Қарт азаматтар тәуекел аймағында: желілік бизнес түрінде жасырынған алаяқтықты қалай танып-білуге болады

time 15.06.2026

Әрбір адам өзін қажетті, қаржылық тәуелсіз болып, ертеңгі күнге сеніммен қарағысы келеді. Бұл әсіресе аға буын адамдарына қатысты. Зейнетке шыққаннан кейін көп бос уақыт пайда болады, алайда сонымен бірге табыс көзі, балалары мен немерелерінің денсаулығы мен болашағы туралы алаңдаушылық туындайды

Адамның дәл осындай осал тұстарын алаяқтар дөп басады, олар өз схемаларын желілік бизнес, инвестициялық клубтар, сауықтыру бағдарламалары немесе өзара көмек қоғамдастығы ретінде бүркемелейді. Олар қосымша табыс табуға, қаржылық еркіндікке және әрдайым қолдауға уәде береді, ал нәтижесінде адамдар жинақтарынан айырылады, қарызға батып, өз  проблемаларымен бетпе-бет қалады.

Мұндай схемалардың қалай жұмыс істейтіні, қандай белгілер күдік туғызуы тиіс екені және өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болатыны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.  

Бірінші оқиға. «Сізді зейнетке шыққанда тұрақты табыс күтіп тұр»

Шағын қаланың тұрғыны 65 жастағы Гүлмира ұзақ уақыт қосымша табыс көзін іздеді. Зейнетақысы тек негізгі шығындарға жетеді, ал ол болса немерелеріне көмектесіп, емделуге ақша жинағысы келді.

Бір күні оны денсаулыққа арналған тауарлар сатумен айналысатын компанияның тұсаукесеріне шақырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мыңдаған адам тұрақты табыс тауып, саяхатқа шығып, қаржылық проблемаларсыз өмір сүруде. Сахнада табысқа жеткен қатысушылар сөз сөйлеп, қымбат автокөліктердің фотосуреттерін көрсетіп, қарапайым зейнеткерлердің қалайша бай-бақуатты адамдарға айналғаны туралы сөз болды.

Қатысуды бастау үшін құны 300 мың теңгеге жуық өнімнің бастапқы топтамасын сатып алу қажет болды. Ұйымдастырушылар егер жаңа қатысушыларды тартатын болсаңыз, ақша тез қайтарылады деп сендірді.

Гүлмира кредит ресімдеп, тауарлар топтамасын сатып алып, таныстарын шақыра бастады. Бірақ көп ұзамай өнімнің іс жүзінде ешкімге қажет еместігі, ал негізгі табыс тек жаңа адамдарды тартуға ғана байланысты екендігі белгілі болды. Бірнеше айдан кейін жаңадан келгендердің ағыны аяқталды, төлемдер тоқтады, ал кредит қалды.

Мұндай схемалар жиі кездеседі. Олар нақты тауарлармен немесе қызметтермен бүркемеленуі мүмкін, алайда олардың басты мақсаты өнімді сату емес, үнемі жаңа қатысушылар тарту болып табылады. Адамдар ағыны тоқтаған кезде жүйе бұзыла бастайды.

Шынайы кейс

2024 жылдың соңында Қаржылық мониторинг агенттігі «Happy Life KZ» атты қаржы пирамидасының қызметін тексеру туралы хабарлады, оның құрбандары бірінші кезекте зейнеткерлер болған. Ұйымдастырушылар азаматтарға биологиялық белсенді қоспаларды сатып алуды ұсынған және сонымен бірге жаңа қатысушыларды тартқаны үшін жоғары табысқа уәде берген. 

Бастапқы жарнаның мөлшері 7 500 теңгеден 2 млн теңгеге дейін болды, ал уәде етілген пайда жүздеген пайызға жетуі мүмкін. Нәтижесінде схемаға
286 млн теңгеден астам қаржы тартылды. Табыстың негізгі көзі өнімді сатуда емес, үнемі жаңа адамдарды тартуда болды.

 Дәл осы алаяқтық схеманың басты белгілерінің бірі болып табылады. Ақша тауарлар мен қызметтерді іс жүзінде сатудан емес, негізінен жаңа қатысушылардан түсетін болса, ерте ме, кеш пе, жүйе бұзылады.

Екінші оқиға. «Өзіміздің адамдар үшін инвестициялық клуб»

Зейнеткер А. Серік бұрынғы әріптесінен инвестициялық клуб туралы естіді. Әріптесі қатысушылардың перспективалық жобаларға ақша салатынын және ай сайын жоғары кіріс алатынын айтты.

Кездесуде ұйымдастырушылар сенімді және кәсіби түрде сөйледі. Олар қаржылық терминдерді қолданды, диаграммаларды көрсетті және халықаралық жобалар туралы айтты. Кіру жарнасы 500 мың теңгені құрады.

Әсіресе, бүкіл ел бойынша мыңдаған қатысушылар пайда табуда деген дәлел өте сенімді болды. Сонымен қатар, қатысушы әкелетін әрбір жаңа адам үшін қосымша бонустар есептелді.

Алғашқы айларда Серік шынымен төлемдер алды. Бұл сенімді нығайтып, оны одан да көп қаражат салуға итермеледі. Кейінірек ол қызы және бірнеше танысын қосылуларына үгіттеп сендірді.

Біраз уақыттан кейін төлемдер кешіктіріле бастады, содан кейін мүлдем тоқтады. Ешқандай ірі инвестициялық жобалар болмаған. Жаңа мүшелерге ақша кейінірек қосылғандардың жарналары арқылы төленді.

Мұндай схемалар көбінесе қаржы пирамидалары деп аталады. Олар заманауи және сенімді көрінуі мүмкін, әдемі таныстырылымды қолдана алады, тіпті беделді кеңселерді жалға алады. Алайда, қағида өзгеріссіз қалады: ақша нақты қызметтен емес, жаңа салымшылардан келеді.

Шынайы кейс

Тағы бір үлкен мысал Life Is Good және Hermes Management жобасымен байланысты. Ұйымдастырушылар адамдарды жоғары пайызбен ақша инвестициялауға көндірді және көптеген жылдар бойы тұрақты кіріс табуға уәде берді. Тергеу эпизодтарының бірінде салымшыларға мың еуродан астам қаражат салу және жылдық 20%-дан жоғары кірістілік болатындығына сену ұсынылды. Кейіннен схеманың қызметі заңсыз деп танылып, ұйымдастырушылар жауапқа тартылды.

Егде адамдар неліктен нысанаға айналады 

Алаяқтар өз аудиториясын мұқият зерттейді. Егде жастағы адамдар көбінесе қаскүнемдер өз пайдасына пайдаланатын қасиеттерге ие.

Біріншіден, көптеген зейнеткерлер интернеттегі ақпараттан гөрі бетпе-бет сөйлесуге сенеді. Егер ұсыныс таныс адамнан, бұрынғы әріптесінен немесе көршісінен болса, ол сенімді болып көрінеді.

Екіншіден, алаяқтар адамдардың қаржылық жағдайын жақсартуға деген ұмтылысты белсенді қолданады. Тіпті кішкене қосымша кріс зейнеткерлікке шыққан адам үшін үлкен дәлел бола алады.

Үшіншіден, қаскүнемдер қоғамдастық пен қолдау сезімін тудырады. Олар кездесулер, бірлескен іс-шаралар өткізеді, қатысушыларды мерекелерімен құттықтайды және достық клубтың атмосферасын қалыптастырады. Нәтижесінде адамдарға ұйымдастырушылардың адалдығына күмәндану психологиялық тұрғыдан қиынға соғады.

Сонымен қатар, алаяқтар жиі эмоционалды қысым жасайды. Олар ұсыныс шектеулі уақытқа жарамды, орындардың саны шектеулі немесе кешіктіру пайданы жіберіп алуға әкеледі дейді.

Шынайы статистика

ҚМА деректері бойынша, 2025 жылдың өзінде қаржы пирамидалары бойынша тергеп-тексерулер 21,5 мың салымшыны қозғады, ал жалпы шығын 20 млрд теңгеден асты. Бұл ретте құқық қорғау органдары 12 млрд-тан астам жоғалған қаражатты өтей алды.   

Алаяқтық схемалар көбіне қалай жасырынады  

Қазіргі таңда мұндай жобалар мүлдем басқаша көрінуі мүмкін.

Бұл биологиялық белсенді қоспалар, косметика немесе денсаулық өнімдерін сататын компаниялар болуы мүмкін. Кейде схемалар білім беру жобалары, бизнес-клубтар немесе қаржылық сауаттылық мектептері ретінде беріледі.

Криптовалюта, жасанды интеллект, халықаралық сауда немесе инновациялық технологиялардан түсетін кірісті уәде ететін жалған инвестициялық платформалар жиі кездеседі.

Жекелеген санат әртүрлі кооперативтер мен өзара көмек кассаларынан тұрады, олардың қатысушыларына жоғары кірістілік немесе тұрғын үй мен автомобильдерді сатып алудың тиімді шарттары уәде етілген.

Атаулары мен сипаттарының айырмашылығына қарамастан, алаяқтық белгілері әдетте өте ұқсас.

Қандай сигналдарға мән беру керек

Тәуекелсіз жоғары пайда туралы уәде. Егер сізге нарықтағы жағдайға қарамастан жоғары кіріске кепілдік берілсе, абай болу керек. Нақты өмірде кез келген инвестиция тәуекелмен байланысты.

Жаңа қатысушыларды тарту қажеттілігі. Негізгі табыс достарды, туыстарды және таныстарды шақыруға байланысты болса, бұл ойланудың маңызды себебі.

Қысым және асықтыру. «Тек бүгін», «соңғы мүмкіндік», «орындар өте аз қалды» деген тіркестер адамның ақпаратты тексеруге үлгермеуі үшін жиі қолданылады.

Түсінікті ақпараттың болмауы. Егер ұйымдастырушылар пайданың қайдан келетінін және бизнестің қалай жұмыс істейтінін қарапайым сөздермен түсіндіре алмаса, бұл алаңдататын белгі.

Сән-салтанатты өмірді көрсету. Қымбат көліктер, саяхаттар, сәтті қатысушылардың фотосуреттері және эмоционалды табыс тарихы көбінесе сенгіш адамдарға әсер ету құралы ретінде қолданылады.

Ірі бастапқы салымдарды талап ету. Сізді ірі соманы салуға немесе кредит ресімдеуге табанды түрде көндіретін болса, мұндай ұсынысқа сақтықпен қарау керек.

Ақша салудан бұрын компанияны қалай тексеру керек

Ең алдымен ұйымның ресми түрде тіркелгенін және мәлімделген қызметпен айналысуға құқығы бар-жоғын білу қажет.

Егер сөз инвестициялар туралы болса, тиісті рұқсаттар мен лицензиялардың болуын тексеру керек.

Пікірлерді компанияның сайтынан ғана емес, тәуелсіз алаңдардан да іздеу пайдалы. Сонымен қатар, алаяқтардың көбіне тапсырыспен жазылған көптеген оң пікірлер жариялайтынын есте сақтау маңызды.

Компания өкілінің таныстырылымынан немесе әңгімесінен кейін бірден шешім қабылдамаған жөн. Ең дұрысы үзіліс жасап, ұсынысты қаржы мәселелерін жақсы білетін туыстарыңызбен немесе таныстарыңызбен талқылау.

Сондай-ақ тікелей сұрақтар қою керек:

  • Пайда қайдан қалыптасады?
  • Қандай тәуекелдер бар?
  • Салынған қаражатты қайтаруға бола ма?
  • Ресми шарт бар ма?
  • Жаңа қатысушыларды тартуды тоқтатсаңыз не болады?

Егер бұл сұрақтарға нақты жауап бермей, жалтарып жауап берсе немесе әңгімені табыс табу мүмкіндіктеріне бұрып жіберсе, қатысудан бас тартқан дұрыс.

Өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады

Егде жастағы адамдар үшін бір қарапайым ережені есте сақтау өте маңызды: ұсыныс қаншалықты тартымды көрінсе, оны соншалықты мұқият тексеру қажет.

Жұмыс істеу тетігі түсініксіз жобаларға соңғы жинақтарыңызды салмаған жөн.

Бизнеске немесе инвестициялық бағдарламаға қатысу үшін кредит рәсімдеуге болмайды.

Мұндай ұсыныстарды туыстармен талқылау маңызды. Сырт көздің жаңаша пікірі көбіне эмоцияның әсерінен байқалмай қалатын нәрселерді көруге көмектеседі.

Егер сізді жобаға қатысуды құпия сақтауға немесе жақындарыңызбен ақылдаспауға көндірсе, бұл ынтымақтастықтан бас тартуға жеткілікті маңызды себеп.

Туыстар да отбасының қарт мүшелеріне ерекше назар аударуы керек. Кейде қаржылық шығындардың алдын алу үшін жай ғана әңгімелесудің өзі жеткілікті.

Нағыз бизнес тауарлар немесе қызметтерді сатудан табыс табады. Нағыз инвестициялар нақты активтерге негізделеді және әрқашан белгілі бір тәуекелмен байланысты болады. Егер табыс тек жаңа қатысушыларды тарту арқылы ғана уәде етілсе, жылдам пайдаға кепілдік берілсе және ақшаны тез арада салуды талап етсе, сіздің алдыңызда алаяқтық схема болуы мүмкін.

 

Қаржылық қауіпсіздік сыни ойлаудан басталады. Сұрақ қоюдан, ақпаратты тексеруден қорықпаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге