшері 26 теңгені құрап, алдыңғы дивидендтік кезеңнің мәнімен салыстырғанда бес еседен артық азайды. KEGOC компаниясында 2021 жылдың екі жартыжылдығының қорытындылары бойынша дивиденд мөлшері 135,57 теңгені құрады. Дивидендтер бойынша жағдайдың компания басшылығының шешіміне және оның ішіндегі, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы жағдайға байланысты жыл сайын өзгеруі мүмкін екенін атап өтеміз.
Толығырақ «Бағалы қағаздар нарығы» бөлімінен оқыңыздар.
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары