«Киберқалқан»: Қазақстанда алғаш рет қаржылық киберқауіпсіздік бойынша студенттік хакатон өтті

time 6.11.2025
aye 444
«Киберқалқан»: Қазақстанда алғаш рет қаржылық киберқауіпсіздік бойынша студенттік хакатон өтті

Fingramota.kz және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, сондай-ақ Нархоз университетінің Экономика және менеджмент мектебі бірлесіп, елімізде алғаш рет студенттер арасында республикалық «Киберқалқан: заманауи қауіптер және қаржылық қорғаныс тәсілдері» атты хакатон өткізді.

Іс-шараға Алматы, Астана, Шымкент, Талдықорған және Орал қалаларынан сегіз жоғары оқу орны қатысты. Олардың қатарында — Нархоз университеті, AlmaU, «Мирас» университеті (Шымкент), Алматы технологиялық университеті, UIB, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті (Талдықорған), Қазақ-Америка университеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті (Орал).

Хакатонның мақсаты — азаматтарды кибералаяқтықтан қорғауға және цифрлық ортада қаржылық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған практикалық идеялар, сервистер мен жобаларды әзірлеу және ұсыну

Байқаудың міндеттеріне мыналар кірді:

* жаңа технологиялар мен әлеуметтік инженерия әдістеріне негізделген өзекті алаяқтық схемаларын анықтау;

* пайдаланушыларды онлайн-алаяқтардан қорғауға көмектесетін қарапайым және қолжетімді шешімдерді әзірлеу.

Байқауға барлық мамандықтар бойынша (бакалавриат бағдарламалары) студенттер қатыса алды. Үш адамнан құралған командалар өз жобаларын сипаттама, презентация және блиц-қорғау форматында ұсынып, әзірлеген идеяларының практикалық қолданысын көрсетті.

Қатысушылардың жұмыстарын бағалаған қазылар алқасына ҚНРДА өкілдері (қазылар алқасының төрағасы), Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, «Forte Finance» АҚ, Нархоз университетінің, ҚР Ұлттық банкінің Антифрод орталығы мен Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері кірді.

Ұйымдастырушылар студенттердің цифрлық қаржылық қауіпсіздік тақырыбына деген жоғары қызығушылығын атап өтіп, «Киберқалқан» хакатоны жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналып, 2026 жылы қайта ұйымдастырылатынын хабарлады.

white-arrow Тізімге