«Қара үшбұрыш»: алаяқтар адамдарды бейтаныс адамдарға қалай төлетеді және неге кез келген адам құрбаны болуы мүмкін

time 1.06.2026

Онлайн-сауданың дамуымен алаяқтар өздерінің схемаларын үнемі жетілдіріп отырады. Егер бұрын қаскүнемдер жоқ тауардың ақшасын аударуды сұраса, қазіргі кезде олар қылмыскерлерді анықтауды қиындатып, ақша аударымдарының іздерін шатастыратын күрделі әдістерді қолдануда.

Осындай схемалардың бірі «қара үшбұрыш» немесе «үшбұрышты алаяқтық» деп аталады. Оның ерекшелігі – қылмыстық тізбекке бірден үш тарап қатысады, ал жәбірленушілердің ешқайсысы алаяқтық схеманың бір бөлігі болғанын түсінбейді.

Толығырақ Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.

Схема қалай жұмыс істейді 

Классикалық алаяқтық схемасына үш тарап қатысады: алаяқ, сатып алушы және алдауға қатысқанынан бейхабар үшінші тұлға. Схеманың мәні қаскүнем пайда тауып, өзінің жеке басын жасыру үшін басқа біреудің банктік деректемелері мен басқа біреудің тауарын пайдаланады.

Әдетте схема былай өрбиді:

1-қадам. Алаяқ интернетте танымал өнімді, мысалы, смартфонды, ойын құрылғысын, тұрмыстық техниканы немесе басқа сұранысқа ие өнімді нарықтық бағадан едәуір төмен сату туралы жарнама орналастырады. Бұл әлеуетті сатып алушылардың назарын тез аударуға көмектеседі.

2-қадам. Сатып алушы «сатушымен» байланысады, мәліметтерді нақтылайды және сатып алуға келіседі. Алаяқ сұраныстың жоғары екенін  немесе басқа алам деушілердің бар екенін айтып, төлемді асықтыруы мүмкін.

3-қадам. Төлем үшін қаскүнем банктік деректемелерді жібереді. Алайда, шот оған емес, мүлдем басқа адамға – сол кезде өз тауарын басқа жерде сататын нақты сатушыға тиесілі.

4-қадам. Үшінші тұлға — нағыз сатушы өзінің сатып алушысынан аударымды күтеді, ал алаяқтық схема туралы мүлдем білмейді. Ақшаны алғаннан кейін ол төлемді мәміленің дәлелі деп санайды.

5-қадам. Сатып алушы алаяқтың тауарын төлеймін деп ойлап, ақшаны үшінші тұлғаға аударады.

6-қадам. Төлемді алғаннан кейін нағыз сатушы тауарын алаяқ көрсеткен мекенжайға немесе өзімен сыбайлас адамға жібереді.

Нәтижесінде сатып алушы ақысы төленген тауар мен ақшасыз қалады, нағыз сатушы еркінен тыс алаяқтық схемасының қатысушысына айналады, ал қаскүнем тауарға немесе ақшалай пайдаға ие болып, ақша аударымына тікелей қатыспай, ізін суытады.

Іс жүзінде бұл қалай көрінеді?

Мынадай жағдайды елестетіп көрейік. Әлия смартфонын 250 000 теңгеге сататыны туралы хабарландыру жариялады. Алаяқ бұл хабарландыруды көшіріп алып, өз атынан 200 000 теңгеге қайта жариялайды.

Ерлан осы хабарландыруды көріп, алаяқпен байланысады. Алаяқ телефонның өзінің «қарындасы» Әлияда екенін, құрылғыны сол көрсететінін, ал ақшаны өзіне аудару қажет екенін айтады. Сонымен қатар, алаяқ Әлияға телефонды өзінің «ағасы» келіп көретінін, ал төлемді өзі жасайтынын хабарлайды.

Нәтижесінде Ерлан ақшаны алаяққа аударады, ал ол ізін суытады. Сатып алушы ақшасынан айырылады, ал Әлия алаяқтық схеманың еріксіз қатысушысына айналады.

Тағы бір мысал. Сатып алушы құрылыс дүкеніне келіп, 120 000 теңгенің тауарын таңдайды және қашықтан төлем жасау үшін шот ұсынуды сұрайды. Ақша түскеннен кейін ол тауарды алып, түбіртегін алады.Келесі күні дүкенге бейтаныс әйел қоңырау шалып: - «Кеше сіздерге киіз үй үшін 120 000 теңге аудардық. Неліктен оны жібермедіңіздер?» — дейді. Сөйтсе, алаяқ басқа тауарды сатамын деген сылтаумен үшінші тұлғалардан ақша алу үшін дүкеннің төлем деректемелерін пайдаланған.

Екі жағдайда да адал азаматтар мен кәсіпкерлер жәбірленушілер хабарласқанға дейін өздерінің алаяқтық схеманың еріксіз қатысушысына айналғанын білмейді.

Схема несімен қауіпті?

Қаскүнемдердің басты мақсаты – өзінің қаржы операциясына қатысқанын жасыру және ақша қозғалысын бақылауды барынша қиындату. Ол үшін алаяқтар қылмыспен тікелей қатысы жоқ бөтен адамдардың шоттары мен деректерін пайдаланады.

Нәтижесінде ақша қаражаты басқа адамдардың банк карталары мен аударымдары арқылы өтеді, сондықтан алаяқ пен алынған қаражат арасында байланыс орнату біршама қиындай түседі. Мұндай схема қаскүнемдерге «көлеңкеде» қалуға мүмкіндік береді және оларды жылдам анықтау тәуекелін азайтады.

Бұл ретте тізбектің кейбір қатысушылары өздерінің алаяқтық схеманың бір бөлігі болғанын сезбеуі мүмкін. Нағыз сатушылар тауар үшін әдеттегі төлемді алғанына сенімді болады, ал сатып алушылар ақшаны сатушыға аударып жатырмыз деп есептейді. Алайда, кейіннен дәл осы адамдарға  аударымдардың шығу тегін растауға, хат-хабарларды, банктік үзінді көшірмелерді ұсынуға және банкпен немесе құқық қорғау органдарымен іс тергеп-тексерулерге қатысуға тура келіп жатады.

Жекелеген жағдайларда мұндай схемалар сатып алушыларды алдау үшін ғана емес, сондай-ақ ұрланған ақша қаражатын шығару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру (дропперлік) үшін де пайдаланылады, аталған жағдайда алаяқтар үшінші тұлғалардың банк шоттарын қылмыстық іздерін жасыру және заңсыз қаражаттың транзиті үшін пайдаланады.

Қандай белгілер сақ болуға шақырады

Алаяқтық схеманы көрсететін бірнеше дабыл белгісі бар:  

• төлемді алушының атауы сатушының немесе шот иесінің атымен сәйкес келмейді;

• ақшаны туысына, танысына, «бухгалтеріне», «менеджеріне» немесе «серіктесіне» аударуды сұрайды;

• сатушы өзінің банктік деректемелеріне төлем жасатпайды және оны түрлі себептермен түсіндіреді;

• тауардың құны орташа нарықтық бағадан едәуір төмен;

• әңгімелесуші ақшаны аударуға асықтырады немесе қысым көрсете бастайды;

• сатушы қауіпсіз төлем әдістерінен бас тартады және аударымды ғана талап етеді;

• аккаунтта нақты пікірлер, сату тарихы немесе расталған деректер жоқ;

• сатушы бейнебайланыс жасаудан, тауардың қосымша фотосуреттерінен немесе бетпе-бет кездесуден жалтарады.

Тіпті мұндай белгілердің бірі – қырағылық танытуға және қосымша тексеру жүргізуге себеп. Сәйкестіктер көп болған сайын алаяқтыққа тап болу тәуекелі де жоғары. Мұндай жағдайларда ақшаны жылдам аударудан бас тартқан және төлемді алушы сатушымен және тауарға расымен де қатысы бар екеніне көз жеткізген жөн. 

Өзіңізді қалай қорғайсыз

«Қара үшбұрыштың» құрбаны болмас үшін Fingramota.kz мынадай бірнеше қарапайым қағиданы сақтауға кеңес береді:

Ақшаны мәміле жасайтын адамға немесе ұйымға ғана аударыңыз. 

Сатушы мен төлемді алушының деректері сәйкес келетінін-келмейтінін тексеріп алыңыз.

«Бұл туысымның картасы», «бухгалтердің шоты», «досымның картасы» сияқты түсіндірмелерге келіспеңіз. 

Қауіпсіз төлем тәсілдерін және сатып алушыны қорғау сервистерін пайдаланыңыз. 

Олар туралы ақпаратты тексермей бейтаныс сатушыларға алдын ала төлем жасамаңыз. 

Хат алмасуды, чектерді және аударымдардың растауларын сақтап қойыңыз.

 

Кез келген аударым жасамас бұрын мына қарапайым қағиданы есте ұстаған жөн: егер біреу ақшаны мәмілеге қатыспайтын үшінші тұлғаға жіберуді сұраса, бұл - барлық ақпаратты қайта тексеру үшін маңызды себеп.


white-arrow Тізімге