Инвесторға арналған жадынама: шетелдік брокердің сенімділігін қалайша тексеруге болады

time 25.06.2025

Инвестициялар пассивті кіріс алудың танымал құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Инвестициялауға қатысты әртүрлі пікірлер бар: кейбіреулер оны күрделі деп санайды, өйткені тиімді мәмілелер жасасу тәжірибе мен білімді қажет етеді, басқалар брокерлер, қосымшалар арқылы жұмыс істеуге және активтер сатып алуға үгіттейді. 

Брокердің сенімді екендігін қалай бағалауға және тәуекелдерді барынша азайтуға болатынын және алаяқтыққа тап болмаудың жолдарын Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық 

Әрқашан лицензияны тексеріңіз 

Брокер таңдаған кезде, бірінші кезекте, брокерде реттеушінің лицензиясы бар-жоғын тексеріп алыңыз. Себебі  лицензияның болуы оған қаншалықты сенуге болатынның айғағы, яғни ол арқылы сіз брокердің заңнаманы сақтайтынына, аудиттерден тұрақты өтіп отыратынына және инвесторларды қорғау талаптарын орындайтынына көз жеткізесіз.

Бірінші қадам: шетелдік брокерді тиісті реттеуші арқылы тексеру. Мысалы, АҚШ-та бұл Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссия (SEC) және Қаржылық қызметтер саласын реттеу қызметі (FINRA), Еуропада ортақ реттеуші бар — Еуропалық бағалы қағаздар және нарықтар басқармасы (ESMA), Австралияда - Инвестициялар және бағалы қағаздар жөніндегі комиссия (ASIC), Азия – MAS (Сингапур), SFC (Гонконг) және т.б. Жалпы алғанда, интернеттің көмегімен әрбір жеке ел бойынша реттеушіні табу қиынға соқпайды, барлық ақпарат қол жетімді.

Екінші қадам: лицензияны тексеру. Ол үшін брокердің веб-сайтынан лицензияның нөмірін табыңыз. Әдетте, ол «Компания туралы» немесе «Реттеу» бөлімдерінде болады. Сондай-ақ, лицензияның нөмірін тікелей сұрауға болады —  жасыратын ештеңесі жоқ брокер инвестордан айырылып қалмау үшін мұндай ақпаратпен оңай бөліседі. Ал егер де ол бас тартса, онда ойлануға негіз бар.

Үшінші қадам: реттеушінің ресми сайтына өтіп, оның түпнұсқалығын тексеру үшін лицензияның нөмірін енгізіңіз. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен салық жүйелері арқылы брокердің алаяқтар туралы ескертулер тізімінде жоқ екенін тексеру артық болмайды.

Білу маңызды! егер брокер өз сайтында реттеуші органдар туралы ақпарат бермесе және лицензияны оған оффшорлық аймақтар (Белиз, Сент-Винсент және Гренадины, Вануату) берсе — бұл сіздің алдыңызда алаяқ болуы мүмкін деген белгі. Сондай-ақ, брокердің брокер емес, «инвестициялық компания»  ретінде тіркелгені күдік туғызуға тиіс.

Брокердің беделіне назар аударыңыз

Мысал келтірейік: ірі зат сатып алудан бұрын ақшаңыздың сапасыз затқа жұмсалмауы үшін тауардың сипаттамаларын және оған берілген пікірлерді міндетті түрде зерделеп шығасыз. Брокермен де осындай схема бойынша әрекет ету керек – сіз ақша жұмсайсыз, сондықтан оның тәжірибесін, клиенттердің пікірлерін мүмкіндігінше жан-жақты зерттеп, оның қаржылық орнықтылығын мұқият талдаңыз. Мұның бәрі оған сенуге болатындығын не болмайтындығын түсінуге көмектеседі. 

Брокердің жұмыс істеу тәжірибесін зерделей отырып, оның нарықта қанша уақыт жұмыс істегенін (5-10 жылдан астам тарихы бар компаниялар сенімдірек), оның сенімді компаниялармен жұмыс істегенін, бұрын сот процестері немесе жанжалдар болғанына назар аударыңыз. Бұдан әрі, брокердің қаржылық есептілігін және оның инвесторлардың ақшасын қалай сақтайтынын тексеріңіз. Қағидаларға сәйкес, бұл сенімді банктердегі бөлінген шоттар болуға тиіс. Егер күмәндансаңыз, сіз сырттан бағалау үшін тәуелсіз маман тарта аласыз.

Клиенттердің пікірлерімен одан да оңай – заманауи технологиялар бұл үшін көптеген мүмкіндіктер береді. Клиенттердің пікірлерін зерделеуге болатын көптеген тәуелсіз алаңдар бар, қаражатты алу проблемалары туралы жағымсыз пікірлерді тексеріңіз: егер олар өз деректерін қалдырса, олармен байланысып, осы брокермен жұмыс істеу туралы егжей-тегжейлі сұраңыз. Бірақ тым оң немесе жағымсыз пікірлермен сақ болыңыз, оларды бірнеше рет қайта оқып шығыңыз – оларды боттар немесе нейрожелі жазуы мүмкін. Мұндай пікірлер қасаң түрде жазылуымен, жеткіліксіз көңіл-күймен және тұжырымдарының ұқсастығымен ерекшеленеді.

Білу маңызды! Брокердің іс-әрекетінде айрықша назар аударуға қажетті жағдайлар – өздері туралы кәсіби ақпаратты жария етуден бас тарту, төлемдердің кешігуі туралы бұрынғы клиенттердің шағымдары және оффшорларда ашық тарихсыз тіркелу. Мұны байқағаннан кейін, онымен қарым-қатынасты дереу тоқтатыңыз, себебі ондай адаммен жұмыс жақсылық әкелмейді.

Сауда талаптарына және комиссияларға талдау жасаңыз 

Тағы да өмірден мысал келтірейік: дүкендегі өнімдерді таңдағанда, сіз олардың сапасын салыстырасыз, не үшін төлейтініңізді түсіну үшін баға мен салмақтың сәйкестігіне назар аударасыз. Брокерді таңдаған кезде де осындай жағдай – сізді қандай комиссиялар күтіп тұрғанын, жұмыс қандай талаптармен жүргізілетінін және сіздің пайдаңыздан қанша қалатынын алдын ала білу керек. Бұл өте маңызды, себебі сәтті инвестициялар болса да, жоғары комиссиялық төлемдер, жасырын төлемдер және қолайсыз жағдайлар сіздің кірісіңіздің едәуір бөлігін «құртып жібереді».

Сондықтан да мыналарды тексеруге кеңес береміз: 

  • мәмілелер үшін комиссиялар — брокер акцияларды, облигацияларды, фьючерстерді сатып алу-сату үшін қанша алады; валюталық операциялар үшін қосымша алымдар, спрэдтер мен своптар бар ма (валюталық операциялар үшін);

  • қаражатты толтыру және алу — кейде брокерлер ақшаны, әсіресе валютаны салу немесе алу үшін жоғары комиссияларды белгілейді және бұл мәселені алдын-ала нақтылау қажет;

  • әрекетсіздік үшін комиссия — егер сіз біраз уақыт мәміле жасамасаңыз, брокер тек шотқа қызмет көрсеткені үшін ғана ақы ала бастауы мүмкін;

  • ең төмен депозит – барлық брокерлер аз сомамен бастауға келісе бермейді, сондықтан бастау үшін қажетті ең аз соманы бірден нақтылаңыз;

  • демо-шоттың болуы — егер сіз инвестициялауды жаңадан бастасаңыз, бұл өте маңызды құрал, себебі ол тәуекелсіз жаттығуға мүмкіндік береді;

  • ақшаны енгізудің/алудың ыңғайлылығы — брокерден осы ақпаратты нақтылаңыз, содан кейін қолжетімді тәсілдерді салыстырыңыз — банктік аударымдар, карталар, электрондық әмияндар;

  • сауда құралдарының қолжетімділігі — акциялар, ETF, облигациялар, криптовалюталар және т.б.

Білу маңызды! Комиссиялардың түсініксіз құрылымы немесе шарттарды нақты түсіндірместен «нөл комиссиямен» уәде ету, сондай-ақ маржалық талаптардың күрт өзгеруі сияқты белгілер брокердің қауіпті және сенімсіз екенін білдіреді. Бұдан басқа брокерге тікелей сұрақтар қойыңыз: егер сіз бір ай бойы сауда жасамасаңыз немесе қомақты қаражат алғыңыз келсе не болады? Жауаптар ашық әрі нақты болуы керек, ал егер сылтаулар немесе «қосымша шарттарға» сілтемелер басталса, бұл сізді тоқтату қажет.

Брокер платформасының жұмысын және қолдау қызметін зерттеңіз 

Тағы да түсінікті болу үшін ұқсастықтарды қарастырайық: сіз басқа қалаға көлікпен келе жатқаныңызды елестетіп көріңіз, кенеттен сізде навигатор бұзылады, ал телефонда байланыс жоқ — сигнал ашық жерде ұстамайды. Сіз қайда барып, кімге жүгіну қажеттігін білмейсіз және іс жүзінде тығырыққа тірелдіңіз. Егер брокерлік платформа тұрақсыз болса және қолдау қызметі қажет кезде байланысқа шықпаса, инвестициялар да солай болуы мүмкін.

Тек жолда өтіп бара жатқан адамдар сізге көмектеседі, ал үлкен ақша жүрген жерде сіз тек өзіңізге және брокеріңіздің адалдығына ғана сене аласыз. Сонымен қатар инвестициялар салуда секундтың бір бөлігі шешуші рөл атқаруы мүмкін, егер платформа жүктелмей, кенеттен шотқа кіре алмасаңыз, ақшаңызды жоғалту қаупі бар. Сонымен бірге техникалық қолдауы бар байланыстың болмауы жағдайды одан әрі ушықтырады.

Сондықтан міндетті түрде сауда платформасын тексеріңіз – бұл брокердің жеке жүйесі немесе MetaТrader сияқты таныс платформалар болуы мүмкін. Мобильдік қосымша мен веб-нұсқалардың бар-жоғын, олар қаншалықты тұрақты, кідіріссіз және тұрып қалмай жұмыс істейтінін тексеріңіз. Ең дұрысы: тест-драйв ұйымдастыру: тіркеліңіз және демо-шот арқылы интерфейсті пайдалану ыңғайлы ма екенін, мәмілелер қаншалықты тез өтіп жатқанын, жұмыстың тұрақтылығы мен тапсырыстардың орындалу жылдамдығы түсінікті ме, жоқ па, соны зерттеңіз.

Қолдау қызметіне уақыт бөліңіз, онымен қалай байланысуға болатындығын: телефон арқылы, чатта немесе e-mail арқылы, сондай-ақ ол қандай режимде – тәулік бойы немесе тек белгілі бір жұмыс уақытында жұмыс істейтінін нақтылаңыз. Қолдау қызметіне қоңырау шалып немесе хабар жазып көріңіз, сонда олар қаншалықты тез және нақты жауап беретінін бағалай аласыз. 

Білу маңызды! Мынадай қауіп сигналдарына назар аударыңыз – платформа үнемі тұрып қалады немесе баяу жұмыс істейді; техникалық қолдау бірден жауап бермейді, мәселенің мәнін түсінуге тырыспайды немесе шаблон тіркестермен жауап береді; мобильдік нұсқасы жоқ немесе ол қате жұмыс істейді; ақша алудағы проблемалардың себебін түсіндірмейді және App Store мен Google Play-де қосымшаларға төмен баға берілуі. Ешқашан жалқауланбаңыз және жан-жақты талдауға уақыт бөліңіз: кейіннен бірнеше күн не апта бойы техникалық мәселелерді шешіп, ақшаңызды қайтарып алуға тырысқаннан гөрі, бірнеше сағатты тексеруге жұмсаған дұрыс. 

Брокер ұсынатын қаржы құралдарының ассортиментін зерттеңіз 

Мұнда күнделікті кешкі ас дайындаудағы сияқты заңдылық бар, мысалы, егер сіздің үйіңізде тек нан мен су ғана бар болса, онда толыққанды ас мәзірі туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Брокермен де солай: егер ол қаржы құралдарының шектеулі санын ғана ұсынса, сіз толыққанды инвестициялық портфельді жинай алмайсыз және нарықтағы өзгерістерге бейімделмейсіз. Сонымен қатар, адал брокер жылдам пайдаға емес, ұзақ мерзімді қарым-қатынасқа қызығушылық танытады. Ол инвесторға өзінің стратегиясына, тәуекел деңгейіне және тәжірибесіне сәйкес құралдарды ала алатындай активтердің кең таңдауын ұсынады.

Сондықтан міндетті түрде мыналарды тексеріңіз: 

  • акциялар – қазақстандық және халықаралық қағаздарға қолжетімділік бар ма;

  • облигациялар, оның ішінде мемлекеттік, корпоративтік және еуробондтар. 

  • Forex-тің негізгі валюта жұптарымен сауда жасау мүмкіндігі;

  • егер сіз бүкіл салаларға немесе өңірлерге инвестиция салғыңыз келсе, ETF және индекстер;

  • тауар фьючерстері (мұнай, алтын, ауылшаруашылық өнімдері) және әсіресе инфляция немесе тұрақсыздық жағдайында; 

  • криптовалюталар, өйткені ол әртараптандыру мүмкіндіктерін кеңейтеді; 

  • егер сіз күрделі стратегиялармен жұмыс істегіңіз келсе, опциялар, фьючерстер, туынды құралдар;

  • егер сіз қысқа мерзімді инвестицияларға ең төмен тәуекелмен қызығушылық танытсаңыз, ақша нарығының құралдары.

Есіңізде болсын: таңдау неғұрлым көбірек болса, соғұрлым қаржы құралдарын таңдауға еркіндік беріледі. Егер сіз инвестицияларды дамытуды жоспарласаңыз, бұл өте маңызды рөл атқарады: уақыт өте келе стратегиялар күрделене түседі және құралдарға шектеулі қол жетімділік өсуді тежеуі мүмкін.

Білу маңызды! Егер активтердің шектеулі сыныптары болса — мысалы, тек бір елдің валюта жұптары немесе акциялары немесе мәлімделген құралдар платформада қол жетімді болмаса, онда бұл қауіпті сигнал белгісі. Сондықтан, сіз жұмыс істеуді жоспарлап отырған активтердің тізімін алдын ала жасап, брокер ұсынатын активтермен салыстырған дұрыс. Ең дұрысы, құралдарды таңдау сіздің қазіргі қажеттіліктеріңізді өтеп қана қоймай, сонымен қатар өсуге көптеген мүмкіндіктер беруі керек. Егер мұның бәрі болмаса, онда сіздің алдыңызда не алаяқ, не тәжірибесіз брокер тұр деген сөз, бұл дегеніміз олардың кез-келгенімен ынтымақтастықта болу ақшаңызды жоғалтуға әкелуі мүмкін.

Алаяқ-брокерлерді қалай анықтауға болады

Әр тармақта бұрын әлеуетті алаяқтардың белгілерін сипаттадық, бірақ енді оларды қорытындылай келе, көрнекілік үшін жалпы тізімге жинаймыз.

 Сонымен, алаяқтықтың негізгі белгілері:

● лицензия жоқ, ал брокерде жалған құжаттар бар: бұл ақпаратты 

қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында оңай тексеруге болады;

  • кепілдендірілген жоғары пайда туралы уәде: шынайы инвесторлар ешқашан инвестициядан түсетін кіріске кепілдік бермейді және тәуекелдер туралы ескертеді. Сондықтан айына тәуекелсіз 20%-дан жоғары кіріс түседі деп уәде беру, бұл тек алаяқтардың әрекеті болып табылады;

  • агрессивті маркетинг: «Бүгінге ғана берілген зор мүмкіндік!» немесе «Шотты қазір толтырыңыз, одан кейін кеш болады!» - алаяқтардың әдеттегі тактикасы. Ешбір сенімді брокер сізді ешқашан асықтырмайды, себебі ол сіздің ойластырылған шешіміңізге және сенімділігіңізге қызығушылық танытады;

  • қаражатты шығару мәселелері: егер сіз ақша шығара алмасаңыз немесе сізге күдікті талаптар қойса, мысалы, қаражатты шығару үшін 30% міндетті комиссия алынады немесе қаражат шығаруды белсендіру үшін қосымша төлем қажет десе, онда сіз алаяқтарға тап болдыңыз;

  • бөгде БҚ орнату талабы: егер брокер тіркеуге көмектесу үшін AnyDesk немесе TeamViewer сияқты құрылғыларға қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатуды сұраса, оның мақсаты сіздің компьютеріңізге және банк деректеріне қол жеткізу екенін білдіреді. Ешқашан келіспеңіз, болмаса сіз құпия ақпарат пен ақшаңызды жоғалтасыз.

Білу маңызды! Шетелдік брокермен жұмыс істеген кезде инвестор бірқатар тәуекелдерге тап болады. Біріншіден, сіз шетелде тіркелген брокермен өзара әрекет жасайсыз, сондықтан даулар шетелдік заңнамамен реттеледі. Екіншіден, барлық құжаттар, қызмет көрсету шарттары мен қолдау шет тілінде беріледі, бұл шарттарды түсінуді қиындатады және бұл инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде қателіктер тәуекелін арттырады. Үшіншіден, банкроттық болған жағдайда, шоттарды бұғаттау немесе салық даулары кезінде шетелдік брокерден қаражатты қайтару кезінде қиындықтар туындауы мүмкін.

Өзіңізді, ақшаңызды алаяқтардан қорғаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге