«Көп ойнаған бір жылар»: неліктен алаяқтармен ойнау жақсылыққа әкелмейді

time 9.02.2026

«Мен олармен жай ойнаап көрейін деп едім»«Олардың не істей алатынын тексергім келді», «Мен олардың алаяқтар екенін білемін ғой»— бұл әдетте, оқиғаның соңы бірдей аяқталатын, ақшасынан айырылған, шоттары бұғатталған және «бұл қалай болды?» деп таңғалған сұрақтар қоятын алаяқтар құрбандарының сөздері. 

Адамға алаяқтар қоңырау шалғанда немесе хабарлама жібергенде, адамдардың реакциясы екі түрлі болады — біріншілерінің бойында үрей туса, екіншілері өздеріне тым сенімді болады. Қорқу адамға тән болса,  өзіне деген асқан сенімділік оған кері әсер етуі мүмкін, әсіресе, барлығы толық бақылауда деген наным болса.  Алайда, дәл осы сәтте бақылау байқалмай тізгіннен шыға бастайды.

«Жай сөйлескім келді» дегеннің өзі неге қате 

Алаяқтардың банкті немесе қауіпсіздік жүйесін бұзулары сирек кездеседі. Олардың нақты мақсаты — адам. Әрбір әңгіме, тіпті келеке етіп, «мен  жай ғана ойнаймын» деген ой тегін тест сияқты жұмыс істейді.

Бір-екі ауыз сөзден ғана қылмыскерлер сіздің қысымға қалай жауап беретініңізді, қаншалықты тез шешім қабылдағаныңызды, «банк», «полиция», «қарыз», «кредит» деген сөздер сізді қаншалықты қорқытатынын, диалогты жалғастыруға дайын екеніңізді және сіздің эмоцияға қаншалықты тез берілетініңізді түсінуге мүмкіндік береді. Олар үшін жауаптың мазмұны емес, фактінің өзі маңызды: сіз телефонды тастамай, жауап беріп тұрсыз  Алаяқ үшін бұл сигнал: яғни адаммен байланыс орнатылды. Демек, осы нөмірмен жұмыс істеуге болады, мұнда оралу керек.

Қаскүнемдер бірінші қоңырау жасағанда сирек шабуыл жасайды. Көбінесе бұл барлау. Бүгін сіз «жай әзілдедіңіз», ертең сіздің  дауысыңыз  жаңа схемада қолданылады — мысалы, туыстарыңызға қоңырау шалу үшін. Немесе әңгімелесу қажетті сөздер мен қолайлы сәтті пайдаланып,  нақты шабуылдың  алғашқы қадамы болады. Келесі күні қоңырау банктің, қауіпсіздік қызметінің немесе таныстың атынан «шынайы қоңырау» болады. Әрбір келесі қадам алдыңғы қадамға қарағанда қисынды және сенімді болып көрінеді, өйткені олар сценарийді  сізге сәйкес келтірген.

«Мен ештеңе айтқан жоқпын» — көп тараған қате түсінік

Көбіне зардап шеккендер: «Мен картамның деректерін айтқан жоқпын», «Мен ештеңені растаған жоқпын», «Мен жай ғана сөйлестім» дейді.

Бірақ алаяқтықтың деректемелер мен СМС кодтардың негізінде ғана жасалуын тоқтатқанына біраз болды. Бүгінгі күні мұның қажеті де жоқ. Кейде нөмірдің белсенді екенін және оған жауап берудің, адамның онлайн-банкингті қолданатынын және оның не туралы екенін көрсетудің, оның жалғыз екенін және жақын жерде ақыл беретін немесе оны тоқтататын ешкімнің жоқ екенін түсінудің, болашақта даусын салу үшін дауысын, интонациясын және сөйлеу мәнерін естудің өзі жеткілікті.

Жеке алғанда, бұл ұсақ-түйек болып көрінер, бірақ дәл осындай көзге көрінбейтін заттардан психологиялық бейнені қалыптастыруға болады. Ал әзіл, «жай сөйлесу», алаяқпен ойнауға тырысу көбіне оның алғашқы қадамы болады.

Аз сома — үлкен қақпан

 «Жеткізу» үшін 300 теңге, «тексеру үшін» 1 000 теңге, «мәселені шешу үшін» 5 000 теңге сияқты шағын сомаларды есептен шығару алаяқтар үшін тест болып табылады. Адамның қанша жоғалтқаны емес, оның есептен шығарылған ақшаны байқаған-байқамағаны, мәселенің мән-жайын анықтау үшін банкке қоңырау шалуы немесе «ұсақ-түйекке» уақытын жоғалтқысы келген-келмегені маңызды.

Егер адам үнсіз болса және ешбір әрекет жасамаса, бұл әрі қарай жалғастыра беру керек дегенді білдіреді. «Ұсақ-түйектен» кейін әрдайым қайтадан есептен шығару, жасырын жазылымдар, «қайтарулар» жүреді, бұлар – іс жүзінде жаңа аударымдар, кредитті рәсімдеу әрекеттері.

Мұның психологиялық жағы да бар: адам «тиынға» алданғанын мойындауға ұялады. Дәл осы үнсіздік алаяқтардың әрі қарай әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Адам үндемесе, банк те схема туралы білмейді және уақытылы ден қоя алмайды, жақындары да ескертілмеген және сол сценарийге тап болуы мүмкін, ал алаяқтар жұмыс істеп тұрған схеманы қайта-қайта қолдана береді.

«Әзілден» басталған нақты оқиғалар

Ер адамға «банктенбіз» деп  қоңырау шалады. Ол алаяқтардың қоңырау шалып жатқанын түсініп, әзілдесуге көшті, оларға жауап берді, тіпті бір жерлерімен келісті де. Бір-екі күннен кейін «бонус» туралы хабар келіп, ол қосымшаға кіре алмай қалды.

Қыз «курьерлік қызметтен» хабар алды. Қызық үшін не екенін көргісі келді. Телефон нөмірін, содан кейін «тексеруге арналған» кодты енгізді. Ақша бірден есептен шығарылған жоқ. Бірақ түнде бар жиғаны картасынан алынды.

Жасөспірім мессенджер арқылы алаяқпен «күлкі үшін» хат жазысқан. Бір аптадан кейін оның аккаунтынан туыстарына ақша аудару туралы жазба түсе бастаған. Ұзақ түсіндіруге тура келді.

Бұл әңгімелерге ортақ бір нәрсе бар: әр кезеңде адам жағдайды басқарып отырғандай көрінеді, бірақ бұл елес.

Нақты не жұмыс істейді?

Кез келген күдікті қоңырау немесе хабарлама болған кезде, әңгімені дереу аяқтап, банкке ресми нөмірге қайта қоңырау шалу, көкейіңізге сәл де болса күмән туындаса, картаны бұғаттау қажет және операциялар мен хабарламаларды мұқият тексеру маңызды. Мұндай жағдайларды жақын адамдарыңызбен, әсіресе балалармен және қарт туыстармен талқылау өте маңызды.

Fingramota.kz-тен ұсынымдар

  • Алаяқтармен ойнамаңыз. Кез келген әзіл немесе «тексеру» қылмыскерлер үшін сигнал болып табылады.
  • Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және СМС арқылы келген кодтарды енгізбеңіз, тіпті «тексеру үшін».
  • Аз ғана болса да алынған ақшаға назар аударыңыз. Ақшаның аз мөлшерде болса  алынуы, үлкен шығындарға апаратын алғашқы қадам болуы мүмкін.
  • Туындаған мәселе туралы уақытында айтыңыз. Банкке немесе жақындарыңызға неғұрлым тезірек хабарласаңыз, алаяқтардың одан әрі әрекет ету мүмкіндігі соғұрлым аз болады.
  • Сценарийлерді отбасыңызбен талқылаңыз. Балалар, қарт туыстар мен достар алаяқтардың типтік схемаларын түсінуі керек.
  • Сіз схемадан да ақылдымын деп ойламаңыз. Өзіңізге деген сенімділік сізге зиянын тигізуі мүмкін.

Есіңізде болсын, алаяқтар азаматтардың аңғалдығынан ғана емес, сонымен бірге олардың өзіне деген сенімділігінен де ақша табады. Әзіл, ирония, «мен бәрін басқарып отырмын» мұның бәрі сізді қорғай алмайды. Егер сізбен алаяқтар байланысқан болса, ойынға қатысушы болып табылмайсыз, ең дұрысы ойыннан бірден шыққаныңыз жөн. Сіз онымен сөйлесіп тұрған аралықта, олардың бүкіл деректеріңізді алу мүмкіндігі арта түседі.

Өзіңізге, жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

 

white-arrow Тізімге