«Екінші қол» сервисі: қалай банктік құрал алаяқтардан қорғануға көмектеседі

time 19.07.2026
aye 1823
«Екінші қол» сервисі: қалай банктік құрал алаяқтардан қорғануға көмектеседі

Алаяқтар алдаудың жаңа тәсілдерін күн сайын ойлап табады, бірақ ол схемалардың көпшілігі әлі де бір қағидатқа негізделген – адамды ойлануға уақыт қалдырмай тез шешім қабылдауға мәжбүрлеу. Сондықтан соңғы жылдары банктер клиенттерді қорғаудың қосымша құралдарын енгізе бастады, солардың бірі «Екінші қол» сервисі болды.

Қауіп қарттарға төніп тұр 

Кәдімгі таңғы уақытты елестетіп көріңіз. Зейнеттегі әйелге өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері болып таныстырған ер адам қоңырау шалады. Даусы сенімді, сауатты сөйлейді, ал әңгімесі алаңдаушылық туындатады: белгісіз адамдар зейнеткердің атына кредит ресімдемекші. Әйел мазасыздана бастайды. Сөйлесіп тұрған адам оны дереу әрекет ету керек деп сендіреді, болмаса алаяқтар ақшасын қолды қылмақ.

Бірнеше минуттан кейін тағы бір қоңырау түседі – енді құқық қорғау органдарының қызметкері-мыс. Ол алдыңғы сөйлескен адамның сөздерін растайды және қаражатты қорғау үшін ақшаны шұғыл түрде арнайы қауіпсіз шотқа аудару керек деп сендіреді. Содан кейін тағы бір адам – жалған қызметкер қоңырау шалады. Әрбір жаңа қоңырау үрейді күшейтеді және жағдайдың шынымен төтенше екенін сезіндіреді.

Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Оның үстіне қылмыскерлер әлеуметтік инженерия әдістерін үнемі жетілдіріп отырады. Олар шұғыл әрекет ету елесін қалыптастырады, нөмірлерді ауыстырады, өздерін банктердің, мемлекеттік органдардың, байланыс операторларының немесе курьерлік қызметтердің қызметкерлері ретінде таныстырады. Олардың басты міндеті – адамды жағдайды сабырмен бағалап, жақындарымен кеңесу мүмкіндігінен айыру.

Дәл осындай схемаларға қарсы тұру үшін «Екінші қол» сервисі жасалды.

Идея қайдан пайда болды 

Бірнеше жыл бұрын түрлі елдердің қаржылық реттеушілері телефон мен интернет-алаяқтықтың құрбаны болатын адамдарды қорғаудың қосымша жолдарын іздей бастады. Егде жастағы азаматтарға ерекше назар аударылды, себебі олар көбінесе қаскүнемдердің психологиялық қысымына тап болады.

Қазақстанда «Екінші қол» сервисін енгізу идеясы 2022 жылы кеңінен талқылана бастады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бастамашылық жасады, ол банктерге ерекше қажеттіліктері бар клиенттер мен қарт адамдардың қаржылық операцияларына қосымша бақылау жасау тетігін енгізуді ұсынды. Негізгі ой барынша қарапайым болған: егер алаяқтар адамды оқшаулап әрі оған өз бетінше шешім қабылдауға көндіруге тырысатын болса, процеске клиент сенетін адамды уақтылы қосуға мүмкіндік беретін тетік құру қажет.

Осылайша «екінші қол» - сенім білдірілген адам тарапынан маңызды операцияларды растау қағидаты пайда болды.

Сервис қалай жұмыс істейді? 

Тетік – өте қарапайым. Банк клиенті өзі сенетін адамды алдын ала таңдайды. Көбіне бұл – жұбайы немесе зайыбы, ересек ұлы немесе қызы, бауырлары немесе басқа да жақын туысы.

Қызметті қосқаннан кейін белгілі бір операциялар қосымша тексеруден өтеді. Егер клиент қомақты ақша сомасын аудару, үлкен көлемде қаражат алу немесе депозитті жабу сияқты тәуекелі жоғары санатқа жататын әрекетті жасауға тырысатын болса, банк сенім білдірілген адамға хабарлама жібереді.

Хабарды алғаннан кейін көмекші шоттың иесімен хабарласып,
мән-жайларды нақтылай алады және операцияның шынымен де саналы және ерікті түрде жасалып жатқанына көз жеткізе алады.

Сенім білдірілген адамның клиенттің шоттары мен ақшасына қол жеткізе алмайтынын түсіну маңызды. Ол қаражатты өз бетінше басқара алмайды, аудара алмайды немесе қолма-қол ақша шығара алмайды. Ол  алдын-ала айқындалған операцияларды қосымша келісуде ғана рөл атқарады.

Іс жүзінде сервис клиент пен ықтимал алаяқтар арасында тағы бір қорғау аймағын қалыптастырады.

Бұл не үшін жұмыс істейді?

Сервистің тиімділігін түсіну үшін қазіргі алаяқтардың қалай әрекет ететінін түсініп алу маңызды.

Іс жүзінде әрбір схема эмоцияларға негізделеді. Бір жағдайда адам ақша жоғалтудан қорқады, тағы бір жағдайда оған күдікті кредит туралы хабарлайды, үшінші жағдайда қиындыққа тап болған туысы туралы айтады. Кейде қаскүнемдер өз құрбанына оның дербес деректерінің қылмыскерлердің қолына түскеніне сендіреді. Адамға шұғыл түрде ресімдеу қажет болатын  сәлемдеме туралы немесе оны алу үшін төлем жасау керек болатын ұтыс туралы хабарлайтын жағдайлар да кездеседі.

Сценарийлер әр түрлі болуы мүмкін, бірақ мақсат біреу ғана, ол – адамды  ешкіммен ақылдаспай, дереу әрекет етуге көндіру.

Ықтимал құрбаны тұтқаны қоя салып, жағдайды туысы немесе досымен талқылайтын болса, оны алдап көндіру мүмкіндігінің азаятынын алаяқтар жақсы түсінеді.

«Екінші қол» сервисі іс жүзінде осындай міндетті үзіліс жасайды.

Басқаша жағдайды елестетейік. Егде адамға белгісіз біреулер қоңырау шалып, оның ұлы жол-көлік оқиғасында кінәлі болған деп хабарлайды. Мәселені реттеу үшін шұғыл түрде ақша қажет. Жақын адамы үшін қорқып, ер адам бірден ірі соманы аударуға дайын болады. Алайда операция сенімді тұлға ретінде көрсетілген қызының қосымша растауын талап етеді. Хабарламаны алған соң, ол бірден әкесімен байланысады, мән-жайларды анықтайды және әңгіме алаяқтық схема туралы екенін тез түсінеді. Нәтижесінде ақша аудару тоқтатылады, ал ақша сақталып қалады.

Мұндай жағдайларда сервис операцияны техникалық растаудан әлдеқайда маңызды функцияны атқарады. Ол адамға тоқтауға, күйзелістен шығуға және жағдайға басқа қырынан қарауға көмектеседі.

«Екінші қол» кімге пайдалы болуы мүмкін

Көбі мұндай құрал тек зейнеткерлерге ғана қажет деп санайды. Шын мәнінде оның мүмкіндіктері әлдеқайда кең.

Әрине, сервис қарт адамдарға өте пайдалы, себебі олар телефон арқылы алаяқтық объектісіне жиі айналады. Алайда қосымша бақылау цифрлық сервистерді сирек пайдаланатындар, интернет арқылы қаржы операцияларын жүргізу кезінде өзін сенімді сезінбейтіндер немесе өз жинақтарын қосымша қорғағысы келетіндер үшін де қажет болуы мүмкін.

Мұндай тетік жалғыз тұратын адамдар үшін де пайдалы болуы мүмкін. Кейбiр жағдайларда оны мүгедектiгi бар азаматтар, сондай-ақ өз жақындары үшiн қосымша қаржылық қауiпсiздiк жүйесiн құруға ұмтылатын отбасылар қосады.

Шын мәнінде, сервис кез келген адамға пайдалы болады, ол тіпті ең тәжірибелі және мұқият адамдар да кейде қатты эмоцияға немесе психологиялық қысымға ұшырауы мүмкін екенін түсінеді.

Қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі - басымдықтардың бірі

«Екінші қол» сияқты қосымша қорғау сервистері мүгедектігі бар адамдар мен қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес банктер мұндай клиенттерге олардың қажеттіліктері мен Ұлттық стандарт талаптарын ескере отырып, ыңғайлы және қауіпсіз қызмет көрсету үшін жағдай жасауға міндетті.

Бұл тек банк бөлімшелерінің қолжетімділігіне ғана емес, сонымен қатар қашықтан көрсетілетін сервистерді дамытуға, тұлғаны растау үшін «Smart Bridge» платформасын пайдалануға, сондай-ақ жекелеген қызметтерді сенім білдірілген тұлғаның қатысуымен алу мүмкіндігіне де қатысты.

Мұндай шаралар әсіресе денсаулық жағдайына немесе өзге де себептерге байланысты банк бөлімшелеріне өз бетінше бара алмайтын немесе цифрлық сервистерді пайдалану қиын азаматтар үшін маңызды.

Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге