Кибералаяқтардың көздегені бір мақсат: өзіңізді және балаларыңызды олардың қулықтарынан қалай қорғауға болады

time 29.05.2023
aye 7291
Кибералаяқтардың көздегені бір мақсат: өзіңізді және балаларыңызды олардың қулықтарынан қалай қорғауға болады

Қазіргі заманда, IT-технологиялар эволюциясы қарқынды дамыған ғасырда интернет біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің әр таңымыз push-хабарлама қоңырауынан басталады, таңғы ас кезінде жаңалықтар арнасын оқимыз, жұмыста белгілі бір ақпарат алу үшін желі кеңістігін қолданамыз. Бірақ Интернеттен ақпаратты жедел алғанымызбен қоса, киберкеңістікте бізді торуылдайтын қауіптерді де ұмытпауымыз керек.

Интернет кеңістігінде бізді қандай киберқауіптер бағып тұрғанын және олардан қалай қорғануға болатынын, ересектер мен балаларға интернеттегі қауіпсіздік туралы нені білу маңызды екенін Fingramota.kz жобасына киберқауіпсіздік, АТ және коммуникациялар саласындағы тәуелсіз сарапшы Евгений Питолин айтып берді.  

Бүгінгі күні цифрлық әлем біздің өмірімізге мықтап енді. Алайда, IT технологиялардың дамуымен қатар, алаяқтар да алдаудың жаңа әдістерін ойлап табуда. Евгений, кибершабуылдың ең көп таралған түрлері туралы айтып беріңізші

АТ-технологиялар қарқынды дамып келеді. Олардан қалыспай алаяқтардың жаңа алдау амалдары мен әдістері көбейіп келеді. Алаяқтар «трендке» еніп алуға, өздеріне тиесілі емес нәрсеге ие болу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысып бағады. Мұндайда: фишинг, әлеуметтік инженерия әдістері, кардинг, телефон арқылы алаяқтық, зиянды бағдарламаларды тарату сияқты амалдардың барлығы қолданылады. Олар жәбірленушінің әлсіз тұсын сезіп қана қоймай, оның қырағылығын жоғалтуы мүмкін нәрсені дәл ұсына алады. Мысалы, телефон арқылы ақшаны алдап алу кезінде алаяқ өте тез сөйлей бастайды, қорқытады және жәбірленушіге ойлануға мұрша бермейді. Әлеуметтік инженерияны қолданған кезде ол адамның сеніміне еніп, өзін жасырын қорғаушы бейнесінде көрсетеді.  Кардинг кезінде ол Интернеттегі деректеріне жеңіл-желпі қарайтын құрбанды табады.

Жалған сайттар, дауысты өзгертіп жасалатын алаяқтықтың күрделі сценарийлері, маркетплейстерде алдаудың ондаған тәсілі, аккаунттарды бұзу және достарыңыздың немесе танымал тұлғалардың цифрлық егіздерінің атынан бопсалау – міне қазақстандықтарды цифрлық әлемде не күтіп тұрғанының аз ғана мысалы. Сондықтан кез келген жағдайда қырағылық сақтау, ақпараттық жағынан білімді болу және сыни тұрғыдан ойлау маңызды.

Кардинг дегеніміз не және интернетте онлайн сатып алу кезінде азаматтарды бұзып кіруден қалай қорғауға болады?

Қаскүнемдер кардинг арқылы иесінің қатысуынсыз банктік картаны пайдаланып операция жасайды. Статистикаға сәйкес, 10 әуесқой онлайн-сатып алушының ең аз дегенде 9-ы өз банктік карталарын барлық сайттар мен қызметтерге тіркеп қоятындықтан, оларды оп-оңай бұзуға болады. Ақшаңызды ұрлатпау үшін, ең алдымен, антивирустық қорғауды қолдану керек және ешқашан күмәнді серверлерде жеке ақпаратты қалдырмау керек. Құпиясөздерді және банк картасының нөмірін ол жерде сақтамаңыз. Ең дұрысы банктік карта бойынша жүргізілген операциялар туралы хабарламаларды қосып алыңыз және қырағы болыңыз.

Негізгі шоттармен байланысты емес виртуалды карта жасап алыңыз, оған тек бір айға немесе бір реттік сатып алуға арналған соманы ғана салыңыз. Картаны бейтаныс қызметтерге немесе сенімсіз маркетплейстерге тіркемеңіз.

Жазғы демалыс кезеңі де жақындап қалды. Әдетте, ата-аналар балаларын қауіпті адамдардан қорғау мәселесі толғандырады, ал Желідегі ересектерге арналған контенттен қорғау жөнінде көп ойламайды. Сіз ата-аналарға және олардың балаларына не айта аласыз? 

Қазір қандай да бір гаджет қолданбайтын заманауи баланы елестету қиын. Интернетте шынымен де пайдалы ақпарат көп.

Үйден шықпай ақ тілдер үйренуге немесе қосымша оқу мүмкіндіктері бар. Алайда, оның да екі ұшы бар. Желіде бала түрлі проблемаларға тап болуы мүмкін. Мысалы, буллингпен, кибералаяқтармен, бопсалаумен және баланың ересектердің көмегінcіз арылуы қиын болатын түрлі салдарлар. Бұл ретте, ата-аналардың басты міндеті  - баланы Интернетке шығуға дайындау. Оған желіде кездесетіндер жөнінде айтып беру, ең бастысы, тығырыққа тіреліп, өзін жаман сезінген жағдайда, ол жөнінде ата-анасына ашық айтып беру.

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге