Бүгінгі күні брокер сымақтар мен жалған инвестиция тартушы делдалдар санының күннен күнге артып, белсенді жұмыс атқарып жатқанын байқауға болады.
Алаяқтар брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асырып жатырмыз деп сендіріп, қарапайым схема бойынша азаматтардан ақша тартады: олар қолдарында қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясы болмай тұра, өздерін табысқа жеткен және болашағы бар компаниялардың қызметкерлеріміз деп таныстырады.
Жалған брокерлер қолданатын неғұрлым кең тараған әдістер мен оларды шынайы әдістерден қалайша ажырату керектігін Fingramota.kz-пен қарастырып көрелік.
Соңғы жылдары қаскүнемдер азаматтарды алдау үшін түрлі компанияларға инвестициялар тарту тақырыбын жиі қолданатын болды. Олар компаниялардың танымал инвестициялық жобаларының атаулары мен логотиптерін пайдаланады: мысалға, Halyk Finance, KAZ Minerals, Қазақмыс, ҚазМұнайГаз, олар жөнінде ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратады.
Алайда, биржа ешқашан инвестормен тікелей байланыс жасамайтынын есте сақтау қажет. Олардың арасында делдалдар болады – бұл қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясына ие және Қазақстан қор биржасының (KASE) мүшелері болып табылатын брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар.
Инвестициялық алаяқтардың ең көп таралған схемаларын қарастырайық.
1-схема. Алаяқтар жалған инвестициялық веб-сайттар жасайды және бағалы қағаздар мен криптовалюталарға инвестиция салғысы келетін азаматтарды неғұрлым көп мөлшерде тарту мақсатында өздерін инвестициялық қызметті белсенді түрде жүргізіп жатқандай етіп көрсетеді. Алаяқтар әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізеді, хабарламалар таратады және белсенді жарнамалары бар жалған сайттарға сілтемелер орналастырады. Ықтимал құрбандардың санын көбейту, сондай-ақ олардың сеніміне кіру үшін алаяқтар криптобиржаларда жұмыс істеуге арналған тегін тренингтер өткізеді. Олар тыңдаушыларды жинайды, цифрлық активтерден қалай ақша табуға болатынын үйретеді және әлеуетті құрбандарға ақшалай қаражатты сенімгерлік басқару қызметін ұсынады. Мұның қалай аяқталатынын болжау қиын емес.
2-схема. Бүгінгі күні көптеген ірі компаниялар қосымша инвестициялар тарту үшін өз акцияларын қор нарығына орналастыруда. Алаяқтар өздерін әр түрлі компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын IPO шеңберінде тартуы мүмкін. Жалған брокерлер компанияның танымалдылығын пайдалана отырып, әрбір салымның кепілдендірілген кіріс әкелетініне сендіреді. Оның дәлелі ретінде олар жалған инвесторлардың фейк пікірлерін жариялап отырады. Клиент оған сенім артып, банк шотына не «жеке менеджердің» картасына ақша аударғаннан кейін, алаяқтар оларға жалған есептер мен төлем кестесін ұсынады, салған салымнан едәуір пайда түседі деп сендіреді.
Ақшаны алдап алудың әр түрлі әдістері бар, соның бірін клиент компанияның заңды қызметіне күмәнданғанда, олардың заңдылығын тексере бастағанда немесе өз шотынан «еңбекпен тапқан» ақшасын алған кезде ғана байқайды, оған дейін алаяқтар өз істерін бірнеше рет қайталап үлгереді. Бұл жағдайда алаяқтар қосымша ақша талап етіп, клиентке ақшаны қайтарудан жалтарады, содан кейін клиенттің ақшасымен мүлдем жоқ болып кетеді.
Жалған брокерлерді қалай танып білуге болады:
Назар аударыңыз! Брокерлік қызметтерді көрсететін компаниялардың қызметтері «Бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңымен регламенттеледі. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қарапайым азамат қор биржасынан бағалы қағаздарды өз бетімен сатып алуға немесе сатуға құқылы емес.
Азаматтар оны нарықтың кәсіби қатысушысы – брокер арқылы ғана жасай алады. Брокердің қолында міндетті тәртіпте бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы және ол биржаның тікелей қатысушысы болуға тиіс.
Қор нарығындағы инвестициялар әрдайым әртүрлі тәуекелдермен, оның ішінде нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен сабақтас келеді. Сондықтан, адал брокер инвестицияны жоғалту тәуекелдері туралы ескертпей, жоғары табысқа уәде бермейді, сонымен қатар жалған өткізілетін «Халықтық IPO» шеңберінде инвестициялардың қайтарылуына тіпті кепілдік бермейді.
Fingramota.kz қызметін тек қана түсінікті және ашық құқықтық аяда жүзеге асыратын компаниялармен шарттық қатынастар жасауды ұсынады.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды