Батыс Қазақстан облысында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша іс-шаралар өткізілді

time 18.03.2025
aye 13

Fingramota.kz жобасының көшпелі білім беру және түсіндіру іс-шаралары аясында Батыс Қазақстан облысында азаматтарға қаржылық білім беру бойынша бірнеше дәріс пен кездесулер ұйымдастырылды.

Fingramota.kz жобаның бас маманы Дмитрий Акмаев Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ашық дәріс өткізіп, қаржылық өнімдерді пайдалану, кредиттеу және қаржылық жоспарлау бойынша тәжірибелік кейстер мен мысалдармен бөлісті. Экономикалық мамандықтардың студенттері қаржылық өнімдердің жұмысы, кәсіпорындарды кредиттеудің кәсіби аспектілері және еліміздің қаржы жүйесінің қызметі туралы тереңірек мағлұмат алды.

«Кәсіби деңгейін көтеру үшін маман өз білімін тәжірибеде жиі әрі терең қолдануы қажет», – деді Дмитрий Акмаев. – «Сіздер, болашақ экономистер мен қаржыгерлер, жаңа қаржылық өнімдерге, қаржы жүйесінің дамуына, заңнамалық өзгерістерге және саланың цифрлануына ерекше назар аударуларыңыз қажет. Осы факторларды ескере отырып қана, өз ісіңіздің үздігі бола аласыздар».

Батыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы қызметкерлерімен кездесуде қаржылық жоспарлау, қаржылық қауіпсіздік және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Тәжірибе көрсеткендей, үлкен сандармен және бөтен ақшамен жұмыс істейтін адамдар көбінесе өз қаржыларына жеткілікті назар аудармайды. Сондықтан жаңа қаржылық өнімдермен жұмыс істеу дағдыларын үнемі дамытып, жеке әл-ауқатқа да көңіл бөлу өте маңызды», – деп атап өтті Дмитрий Акмаев.

Кездесу барысында қатысушылар заманауи алаяқтықтың түрлерімен проблемалық берешекті реттеу рәсімдері туралы көптеген нақты сұрақтар қойды. Олар бұл ақпаратты жақындары мен таныстарына жеткізу үшін алды.

«AMANAT» партиясының БҚО өкілдігімен өткен жұмыс кездесуінде халықты білім беру іс-шараларына, әсіресе «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру аясында тарту мәселелері талқыланды. Кездесу қатысушылары азаматтардың бастамашылдық танытып, ұсынылған курстар мен тренингтерге белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті. Барлық қажетті ақпарат жобаның ресми сайтында, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, ал дәрістер кез келген адамға қолжетімді.

Жұмыс сапарының соңында AQJAIYQ телеарнасында тікелей эфир ұйымдастырылды, оның басты тақырыбы – қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл болды. Эфирге БҚО прокурорының аға көмекшісі Шахзада Алибекова мен БҚО ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Артур Мусагалиев қатысты. Спикерлер алаяқтардың заманауи және ең өзекті айла-тәсілдері мен негізгі қауіпсіздік ережелері туралы баяндады.

Мұндай көшпелі іс-шаралар жүйелі түрде өткізілетін болады. Fingramota.kz жобасымен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырып, жаңалықтарды бақылап отырыңыз!


white-arrow Тізімге