Шұғыл түрде ақша аудару керек: оны қалайша және қайда жасауға болады

time 11.11.2022
aye 2608
Шұғыл түрде ақша аудару керек: оны қалайша және қайда жасауға болады

Қазақстан тұрғындарының ақша аударымдарының көлемі жылдан жылға өсуде. Оның себептерінің бірі –   цифрландырудың белсенді дамуы және ақшамен операциялардың басым бөлігінің онлайн жүргізілуі.

Біздің әрқайсымыздың күнделікті өмірде басқа адамға ақша аударатын кездер болады. Бүгінгі күні банктік сервистердің дамуымен ақша аударымдарын бірнеше минут ішінде жасауға болады.

Ақша аударымына үш тарап қатысады: жөнелтуші, яғни ақшаны жіберетін адам, алушы - адресат  және делдал – ақшаны адресатқа жеткізетін адам.

Ақша аударымын жүзеге асыру үшін қызмет көрсету нүктелеріне (банктер, ақша аударымдары жүйесінің офисі) өтінуге, ақшаны пошта арқылы аударуға не төлем қызметтерін жеткізушілердің (делдалдардың) қызметтерін пайдалануға болады.

Аударымдардың түрлері:

  • сыртқы – Қазақстаннан шетелге (ақша аударымдары жүйесі және SWIFT халықаралық аударымдар жүйесі арқылы);
  • ішкі – Қазақстанның ішінде (карточкадан карточкаға, пошта аударымдары мен банк шоттарына аударымдар).

Заңнамаға сәйкес ішкі аударымдар қатаң түрде бір жұмыс күні ішінде есептелуі мүмкін, ал халықаралық аударымдар арқылы ақша аудару мерзімі
1 күннен 3 жұмыс күніне дейін құрайды.

Ақшаны қандай тәсілмен аударуды таңдау жөнелтуші мен алушының талаптары мен қалауына, сондай-ақ келесі факторларға байланысты:

  • қандай делдалдардың жақын жерде офистері бар;
  • қандай соманы жіберу керек, бір аударымның мөлшеріне немесе бір күндегі, айдағы аударым сомасына шектеулер болуы мүмкін;
  • аударымның жеделдігі;
  • операция үшін комиссия мөлшері – әдетте, неғұрлым қысқа мерзімдегі  аударымдар үшін  жоғары тарифтер көзделеді;
  • жөнелтуші ел – делдалдардың комиссияларының мөлшері ақша аударымының бағытына байланысты.

Төлем карточкалары арасындағы ақша аударымдарының айырмашылығы неде?

Банктік аударымдар – бұл барлық клиенттерге ыңғайлы, әсіресе жіберуші мен алушының бір банкте шоты болған жағдайда, таптырмайтын әмбебап әдіс.

Аударымды онлайн режимінде мобильдік қосымша немесе банктің сайты арқылы жеке кабинетте, сондай-ақ банкоматтар немесе тікелей кассадағы банк бөлімшесі арқылы жасауға болады.

Мәселен, мобильдік қосымшада немесе банктің сайтындағы жеке кабинетте аударым жасау үшін төлем карточкасының 16 таңбалы нөмірін және аударым сомасын көрсету қажет. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін көптеген банктер клиенттің телефон нөмірі бойынша банк ішінде ақша аударуға мүмкіндік береді, ал жекелеген қаржы институттары клиенттердің ақшаларын басқа банктердің клиенттеріне телефон нөмірі арқылы аударады. Бірақ оның жедел төлем жүйесіне қосылғанына және телефон нөмірі арқылы ақшаны басқа банктерге аудару мүмкіндігінің бар екендігіне көз жеткізу үшін банкке алдын ала хабарласу керек. Аударым сол сәтте түседі.

Банкомат арқылы аудару үшін жіберушіде, әдетте, эмитент-банктің карточкасы болуы керек. Сізге сондай-ақ алушының шотының, картасының немесе телефонының нөмірі қажет болады. Кейде банктер банкоматтар арқылы тек өз клиенттеріне ақша аударуға рұқсат береді. Ал кейбір банкоматтар жіберушіде карта болмаса да, бірақ алушының сол банкте шоты болған жағдайда аударым жасауға мүмкіндік береді,

Көптеген делдал ұйымдар қаражатты қолма-қол ақшасыз, яғни шоттан шотқа немесе касса арқылы қолма-қол ақша салу арқылы аударуға мүмкіндік береді. Екінші жағдайда, алушы өз қаласындағы әріптестің кассасынан ақша ала алады.

Ақшаны қолма-қол ақшасыз жолмен, мысалы, банк арқылы аудару үшін қаржы институтында шот ашудың қажеті жоқ. Жіберушіден тек аударым туралы өтініш және жеке басын куәландыратын құжат қажет. Өтініште жөнелтуші ақша келіп түсуге тиіс банктің атауы мен деректемелерін, сондай-ақ адресаттың тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) және оның төлқұжаттық деректерін көрсетеді. Алушыға ақша банк кассасында беріледі. Сіз жай ғана адресаттың банктік шотын көрсете аласыз, ақша сол жерге аударылады.

Қызмет көрсету тарифтеріне келетін болсақ, әдетте, бір банктің ішінде аударымдар үшін комиссиялар алына бермейді. Бір банктен екінші банкке аударған кезде комиссиялардың сомасы соманың 0,1-ден 1%-ға дейін құрауы мүмкін немесе бұл белгілі бір сома, мысалы, бір операция үшін 150 теңге болуы мүмкін.

Толығырақ "Төлемдер мен аударымдар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге