Жаңа жылға дайындық!

time 28.12.2021
aye 7879
Жаңа жылға дайындық!

Жаңа жыл — сыйлықтар алатын, армандап орындалып, ғажайыптар болатын кез! Алайда жаңа жылдық қарбалас күшіңді сарқып қана қоймай, біраз ақша жұмсауды да қажет етеді.

Қажетсіз шығыннан бас тартып, Жаңа жылды қалай көңілді әрі меркелік көңіл-күймен қарсы алуға болады? Назарларыңызға Fingramota.kz-тің дәстүрлі лайфхактарын ұсынамыз.

Шығындар тізімін жасаймыз

Алдымен өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды бағалап, мерекелік шығындарға бөле алатын бюджетті анықтап алыңыз. Сатып алатын заттардың тізімін жасап, бюджеттен шықпай, соларды ғана алуға тырысыңыз.

Заттарды дайын тізіммен ғана сатып алыңыз. Дүкендерге бөлінген ақша сомасымен ғана барыңыз, кредиттік карталарыңызды үйге тастап кеткен жөн.

Науқандар мен сатылымдарға сене бермеңіз, маркетингтік айлалар әмияныңызға салмақ түсіруі мүмкін. Басқа дүкендердегі осындай тауарлардың бағасын үнемі салыстыруды дағдыға айналдырыңыз.

Жақындарымызға сыйлықтар дайындаймыз

Сыйлық оның құнымен емес, оны қандай ықыласпен жасағаныңызбен бағаланады. Егер бюджетіңіз шектеулі болса, сыйлықтарды қолдан, яғни  «hand made» жасап көріңіз. Интернеттен сыйлықты өз қолыңмен жасаудың көптеген мастер-кластарын табуға болады.

Егер оған үлгермейтін болсаңыз, пайдалы әрі әмбебап заттар салынған мерекелік бокс жинауға болады. Жаңа жылда мәселе қандай зат алғаныңызда емес, мәселе туғандарыңыз бен жақындарыңызға қуаныш сыйлауыңызда. Соның бір жолы ретінде «Сыйлық іздеу» деп аталатын квест-ойынын ұйымдастыруға болады. Онда отбасының әр мүшесі белгілі бір сұрақтарға жауап беру арқылы өз сыйлығын үйден тауып алады. Болмаса, «Сантаның құпиясы» ойынын ойнаңыздар, ол арқылы бір-біріңізге қандай сыйлық беретіндеріңізді лотерея арқылы анықтайсыздар.

Мерекелік ас мәзірін жасаймыз

Эпидемиологиялық жағдайда Жаңа жылды үйде, отбасы мүшелерімен, жақындарыңызбен қарсы алған жөн. Бұл қауіпсіз болып қана қоймай, ақшаңызды үнемдеуге көмектеседі. Мерекелік ас мәзірін алдын ала жасап, ең қажетті деген азық-түліктің тізімін жасаңыз. Жақындарыңыз бен балаларыңызға мерекеге дайындыққа қатысуға мүмкіндік беріңіз, мерекелік үстелді безендіріп, ыдыс-аяқтарды әдемілеп қоюға қатыстырыңыз. Осылайша, сіздер мерекелік шараны көңілді әрі тез ұйымдастыра аласыздар.

Өтіп бара жатқан жылды қорытындылаймыз

Жоспарланған істерге, өміріңіздегі маңызды оқиғаларға талдау жасаңыздар. Ақшасы төленбей қалған міндеттемелеріңіз бар ма: салық, коммуналдық қызметтер ақысы, төленбей қалған кредит. Жылды қарызсыз қарсы алу – жаңа жылды ескі қарыздармен бастауға болмайтын, бұрыннан келе жатқан, жақсы дәстүр. Асылы, пайдалы қаржылық дағдылар тізімін жасаңыз, қандай жағдай болмасын олардан бас тартпаңыз.

Қаржыңызға ревизия жасап, шотыңыздың өткен жылғы көшірмесін алыңыз, шығындарыңызға талдау жасаңыз. Егер жыл аяқталғанша қаржылық жоспарыңызды орындап, қажет емес шығыстарды қысқартып, «қауіпсіздік жастықшасын» жасай алсаңыз, онда сіз отбасылық бюджетіңіздің іргетасын мықтап қаладым деп нық айта аласыз.

Fingramota.kz сіздерге келе жатқан жаңа жылда зор денсаулық, мол қуаныш пен шаттық тілейді. Қаржылық мақсаттарыңыз орындала берсін!

Толығырақ “Бюджетті жоспарлаймыз” бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге