Қазақстанда Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін банктік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі стандарттар пайда болады

time 14.04.2022

Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігі деңгейін және сапасын арттыру мәселелері бойынша «Қазақстандағы қаржылық инклюзия: 2022 жылдың жаңа сын-қатерлері» атты сараптамалық кездесу өтті, оған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қ. Иманәлиев атындағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары жөніндегі комиссияның, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, қаржы ұйымдарының және Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Алматы қаласы департаментінің өкілдері қатысты.

 Сараптамалық кездесудің негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі адамдарға банктік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар әзірлеу. Іс-шара барысында мүмкіндігі шектеулі адамдарға (бұдан әрі – МША) қаржы ұйымдарында қызмет көрсетуге қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Аталған жобаның жетекшісі Вениамин Алаев қаржылық инклюзиямен қамтамасыз етудің әлемдік тәжірибесі туралы айтып берді, ал жоба менеджері Гүлмира Бурашева қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы баяндама жасады.

«Қазақстанда 2021 жылғы мамырдағы деректер бойынша 700 000-нан астам мүгедектігі бар адам өмір сүруде. Егер бұл цифрларға мүгедектігі бар адамдардың отбасы мүшелерін, достарын, туысқандарын, қамқоршыларын және басқа да жақын адамдарын қосса, ерекше қасиеттегі тауарлар мен қызметтердің, оның ішінде қаржылық қызметтердің ауқымды әлеуетті нарығы пайда болады. Қазіргі уақытта кедейшілікті орнықты қысқартудың және экономикалық өсуді қамтамасыз етудің қажетті шарты ретінде халықаралық деңгейде қаржылық қолжетімділікті кеңінен түсіну қалыптасты. Барынша тиімді экономикалар қаржылық инклюзияға мемлекеттік қолдауды тұрақты түрде көрсетеді және түрлі өнімдер, сервистер және қолдау схемалары арқылы мүгедектігі бар адамдардың ықпалдасуына жәрдемдеседі», – деп атап өтті «Қаржылық инклюзия» жобасының өкілдері.

Өз кезегінде, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев өз сөзінде қаржы реттеушісінің қаржылық қолжетімділікті және инклюзияны арттыруға қаржылық қызметтердің барлық тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етуге айтарлықтай назар аударып жатқандығын атап өтті. 

«Біз халықтың осы тобы қаржы нарығының толық құқылы қатысушысы болуы үшін және қаржылық қызметтерді тұтынушылар ретінде тең мүмкіндіктері мен құқықтары болуы үшін МША үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігіне және сапасына байланысты мәселелерді шешуде әрқашан қолдау көрсетуге және жәрдемдесуге дайынбыз, – деді ол. – Осы мақсатпен Агенттік жанынан МША үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігі деңгейін және сапасын арттыру мәселелері бойынша жұмыс тобы жұмыс істейді, оның құрамына қаржы реттеушісінің, МША-ның, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және қаржы ұйымдарының өкілдері кірді».

Жұмыс тобының қызметі шеңберінде Агенттік ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп ерекше қажеттіліктері бар клиенттердің қаржы өнімдері мен қызметтеріне деген сұранысын анықтау мақсатында МША өкілдерінің арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелері бойынша Агенттік қаржылық қолжетімділікті арттыру үшін қажетті шаралар қабылдады.

«Жұмыс тобы МША-ға қаржылық қызметтер көрсету және оларға қызмет көрсету және МША үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша әдістемелік ұсынымдарды, сондай-ақ МША-клиенттерге қызмет көрсету бойынша қаржы институттарының қызметкерлеріне жадынама әзірлеп, қаржы ұйымдарына жіберді. Қаржы ұйымдарының осы әдістемелік ұсыныстарды орындауына жүргізілген мониторинг және талдау мемлекеттік деңгейде Бөлімшелердің заттай қолжетімділігінің стандарттарын әзірлеу және сайттар мен мобильдік қосымшалардың интерфейстерін жақсарту қажеттігін көрсетті», - деді А. Терентьев.

Агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Жұмыс тобының шеңберінде халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттердің орталық банктерімен ынтымақтаса отырып жүргізіліп жатқан МША өкілдерімен өзара іс-қимыл бойынша қаржы ұйымдарының қызметкерлерін оқытудың жалғасып жатқанын да айтты.

«Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп Fingramota.kz сайтында жарияланған «Қаржылық қолжетімділік картасында» МША-клиенттерге арналған бөлімшелер географиясын кеңейту жалғасады. Бүгінде онда республикалық маңызы бар қалалардағы қаржы ұйымдарының бөлімшелері туралы ақпарат бар және МША үшін инфрақұрылымның бар екендігі көрсетілген», - деп толықтырды А. Терентьев.

Сараптамалық кездесуге қатысқан екінші деңгейдегі банктердің өкілдері МША қаржылық қызметтер мен өнімдерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар клиенттерге қаржылық қызметтер көрсету стандарттарын әзірлеу мәселелерін шешуге дайын екендіктерін білдірді. Бұл стандарттар Агенттіктің мына бағыттар бойынша жетекшілік ететін бес мамандандырылған шағын жұмыс тобының қызметі шеңберінде әзірленетін болады:

  • МША-ға қаржылық қызметтерді қашықтан көрсету арналарын дамыту;
  • Қаржы ұйымдарының ақпараттық ресурстарының қолжетімділігі;
  • Құрылғылардың (банкоматтар мен терминалдардың) қолжетімділігі;
  • Бөлімшелердің болуы;
  • Қаржы ұйымдарының фронт-офистері мен бөлімшелері қызметкерлерінің біліктілігін арттыру.

Кездесуге қатысушылар аталған шағын жұмыс топтарына МША өкілдерін қосу туралы шешім қабылдағанын атап өтеміз. 

white-arrow Тізімге