Бүгіннен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік ресми түрде енгізілді – яғни банк шоттарына, карталарға, электрондық әмияндарға немесе ЖСН-ге (ИИН) үшінші тұлғалардың қол жеткізуіне заңсыз рұқсат беру, сондай-ақ олардың нұсқауы бойынша аударымдарға қатысу қылмыс болып саналады. Fingramota.kz заңнамадағы өзгерістер мен дропперлік схемалардың негізгі белгілерін еске салады.
Қылмыстық кодекстің жаңа бөліміне 232-1-бап енгізілді, ол қатысу дәрежесіне қарай жауапкершілікті бөледі:
- Өз шоттарыңызға немесе карталарыңызға заңсыз қолжетімділік бергеніңіз үшін – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- Үшінші тұлғалардың мүддесіне аударымдар немесе төлемдер жасағаныңыз үшін – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- «Дропповод» деп аталатын – өзге адамдардың деректерін қасақана қылмыстық схемаларда пайдалану үшін сатып алғандар үшін – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Егер дроппердің әрекеті елеулі залал келтірсе немесе қаржылық пайдамен қатар жүрсе, мүлікті тәркілеу және ірі айыппұлдар да көзделген.
Дроппер деген кім?
Дроппер – бұл өзінің шотының, картасының, мобильді банкінің немесе сәйкестендіру деректерінің (логиндер, парольдер, SMS-кодтар) қолжетімділігін ұсынып немесе сатып, сол арқылы өз реквизиттері арқылы басқа адамдардан ұрланған ақшаны аударуға немесе қолма-қол етуге мүмкіндік беретін адам.
Көп жағдайда адамдар өздерінің заңсыз схемаға қатысып жатқанын білмейді, ал олардың шоты арқылы жүргізілген қаржылық операциялар оларды алаяқтық схемалардың сыбайласы етеді.
Алаяқтар сирек ашық әрекет етеді. Көбіне олар өз схемаларын «қосымша жұмыс» немесе «бір реттік қызмет» ретінде бүркемелейді. Төменде кең тараған сценарийлер:
- «Жеңіл табыс» туралы хабарландырулар. Әлеуметтік желілерде, жұмыс іздеу сайттарында немесе чаттарда «ештеңе істеудің қажеті жоқ, карта ашып, аударымдар қабылдаңыз» деген тартымды ұсыныстар пайда болады. Адамға салымсыз тез табыс уәде етіледі, бірақ оның картасы ұрланған ақшаны аударуға пайдаланылатыны айтылмайды.
- Жалған HR-менеджерлер. Telegram немесе WhatsApp-та ірі компаниялардың «өкілдері» қашықтан жұмысқа қызметкер іздеп жүргендей жазады. Шын мәнінде олар сізге «есеп айырысуды жеңілдету» немесе «тестілеу үшін» бірнеше шот ашуды ұсынады.
- «Курьерлер» және «көмекшілер». Адамнан өз шотына ақша қабылдап, оны әрі қарай аударуды сұрайды. «Компания әлі заңды тұлға ашқан жоқ» немесе «бақылаудан тезірек өтеміз» деген сылтау айтылады. Шын мәнінде бұл – ақшаны жылыстату.
- Таныстар немесе көршілер. Кейде сенімді пайдаланады: «Көмектесші, менде уақытша картаға қолжетімділік жоқ», «аударымды қабылдап тұр, кейін мен аламын» – мұндай өтініштер зиянсыз көрінуі мүмкін, бірақ салдары ауыр болуы ықтимал.
Негізгі қармақ – «оңай ақша». Сізге «қызмет» үшін 10 000-нан 100 000 теңгеге дейін уәде етеді. Дәл осындай схемалар қарапайым адамды қылмысқа қатысушы етеді.
Неліктен бұл қауіпті?
Көп адам: «Не болды, мен жаман ештеңе істеген жоқпын, тек карта/шотымды бердім ғой» деп ойлайды. Бірақ дропперліктің қауіптілігі – құқық қорғау органдары үшін сіз бірінші күдіктіге айналасыз.
Барлық транзакциялар тіркеледі. Банктер мен төлем жүйелері операциялардың қай құрылғыдан және IP-мекенжайдан өткенін көреді. Егер сіздің шотыңыз арқылы алаяқтық жасалса, бірінші болып сізді тергеуге шақырады.
«Мен білмедім» деген сөз жауапкершіліктен босатпайды. Заң мұндай әрекеттерді ұйымдастырушы болмасаңыз да, қылмысқа қатысу деп қарастырады. Картаны немесе ақшаны аударуға келісім беруіңіз – алаяқтарға көмектесу болып саналады.
Мүлікті жоғалту қаупі бар. Егер сыйақы алғаныңыз дәлелденсе, ол тәркіленеді. Сонымен қатар азаматтық сот арқылы жәбірленушілерге келтірілген залал толықтай өндірілуі мүмкін.
Беделге нұқсан келуі де ықтимал. Қылмыстық іс қозғалған факті деректер базасында қалады. Бұл жұмысқа орналасуға, шетелдік виза немесе лицензия алуға кедергі келтіруі мүмкін.
Ең бастысы: дроппер алаяқтарға басқа адамдардан ұрланған ақшаны заңдастыруға көмектеседі, яғни өз еркімен болмаса да олардың сыбайласы болып саналады.
Fingramota.kz кеңестері: дропперге айналмаудың жолдары
- Банктік карталарыңызды, логиндеріңізді, парольдеріңізді, ЖСН немесе SMS-кодтарыңызды үшінші тұлғаларға бермеңіз. Тіпті сенетін адамыңыз болса да, зиян шегу қаупі артады.
- Таныс емес адамдардың өтініші бойынша немесе уәде етілген табысқа айырбас ретінде шот немесе карта ашпаңыз.
- «Оңай ақша» уәделерінен және «ештеңе істемейсің – тек қабылдап, жібересің» деген сияқты қарапайым ұсыныстары бар вакансиялардан сақ болыңыз.
- Табыс ұсынған адамды немесе компанияны тексеріңіз: пікірлерін, ресми сайтын, байланыс деректерін, лицензияларын қараңыз.
- Егер сізді бір схемаға тартуда деп күдіктенсеңіз – дереу кез келген байланысты тоқтатыңыз және банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
- Мобильді банкте хабарламаларды баптап, аударымдарға лимиттер қойып, өз тарапыңыздан бақылау жасаңыз.
Fingramota.kz сайтындағы жаңалықтарды оқып, қаржылық сауаттылық бойынша дер кезінде ұсыныстар алып отырыңыз.
Дропперлік = қылмыс!
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді
Төлемдер мен аударымдар жүйесіндегі жаңалықтар — сіз үшін не өзгереді
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт