Түрксіб ауданының жастары үшін қаржылық сауаттылық бойынша семинар өткізілді

time 7.02.2025
aye 779
Түрксіб ауданының жастары үшін қаржылық сауаттылық бойынша семинар өткізілді

Алматы қаласы Түрксіб ауданының жастар комьюнити-орталығында жергілікті тұрғындар, колледждер мен ЖОО студенттері үшін ұйымдастырылған қаржылық сауаттылық бойынша семинар өтті.

Іс-шараның негізгі тақырыптары жауапты кредит беру және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері болды. 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz жобасының өкілі Дмитрий Акмаев семинарға қатысушыларға кредиттік өнімдердің түрлері, оңтайлы шарттарды таңдау өлшемшарттары, жеке қаржылық мүмкіндіктерді талдау қағидаттары және ақшаны басқарудың тиімді стратегиялары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ, спикер қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін және тиісті инстанцияларға жүгіну тәртібін түсіндірді.

Алматы қаласы прокуратурасының өкілі Хамит Әлімжановпен бірлесіп қаржылық қауіпсіздік бойынша шеберлік класы өткізілді, оның барысында алаяқтықтың өзекті схемалары, нақты кейстер және алаяқтардан қорғаудың заманауи әдістері ұсынылды. Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа заңнамалық бастамаларға ерекше назар аударылды. Семинар барысында тыңдаушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, өмірден нақты мысалдарды талдады.

Семинарға қатысушылардың көпшілігі гранттық негізде оқитын колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері екенін атап өткен жөн. Олар үшін ең өзекті тақырыптардың бірі – тиімді талаптармен жеке тұрғын үй сатып алу. Осы іс-шара аясында «Отбасы Банк» АҚ өкілі жастарға арналған қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары туралы айтып, оларды пайдалану алгоритмдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Fingramota.kz жобасы «Рахым» әлеуметтік үйінің басшысы Бибінұр Шералиеваға семинарды ұйымдастыруға көмектескені үшін алғысын білдіреді. Мұндай іс-шаралар Алматының барлық аудандарында тұрақты түрде өткізіліп тұратынын және болашақта 5 000-ға дейін студент, жас мамандар мен жастар өкілдерін қамтитынын атап өтеміз.


white-arrow Тізімге