Инвестициялық делдалды алаяқтан қалай ажыратуға болады

time 21.10.2021
aye 6557
Инвестициялық делдалды алаяқтан қалай ажыратуға болады

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2021 жылғы маусымнан бастап уәкілетті органның лицензиясы жоқ және жоғары кірістілікке кепілдік бере отырып инвестициялық мақсаттар үшін клиенттердің ақшасын тартатын жосықсыз делдалдардың тізімін жариялауда. Оларға қаржылық қызметтерді тұтынушылардан жүздеген шағым түседі.

Fingramota.kz алаяқтарды қалай танып-білуге болатыны және өзін «инвестициялық компания» ретінде көрсететін ұйымның лицензиясын қалай тексеруге болатыны туралы айтып береді.

Негізінен азаматтар Агенттікке Қазақстанның резиденттері болып табылмайтын, олармен шартты электрондық түрде жасаған инвестициялық компанияларға шағыммен өтініш жасайды. Бұл ұйымдардың бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға қаржы реттеушісінің лицензиясы жоқ және Агенттік Қазақстан заңнамасына сәйкес олардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асырмайды.

Сонымен бірге өтініштердің бір бөлігі қаржылық алаяқтықпен байланысты. Қаскүнемдер өздерін әлемдік нарықтарда белгілі инвестициялық компаниялар ретінде таныстыра отырып, азаматтардан конфиденциалды ақпарат пен ақшаны алаяқтық жолмен алдап сұрайды.

Алаяқтар қандай схемалар ойлап тапты?

Алаяқтық схемалар көп жағдайда Forex нарығымен байланысты және онлайн режимде жасалады. Алаяқтар брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асырамыз деген сылтаумен валюта нарығында операциялар жүргізілетін сайтты пайдаланушы азаматтардан ақшаны алдап алып қояды. Қаскүнемдер  сайтты пайдаланушымен жалған қалалық нөмірлер, электрондық пошта арқылы өзара байланысып, қалтқысыз сендіру үшін халықаралық банктік брендтердің атынан хаттар жолдап, табысты және болашағы зор компанияның бейнесін жасайды.

Кейбір жағдайларда олар пайдаланушының қырағылығын сейілту және өздерінің қызметін растау үшін олар ақша қаражатын салу ұсыныстарымен жалған бизнес-жоспарлар жібереді. Пайдаланушы өз еркімен белгілі бір соманы жібергеннен кейін, жалған брокерлер оларға ақшаның әртүрлі себептермен «банктен шықпай жатқанын» айтып, оны алу үшін белгілі бір пайыз төлеу қажеттілігін айтады. Психологиялық әсер ету түрлерін епті пайдалана отырып, алаяқтар сайт пайдаланушысын алдап, қосымша қаражат түсіруге тырысады. Мұндай айла-шарғы пайдаланушының  мұндай компания қызметінің заңдылығына  күмәндана бастап, олардың заңдылығын тексергенге дейін табысты жұмыс істейді. Алайда, осы жағдайда да алаяқтар өздерін түрлі қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, әлеуметтік инженерия әдістерін қолданумен қосымша жарналар төлеуді сұрайды. Салымдарын қайтарғысы келетін «құрбанның» қалауы ескеріліп, мұндай схема бірнеше рет іске асырылуы мүмкін. Аталған схеманың тетігі мен оны өңдеу инвесторлардың сеніміне және оларға психологиялық  қатты қысым көрсетуге негізделеді.

Толығырақ «Бағалы қағаздар нарығы» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге