Кері байланыс: ақпанда жиі қойылған сұрақтарға жауаптар

time 14.03.2022
aye 6466
Кері байланыс: ақпанда жиі қойылған сұрақтарға жауаптар

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтармен жедел өзара әрекет ету үшін барлық ықтимал коммуникация арналарын пайдаланады.

Қаржы реттеушісінің, қаржы ұйымдарының, реттелетін субъектілердің қызметі туралы халыққа арналған ақпараттың қолжетімділігін және толық болуын арттыру мақсатында Агенттікте 2021 жылғы 24 мамырдан бастап +7 727 237 1000 нөмірі бойынша call-орталық жұмыс істейді. Сall-орталық арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру мәселелері бойынша консультациялар ала алады. Сонымен қатар қаржы, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен тікелей шұғыл сипаттағы мәселелерді жедел шешу мүмкін болды. Халықпен жедел өзара  әрекет ету және кері байланысты нығайту мақсатында Агенттікте 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Ағымдағы жылғы ақпанда азаматтар кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және қаржыны жоспарлауға байланысты сұрақтарды белсенді түрде қойды.

Сұрақ: Өз кредитім бойынша төлемдер мерзімін кейінге қалдыру үшін банкке өтініш беруге үлгеремін бе? Менің бизнесім Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде зардап шекті.

Жауап: Иә, сіз банкке қоса алғанда ағымдағы жылғы 4 сәуірге дейін тиісті өтініш бере аласыз, одан кейін кредитор ақы төлеу мерзімін кейінге қалдыру туралы тиісті шешім қабылдайды. Өтініш еркін нысанда жасала алады, ең бастысы – онда кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру себебі қамтылуға тиіс, міндетті түрде қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса беріңіз. Мысалы, қаржылық есептілік, зиянның фото/видеосы, ауруханадан анықтама және т.б.

Кредиттік ұйымға өтінішті қашықтан жібере аласыз: электрондық почта, онлайн-жүйе, интернет-ресурс, мобильдік қосымша, басқа байланыс арналары немесе банк бөлімшесіне бару арқылы.

Еске сала кетейін, банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешектің туындау жағдайларын болдырмау мақсатында Агенттіктің 2022 жылғы 10 қаңтардағы бұйрығымен Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібі бекітілді.

Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру:

    - қарыз мерзімінің соңына дейін бұрын кейінге қалдырылған төлемдерді біркелкі бөлу түріндегі төлемдердің жаңа кестесін белгілеу;

    - төлемдер мөлшерін сақтай отырып, қарыз мерзімін ұлғайту;

    - кредиттік ұйымның қарыз алушымен келісілген банктік қарыз және (немесе) микрокредит шартының талаптарын өзгерту нәтижесінде өзге де кесте арқылы ұсынылады.

Банк кредиттік шарт бойынша негізгі борыш және сыйақы бойынша төлемдерді қарыз алушы ретіндегі Сіздің қаржылық жай-күйіңіздің нашарлауы немесе төтенше жағдай кезеңінде келтірілген залал туралы ақпарат болған жағдайда тоқтата тұрады.

    Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру кезеңіне кредиттік ұйым:

    - қарыз алушының банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша айыпақы (айыппұлдар, өсімпұлдар) есептемейді және төлеуді талап етпейді;

    - банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш сомасына есептелген және мерзімі өткен сыйақыны, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) капиталдандыруды (жинақтауды) жүзеге асырмайды.

    Ақы төлеу мерзімін кейінге қалдыруды ұсынудан негізсіз бас тартылған жағдайда, Сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне растайтын құжаттарды қоса берумен жүгінуге құқылысыз. Агенттік сіздің өтінішіңіздің негізінде өз құзыреті шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық етеді және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін оның іс-әрекеттеріне баға береді.

Сұрақ: Мен алимент алу үшін кез келген банктен арнайы шот аша алатыным және бұл ақшаға ешкім де тыйым сала алмайды деген рас па?

Жауап: Иә, бәрі дұрыс. 2019 жылдан бері Қазақстанда кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға алименттерді, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтары төлемдерін, білім беру жинақтау салымдарын есепке жазуға арналған «қол сұғылмайтын» шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салу көзделген. Клиент өтініш жасаған кезде банктер оларға есепке жазу үшін ашылатын төлемдердің атауын көрсетумен «арнайы шот» белгісін қояды.

Заңнамаға сәйкес арнайы шоттағы ақшаға:

- тыйым салуға;

- банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптары бойынша, сот орындаушыларының инкассолық өкімдері бойынша өндіріп алуға рұқсат етілмейді.

Арнайы шотты сіз кез келген банктен, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ-тан ашуыңызға болады. Жеке басты куәландыратын құжаттан басқа, ағымдағы шоттың мақсатын қамтитын өтініш беру қажет. Бұл ретте сізге алимент алушы ретінде (кәмелетке толмағандарды және кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақша) алимент өндіріп алу туралы сот актісінің көшірмесін немесе Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекске сәйкес жасалған, оларды төлеу туралы нотариат куәландырған келісім қосымша ұсынылады.

Арнайы шоттарды ашу тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысында жарияланған клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында көзделгенін атап өтемін.

Арнайы шотты ашпас бұрын, шарттың талаптарын мұқият және ежей-тегжейлі зерделеңіз, егер бір нәрсе түсініксіз болса, кеңес алу үшін банкке хабарласыңыз. Ешқашан банктік шартқа онымен таныспай қол қоймаңыз!

Сұрақ: Менің жұбайыма банктен қоңырау шалып, ол жуық арада онлайн-кредит ресімдеді ме деп сұрады, оны білу үшін жұбайымның карточкасының нөмірін, сырт жағындағы кодты және оның қолданыс мерзімін сұрады. Жұбайым оларға деректерді айтпады, алайда жұбайымның  шын мәнінде банктен телефон шалды ма деген күмәні сейілмеді.

Жауап: Сіздің жұбайыңыз дұрыс істеді! Бұл қоңырау шалғандар көбінесе банктердің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз деп өздерін таныстыратын алаяқтар болуы мүмкін. Олар сіздің атыңызға жалған кредит  ресімделгенін немесе қазіргі уақытта біреу сіздің шотыңызға шабуыл жасап жатқанын хабарлауы мүмкін және осылайша жинақтарды «сақтап қалу» үшін шұғыл түрде ақшаны «қауіпсіз» шотқа аудару қажет деп айтады. Алаяқтықтың бұл түрі вишинг деп аталады.

Қаскүнемдер үшін төлем карточкаңыздың толық деректемелерін кез келген тәсілмен біліп алу өте маңызды. Осы ақпараттың көмегімен олар сіздің банктік шотыңыздағы ақшаны бірден алуы мүмкін, тіпті сізге айтпай жалған  кредиттер ресімдеуі де мүмкін.

Вишингтен қорғану үшін мынадай қауіпсіздік қағидаларын сақтаңыз:

1. Қоңырау шалушы ақша және оны «жоғалтып алмау» туралы айта бастағанда бірден сөйлесуді аяқтаңыз!

Банк қызметкерлері сіздің конфиденциалды деректеріңізді ешқашан сұрамайды және бірінші болып қоңырау шалмайды. Егер банк операцияны күдікті деп санаса, онда олар сіздің шотыңызды бұғаттайды, содан кейін бәрін анықтайтын болады.

Сізбен қаржы алаяқтарының хабарласқанына көз жеткізу үшін сізге қызмет көрсетілетін банкке оның жедел желі нөмірін өз бетіңізше тере отырып жүгіну қажет.  Алайда, қандай жағдай болмасын, өзіңізге хабарласқан нөмірге қайта қоңырау шалмаңыз. Алаяқтар заманауи технологиялардың көмегімен кез келген, тіпті төрт мәнді телефон нөмірлерін де жасауды үйреніп алған.

2. Бірінші қоңырау шалған адамға деректеріңізді айтуға асықпаңыз, банкте Сіздің деректеріңізді онсыз да біледі !

Шын банк менеджеріне сіздің тегіңізді; төлқұжат деректерін; қандай карталар ресімделгенін; оларда қанша ақша қалғанын нақтылау үшін қоңырау шалудың қажеті жоқ. Банкте сіздің толық қаржылық досьеңіз – кредиттік тарихыңыз бар. Сондықтан банк қызметкерлері мұндай сұрақтармен сізге ешқашан телефон арқылы хабарласпайды. Бұл ақпарат тек алаяқтарға ғана құнды.

Банктер клиенттерден телефон арқылы карточканың толық нөмірін; оның қолданыс мерзімін; CVC/CVV; интернет-банкингтің логині мен паролін; код сөзін, SMS-хабарлама кодын сұрау үшін ешқашан қоңырау шалмайды, есіңізде болсын. Бұл деректерді банк сіз өзіңіз сол жерге қандай да бір мәселені шешу үшін қоңырау шалған жағдайда ғана сұрауы мүмкін. Мысалы, шетелге барған кезде картаны бұғаттан босату, қайта шығарылған картаны қайдан алуға болатындығын нақтылау және т. б. Егер олар сізге қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері деп таныстырып, осындай ақпаратты сұраса, тіпті оны автоматты жауап беру құрылғысына айту керек болса да, бұл алаяқтар екендігіне күмәнданбаңыз.

Ешқандай жағдайда қоңырау шалушылардың нұсқауларын орындауға болмайды: ақша аудармаңыз, күмәнді қосымшалар орнатпаңыз және қаржы ұйымдарының жалған қызметкерлерінің талаптары бойынша SMS-хабарламалардан сілтемелер бойынша өтпеңіз.

3. Егер сізді телефон алаяқтары қорқытуға тырысса, дүрбелеңге салынбаңыз!

Сіздің картаңызда күрделі мәселе бар деген дүрбелеңді мәндегі мәлімдемеге ең жақсы жауап: «Мен қазір оны өзім тексеру үшін банкке қоңырау шаламын». Қоңырау шалушы бірден өшетініне сенімді болыңыз.

Сұрақ: Егде жастағы ата-аналарыңызға қаржы алаяқтарынан қалай сақтануға болатындығына кеңес берсеңіз?

Жауап: Біліміне, жұмыс саласына, мәртебесіне қарамастан кез келген адам алаяқтардың құрбаны бола алады. Бірақ көбінесе цифрлық әлемге дайын емес қарт адамдар – зейнеткерлер қаржы алаяқтарының айла-амалдарына түседі. Неге бұлай?

Егде жастағы адамдар - бұл оңай алдауға болатын адамдар санаты, олардың сенгіштігіне байланысты оларды оңай басқаруға болады, оларды адастыру жеңіл. Егде жастағы адамдар зейнетақы түрінде тұрақты табысқа ие, бұл алаяқтардың ерекше назарын аударады. Олар заманауи технологияларды жақсы білмейді, олардың барлығы интернеттегі, мобильді банкингтегі ақпаратты тексере алмайды, сондықтан зейнеткерлер қаскөйлердің айла-амалдарына жиі түседі. Төлем карталарын пайдалануға үйренбеген егде жастағы адамдар өздерінің дербес деректерін алаяқтарға оңай беруі мүмкін.

Қарт адамдарға көбінесе қарым-қатынас жетіспейді, сондықтан олар оңай байланысқа барады, оны алаяқтар пайдаланып кетеді. Олар «полиция», «банк қызметкері», «әлеуметтік қызметкер» сияқты сөздерді немесе «тегін» деген сиқырлы сөзді айтқандардың бәріне сенеді.

Алаяқтар әрдайым сендіріп сөйлейді, мұқият тыңдайды, сыпайылық танытады, егжей-тегжейлі түсіндіреді, көмектесуге деген сөзсіз сенімді тудырады және осылайша, қарт адамдарды айтпағанда, қаржылық сауатты адамды адастыруы мүмкін. Қаскүнемдер барлық қолжетімді әдістерді белсенді қолданады. Өз тәжірибесінде олар психологиялық, эмоционалдық тәсілдерді, әлеуметтік инженерия мен IT-технологияларды қолданады, олардың көмегімен азаматтардың конфиденциалды ақпараты мен жеке деректерін алады.

Адамдардың жасына қарамастан өз карточкалары мен шоттары туралы конфиденциалды ақпаратты өздері беретінін атап өткім келеді. Өз еріктерімен түрлі вирустық қосымшаларды жүктейді және фишингтік сайттарға өтеді, сол арқылы өздерінің ақшасына қол жеткізу мүмкіндігін береді.

Қарт адамдарға мына кеңестерді оқып беріңіз және оларды әрдайым естеріне түсіріп отырыңыз:

- Бейтаныс адамдарға, тіпті олар өздерін банк, құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе мемлекеттік әлеуметтік қызметкерлер деп таныстырса да, сөзсіз сенуге болмайды. Оларға есік ашпаңыз, әрқашан келушілерден құжаттарды ұсынуын сұраңыз;

- Егер олар қаржы ұйымдарынан деп қоңырау шалып, аты-жөніңізді айтып, сіздің мекенжайыңызды білетіндігін жеткізсе де, бұл адамдар олардың ресми өкілдері дегенді білдірмейді. Кез келген деректерді түрлі тәсілдермен, соның ішінде интернет арқылы оңай алуға болады. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері, қаржы ұйымдары колл-орталықтарының операторлары ешқашан жеке деректерді телефон арқылы сұрамайды. Мұндай конфиденциалды деректер тек алаяқтарға керек;

- Міндетті түрде қызметкердің аты-жөні мен лауазымын сұраңыз және атынан өкілі ретінде мыс, қоңырау шалған ұйымның колл-орталығына өзіңіз хабарласып қайта тексеріңіз. Егер жақын адамыңыз бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, өзінің қиындыққа тап болғанын айтса, оған ақша аударуды сұраса, сөйлесуді доғарып, оған жеке қоңырау шалыңыз;

- Ешқандай жағдайда, тіпті бұл тауарлар нұсқаулықтармен және сертификаттармен жабдықталған және үлкен жеңілдікпен сатылса да, дәрі-дәрмектер мен медициналық аппараттарды өздерін медицина қызметкеріміз деп таныстырған адамдардан сатып алмаңыз. Есіңізде болсын, бұл құжаттардың барлығын қолдан жасау оңай, ал бұл дәрі-дәрмектің бағасы дәріханаларда бірнеше есе төмен және зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылуы да мүмкін;

- Ақша қаражатын үйде сақтамаңыз, мүмкіндігінше банкте депозит ашқан дұрыс (мысалы мерзімсіз);

- Зейнетақы алатын күндері банкоматтарға туыстарымен немесе сенетін адамдармен барған жөн;

- Еш уақытта және ешкімге өз дербес деректеріңізді, банктік картаңыздың деректемелерін, картаңыздың қолданылу мерзімін, картаның сыртқы бетінде көрсетілген үш таңбалы кодты (CVC/CVV), құпия сөзді және ақшалай қаражат қалдығы туралы айтпаңыз;

- Егер сіз қандай да жағдаймен өз дербес деректеріңіз туралы ақпаратты жария етіп қойсаңыз, онда картаңызды дереу бұғаттау және туысыңыздың көмегімен банктік қосымшадағы құпиясөзіңізді ауыстыру үшін банкке қоңырау шалу қажет.  Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгіну қажет. Алаяқтар сіздің атыңызға кредит ресімдемегенін тексеру үшін ХҚКО-дан, кредиттік бюродан немесе egov.kz порталы арқылы өз кредиттік есебіңізді сұратуыңыз керек. Ұялудың қажеті жоқ, цифрлық технологияларды жақсы түсінетін жақын туыстарыңыздың көмегінен бас тартпаңыз. Ақша мәселесіне келгенде әрқашан абай әрі мұқият болыңыз! 

Сұрақ: Шығыстарымыз мен кірістерімізді жазып жүру не үшін қажет? Қандай қаржылық әдеттерімізді тәрбиелеу керек?

Жауап: Қаржы – бұл басқарылуын үйрену қажет ресурс. «Қаржылық жоспарлау» тіркесі «үнемдеу» дегенді ғана білдірмейді. Бұл ақшаны дұрыс басқару, демек, өз шығыстарыңыз бен кірістеріңізді сауатты жоспарлау дағдысы. Мысалы, кейбір отбасыларға өз бюджетін жазбаша түрде жүргізу тән. Ал бұл әдет барынша пайдалы болмақ. 

Өз шығындарыңызды не үшін және не себепті белгілеп отыру қажет? Біріншіден, ағымдағы қаржылық жағдайды түсіну үшін. Сіз қаражаттан қаражатқа дейін өмір сүресіз бе, жоқ әлде борыштық шұңқырдасыз ба, бұны қалай түзетуге болады, соны анық түсінуіңіз қажет. Екіншіден, алынған ақпарат өз қаржылық әдеттеріңізді өзгерту үшін қажет. Егер бір отбасы өмірін «ақшаны көрпе астында» сақтау қажет деген сеніммен жалғастырып, еңбекақыны бір айға созуды әдетке айналдырса, басқалары ақшаны ақылмен жұмсайды және үнемдейді, тіпті, мысалға, қор биржасында ойнау арқылы пассив табыс тауып отыр. Кейбір азаматтарымыз өз қаржылық мақсаттарына қол жеткізуге көмектесіп отырған өз қаржылық жоспарлары бар, ал кейбірі ертеңгі күндеріне жоспар құрмай, бүгінгі күнмен өмір сүреді және күтпеген қаржылық шығындарға мүлдем дайын емес болады. 

Біздің әдеттеріміз өміріміздің әрбір сатысында маңызды рөл атқарады. Олар жақсы болсын, жаман болсын, сіздің қаржыңызға әсер етеді. Тіпті біз үшін елеусіз қаржылық әдеттеріміз уақыт өте келе үлкен әсер иесі бола алады: алдымен біздің даму бағытымызды аздап өзгертеді, ал біршама уақыт өткеннен кейін бастапқы бағыттан ауытқу бұрышы мүлдем теріс жаққа өзгеруі мүмкін. Сол себепті, кішкентай әдеттеріміз үлкен нәтижелерге алып келе алатынына еш уақытта күмән келтірмеңіз. 

Сонымен, бұл әдетке айналуы үшін жүйелі түрде не істеп отыру қажет:

- Өз шығыстарыңызды талдап отырыңыз. Әрбір жасаған саудаңызды жазып алып отырыңыз, бұл ақшаны қаншалықты тиімді жұмсап отырғаныңызды түсіну үшін, сондай-ақ қажет емес шығындарды есептеп шығару үшін қажет. Осылайша, импульсивті саудадан үнемдей отырып, сіз бұл ақшаны депозитке салып қоя аласыз. Айтпақшы, сіз кез келген смартфонға жүктеп алуға болатын қаржылық жоспарлауға арналған түрлі сервистерді қолдана аласыз. 

- Қаржылық жоспар құрыңыз және толығымен сол жоспармен жүріңіз. Бұл – өте маңызды тармақ, соның арқасында сіз қаржылық бағамнан шатаспайсыз. Мысалы, сіздің шетелде демалу үшін ақша жинағыңыз келеді делік. Алдымен өзіңізге қажетті соманы есептеңіз және мақсатыңызды жүзеге асыратын мерзімді белгілеп алыңыз. Ол үшін ай сайын қанша ақша жинауыңыз керектігіне талдау жасаңыз. Өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізді ескеріңіз. Алайда, ақша жинау барысында сіз жаппай үнемдеу режиміне ауысып кетпеуіңіз керек. Өзіңізге бақыт сыйлайтын қарапайым нәрселерден бас тарту арқылы сіз көптеген теріс эмоцияларға тап боласыз және рухани күйзеліске ұшырайсыз. Отбасылық бюджетті үнемдеу өзіңізді барлық нәрседен шектеуге емес, өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Мүмкіндіктерге қарай өмір сүру – дұрыс қағида. Десек те, кейде өзіңізді және өз жақындарыңызды қуанту керек екендігін естен шығармаған жөн.  Мүмкін бұл киноға, ойын-сауық саябағына, кафеге немесе театрға бару шығар. Ойын-сауық пен жанға жайлы сәттерге кететін шығындарды жоспарланған бюджеттің аясынан шықпай, алдын ала ойластырып қоюға тырысыңыз.

- Қаржылық қауіпсіздік жастықшасын жасаңыз. Өмірде түрлі күтпеген жағдайлар (форс-мажор) орын алуы мүмкін, ондай уақытта «өмір ағысында» қалу үшін қосымша ақша керек және оның алты еңбекақы мөлшерінде болғаны дұрыс. Бұл – қол сұғылмайтын қор, оны депозитте сақтаған дұрыс.

- Кредиттерге, әсіресе, кредит карталарына мұқият болыңыз. Жиі жағдайда кредит карталары бізді қажетсіз шығындарға итермелейді. Қалтамыз көтере алмайтын нәрсеге қатты қызығып кетеміз. Содан кейін қомақты пайыздарды төлеуге тура келеді. Солай бола тұра,  сіз өзіңізге кредит және/немесе кредит картасы қажет деп шешсеңіз, қарыз шартымен мұқият түрде танысып шығыңыз. Тиімді ұсыныстарды таңдаңыз. Кешбэкті пайдаланыңыз. Және мерзімді кешіктірмеуге тырысыңыз. Жалпы, ақшалай немесе тауар түріндегі кез келген кредит пен бөліп төлеу мәселесіне қатысты мұқият болыңыз.

- Қол қоюдан бұрын кез келген шартты зерттеңіз. Бұл – ең дұрыс әрі пайдалы әдет. Қолайсыз жағдайға тап болмау үшін қол қоюдан бұрын шарттың барлық тармағын мұқият оқып шығыңыз. Қажет болатын жағдайда, талдау жасау үшін менеджерден уақыт беруді сұраңыз, шартты үйіңізге әкетіңіз және заңгерлерден кеңес алыңыз.  

- Пассивті кіріс табыңыз. Бұл – сіздің күнделікті қызметіңізге байланыссыз тұрақты түрде түсіп отыратын және сіз оны өз мақсаттарыңызды іске асыруға жұмсай алатын ақша. Пассивті кіріс нұсқаларының бірі – банктегі салым немесе бағалы қағаздарға салынған инвестициялар. Жылжымайтын мүлік пен интеллектуалдық меншік те пассивті кіріс әкеле алады.

- Кез келген тәуекелге дайын болыңыз. Сақтандырудың өмірді, денсаулықты, жылжымайтын мүлікті сақтандыру тәрізді түрлі бағдарламаларын зерттеңіз. Бұл жерде болашақта сақтандыру арқылы барлық шығынның орнын толтыру үшін қол қоюдан бұрын сақтандыру шартының барлық талаптарымен мұқият танысып шығу қажет.

- Үнемі өзіңіздің қаржылық сауаттылығыңызды арттырып отырыңыз.  Қаржылық тұрғыдан сауатты азаматтар, мысалы, қаржы алаяқтарының қандай әдістер мен тәсілдерді қолданатынынан хабардар, қаржы пирамидаларының белгілерін біледі, қаржы әлемінде дұрыс әрекет ете алады, қаржы өнімдері мен қызметтерін жетік біледі. Қаржылық сауаттылықтың қыр-сырын балаларыңызға үйретіңіз. Оларға күнделікті шығындарына қажетті ақша беріңіз және қаржылық мақсаттарына жетуді үйретіңіз! Қаржылық сауаттылықты бала кезден бастап үйрету керек!

 

 

white-arrow Тізімге