Бүгінгі күні қолма-қол ақша алып жүретін адамды сирек кездестіреміз. Қолма-қол ақшаның қажеті қанша? Ұялы телефон арқылы оп-оңай төлеуге болады, сол себепті банк карточкалары салынған әмиянды алып жүрудің қажеті де жоқ.
Смартфон арқылы байланыссыз төлем жасау тәсілдерінің бірі QR-төлемдер болып табылады. Бұл қандай технология, ол қалай жұмыс істейді және несімен ыңғайлы, сондай-ақ QR-кодтардың көмегімен қаржылық алаяқтардың қармағынан қалай құтылуға болады – осы мәселелерді Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.
QR-код бойынша төлем жасау не үшін қажет?
QR-кодтар бүгінде барлық жерде таралған. QR-код – бұл іс жүзінде кез келген ақпаратты шифрлауға болатын деректердің тасымалдаушысы: әріптік және цифрлық символдар, сурет, сілтемелер, визит карточкалары, сондай-ақ оқуға қажетті төлем деректері: банктік деректемелер, сатушы, сатып алынатын тауар туралы ақпарат және басқа.
Қазіргі уақытта QR-код сканері барлық смартфондарға салынған, сондықтан QR-код сатып алушылар үшін ғана емес, сатушылар үшін де қолма-қол ақшасыз төлеудің ең қолжетімді, ыңғайлы және жылдам құралдарының біріне айналды, өйткені QR-код бойынша төлемдерді карталар бойынша қабылдаудан өзгеше, қажетті жабдықсыз қабылдауға болады.
Сонымен қатар, көптеген дүкендер сатып алуды QR-код арқылы төлейтіндігіңізді ескере отырып, жеңілдіктер немесе бонустар ұсынады. Банктер байланыссыз төлемнің осы әдісін таңдағанда көбінесе жақсы кешбэк ұсынады. Осылайша олар өздерінің қосымшаларын танымал етеді және клиенттердің сенімін арттырады.
QR-код бойынша төлеу кезінде комиссия алына ма?
QR-кодтың көмегімен төлемдерді жүзеге асыру кезінде, әдетте, банктік қызмет көрсету, сондай-ақ транзакция деректерін өңдеу және беру үшін алынатын эквайринг деп аталатын комиссия бар.
Эквайринг үшін комиссия карточкалық төлемдерді, интернеттегі төлемді және басқаларды қоса алғанда, барлық қолма-қол ақшасыз төлем тәсілдерінде болады.
Бұл ретте эквайринг сауда-сервистік кәсіпорыннан алынады және оны банктер, төлем ұйымдары не төлем жүргізілетін төлем жүйесі дербес белгілейді.
Комиссия мөлшерін қызмет көрсететін қаржы институтына жүгіну арқылы нақтылауға болады.
Қандай QR – кодтар болады?
Кез келген сатушы кодтың мынадай екі нұсқасын пайдалана алады: статистикалық, яғни көп пайдаланатын және серпінді, яғни біржолғы.
Статистикалық QR-код сатушының төлем деректемелері, атауы, мекенжайы сияқты белгілі өзгермейтін деректер жиынтығын және т.б. қамтиды. Осындай кодтың көмегімен ақы төлеу кезінде сатып алушы қаржы институтының мобильдік қосымшасында сатып алу сомасын дербес енгізеді.
Статистикалық QR-кодтарды кассаның жанында жапсырма түрінде орналастырылатын дүкендердің сөрелерінен не қаржы институтының қосымшасынан/сайтынан көруге болады.
Серпінді QR-код, сатушының тұрақты деректерінен басқа мынадай ауыспалы деректерді қамтиды: мысалы, сатып алу сомасы, сатып алушы туралы ақпарат және басқа. Серпінді QR-код әрбір сатып алған тауар үшін жеке тағайындалады.
Сатып алғаны үшін QR-код көмегімен қалай есептеседі?
QR-код бойынша ақыны төлеу үшін мыналар қажет:
1. Қаржы инситутының мобильдік қосымшасынан «QR» белгісін тауып алыңыз, белгіні басыңыз, осы іс-қимылдан кейін камераның бейне іздеушісі ашылады.
2. Камераны QR-кодқа жақындатыңыз, сіздің телефоныңыздың экранында сатушының атуы, сондай-ақ төлем сомасы пайда болады.
3. Деректердің дұрыс көрсетілгендігін міндетті түрде тексеріңіз.
4. «Төлеу» немесе «Растау» батырмасын басыңыз. Сіздің шотыңыздан ақша алынады, ал сатушы төлем бойынша хабарлама алады.
5. Қате аударылған кезде, егер сіз дұрыс емес соманы аударсаңыз, мысалы, көрсетілген сомадан көп болса, бұл туралы сатушыға хабарлаңыз, ол артық ақшаны дереу қайтаруға тиіс.
Мен QR-код бойынша не төлей аламын?
Өзіңіздің банк қосымшасынан камера арқылы төртбұрыштарды сканерден өткізе отырып, сіз тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кез келген түрлерін төлей аласыз, шектеулер жоқ. Негізінен, бұл төлем тәсілін сатушы ұсынуға тиіс.
Әдетте, төлемнің осы түрі сол секундта іске қосылады. Егер QR-код көп пайдаланылатын болса, онда сізге соманы қолмен теруге тура келеді, бірақ бұл әрекет көп уақыт алмайды.
Егер сіз QR-код арқылы төленген тауарды қайтарғыңыз келсе, онда сатып алған сәттен бастап 14 күн ішінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес қайтаруға болады. Бұл тауарды банк картасымен немесе қолма-қол ақшамен төлеген сияқты жұмыс істейді. Ешқандай айырмашылығы жоқ.
QR-код бойынша төлем жүргізген кезде алаяқтардан қалай қорғану керек?
Технологиялар дами түскен сайын қаскүнемдер де одан қалыспай, қатар жүреді, осыдан келіп сіздің жеке деректеріңіз бен ақшаңызды иемденуді көздейтін жаңа алдау тәсілдері пайда болады. Қаржы алаяқтары бірнеше схемаларды қолданады. Олардың бірі – QR-кодты ауыстыру, яғни сатып алу кезінде сатып алушы сатушының кодын емес, алаяқтардың кодын сканерлейді де, ақша олардың шотына аударылады. Өкінішке орай, мұндай аударымдар ерікті болып саналады және қаражатты қайтару мүмкін емес.
Алаяқтықтың тағы бір тәсілі – пайдаланушы алаяқтардың QR-кодты сканерлей отырып телефонға вирустық бағдарламаны жүктейді, вирустық бағдарлама бұзу арқылы жеке банктік деректемелер мен парольдерге қол жеткізеді немесе ұялы телефонның иесін ақылы SMS-тер жіберуге мәжбүрлейді. Алаяқтарға сіздің шотыңызды бос ету үшін бірнеше минут қана жеткілікті, ал мұндай байланыссыз тәсілмен жүргізілген төлем, әрине, өтпейді.
Алаяқтар, сондай-ақ өздерін сатып алушылармыз деп көрсетіп, сатушыларға фишингтік сайтқа сілтеме енгізілген QR-код жібереді. Қаскүнемдер картаның толық деректерін, оның ішінде артқы жағындағы үш таңбалы кодты енгізуді сұрайды, яғни ақшаны картаға жібереміз деп алдайды. Сондықтан QR-код бойынша ақша аудару нысанын толтыру үшін қандай да бір сыртқы парақшаға өту ұсынылса, әрдайым сақ болыңыз.
Егер сізге QR-кодпен қорғалған деректемелер бойынша көрсетілетін қызметтер мен тауарға ақы төлеуді ұсынса, сақ болыңыз, жасалатын сатып алу: сатушының аты, сомасы және т.б. туралы ақпаратты тексеріңіз.
Егер сіз өзіңіздің жеке деректеріңізді енгізгіңіз келсе, әрқашан сайтты тексеріңіз. Өйткені, Бұл онлайн-дүкен немесе сауда алаңы ретінде жасырылған фишинг парақшасы болуы мүмкін. Үлкен қауіпсіздік үшін кодты зиянды мазмұнға тексеретін және телефон иесіне қауіп туралы ескертетін антивирустық өндірушілердің QR-кодтарды тексеру бағдарламаларын қолдануды ұсынамыз.
Егер де сіз QR-кодты қолданған кезде шотыңыздан сіз жұмсамаған ақшаның есептен шығарылғанын байқасаңыз, жағдайдың мән-жайын анықтау үшін банкке және алаяқтық туралы өтінішпен құқық қорғау органдарына дереу хабарласыңыз.
Кез келген төлемдер жүргізу кезінде абай болыңыз, кімге және қанша ақша аударатын ақпаратты әрқашан мұқият тексеріңіз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz -пен бірге арттырыңыз!
Бала мен қаржы: қалта ақшасын қалай онлайн басқаруға болады
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Қауіпті SMS: алаяқтар азаматтарды алдау үшін мәтіндік хабарламаларды қалай пайдаланады
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті