Мемлекет басшысы 2022 жылғы 12 шілдеде халық үшін жаңалық болып табылатын – отбасы жұптарының немесе жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруді білдіретін жаңа заңға қол қойды. Осылайша, бірлескен келісім немесе ерлі-зайыптылардың зейнетақы аннуитеті азаматтар үшін қолжетімді болды. Оны кім және қалай пайдалана алады және шартта көрсетілген тараптардың кірістері қалай қайта бөлінеді, бұл туралы Fingramota.kz толығырақ айтып береді.
Ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар үшін бірлескен зейнетақы аннуитеті жақын туыстарына немесе жұбайларына өз жинақтарын біріктіруге және зейнетке ресми шығуды күтпей-ақ өмір бойы төлемдер алуға мүмкіндік беретін жаңа сақтандыру өнімі болып табылады. Егер ерлі-зайыптылардың біреуінде зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал екіншісінде артық қаражат болса, отбасылық жұптар осы өнімді пайдалана алады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР-да ерлер үшін зейнетақы жасы 63-те, әйелдер үшін 2022 жылы – 60,5-те басталады және 2028 жылға дейін 61 жасқа болады. Бірақ зейнетақы жасының басталуын күтпей-ақ зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге болады. Алайда бұл үшін БЖЗҚ-да жеткілікті жинақ сомасы болуы керек. Бұл сома салымшының жынысы мен жасына байланысты өзгереді. Сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді ерлер 55 жастан, ал әйелдер 2022 жылы 52,5 жастан бастап ала алады.
Ол арқылы бірлескен зейнетақы аннуитеті өнімі енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 60 күн өткен соң, яғни 2022 жылғы қыркүйекте қолданысқа енгізілетін болады.
Бірлескен зейнетақы аннуитетінің артықшылықтарын мысал ретінде қарастырайық.
Ерлі-зайыптылардың 55 жастағы күйеуі мен әйелі сәйкесінше 10 млн теңге және 8 млн теңге көлемінде зейнетақы жинақтарына ие делік. Бұл ретте күйеуі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшеріндегі (2022 жылы 26 173 теңге) ай сайынғы төлеммен зейнетақы аннуитетінің ең төменгі құны 7,4 млн теңгені, әйелі үшін – 9,2 млн теңгені құрайды. Бұл мысалда әйелдің жинақ сомасы жеке зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жеткіліксіз.
Жинақтарды біріктіріп және 18 млн теңге сақтандыру сыйлықақысымен бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасып, ерлі-зайыптылардың әрбіреуі келесі төлемдерге жыл сайынғы индексацияны ескерумен ай сайын 28 430 теңге мөлшерде өмір бойы төлемдер ала алады.
Бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасаған кезде әрбір сақтандырылушы үшін дербес төлемдердің мөлшері мен кестесін қоса алғанда, шарттың дербес талаптары айқындалады, олар сақтандырылушының бірінің қайтыс болуына қарамастан қолданылатын болады.
Осылайша, ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болған жағдайда, екіншісі шартқа сәйкес өзінің дербес төлемдерін алуды жалғастырады. Егер зейнетақы аннуитеті шартында сақтандыру төлемдерінің кепілдік берілген кезеңі көзделген болса, онда ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де қайтыс болған жағдайда, олардың мұрагерлері кепілдік берілген мерзім ішінде кесте бойынша төлемдер алатын болады.
Егер ерлі-зайыптылардың бірінде сақтандыру ұйымында аннуитетті сатып алуға зейнетақы жинақтары жетпеген, ал екінші адамда артық қалдық болса, онда ерлі-зайыптылардың зейнетақы аннуитетінде жұптың әрбір өкіліне өмір бойы төлемдер ұсынуға болады;
Егер адамда зейнетақы жинақтарының мөлшері көп болса, ол бірлескен аннуитетті жақын адамымен, мысалы, әпкесімен немесе ағасымен бірге сатып ала алады. Бұл аннуитет үлкен жинағы жоқ жақын туысына өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз етеді.
Күйеуі немесе әйелі немесе жақын туысы қайтыс болған жағдайда шарттың екінші қатысушысы сақтандырушыдан төлем алуды жалғастырады.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, жақын туыстар ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер болып есептеледі.
Жаңа сақтандыру өнімінің барлық ерекшеліктерін ескере отырып, сіз өзіңіздің жақын туысыңызбен немесе жұбайыңызбен/зайыбыңызбен зейнетақы жинақтарыңызды біріктіруге шешім қабылдадыңыз.
Ол үшін:
- осы қызметті ұсынатын өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың сайттарын мұқият оқып-шығу;
- өз сақтандырушыңызды таңдау;
- басқа сатып алушылардың пікірлеріне талдау жасау керек.
Бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасауды ұсынатын сақтандыру ұйымында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясының бар-жоғын тексеру қажет. Оны қаржы реттеушісінің www.gov.kz интернет-ресурсында жасауға болады. Шартқа қол қояр алдында оның тармақтарын мұқият оқып шығыңыз. Шарт: салымшы, сақтандыру компаниясы және БЖЗҚ үшін үш данада жасалады. Зейнетақы аннуитеті шартын жасаған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде оны жасағаныңыз туралы БЖЗҚ-ға хабарлау қажет, ал ол қаражаттың бәрін сақтандыру компаниясына аударады. Бұл сома сақтандыру сыйлықақысы деп аталады. Дұрысын айтқанда, енді сіз жұбайыңызбен немесе жақын туысыңызбен зейнетақы емес, сақтандыру төлемін аласыз. Сақтандыру компаниясы бұдан былай қаражатты қаржы құралдарына инвестициялай отырып, сақтандыру сыйлықақысын басқарады. Егер сіз сақтандыру компаниясын ауыстырсаңыз, сіздің бұған құқығыңыз бар, онда шарт жасағаннан кейін екі жылдан соң ауыстыра аласыз.
Егер сіздің зейнетақы аннуитетін сатып алуға қатысты қосымша сұрақтарыңыз туындаса, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы жазуыңызға болады.
Өзіңіз үшін тиімді болатын зейнетақы жоспарын таңдаңыз да, Fingramota.kz сайтымен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Бала мен қаржы: қалта ақшасын қалай онлайн басқаруға болады
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Қауіпті SMS: алаяқтар азаматтарды алдау үшін мәтіндік хабарламаларды қалай пайдаланады
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті