2022 жылғы 1 қазаннан бастап заңнамаға түзетулер күшіне енді, оған сәйкес қарыз алушылар туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беру және жаңарту мерзімдері өзгерді.
Бұл туралы Fingramota.kz толығырақ айтып береді.
Бұл өзгерістер 2022 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының күшіне енуінің нәтижесі болды.
Мәселен, 2022 жылғы 1 қазаннан бастап кредиттік серіктестіктерді және коллекторлық агенттіктерді қоспағанда, ақпарат берушілер кредиттік бюроларға берілген жаңа қарыздар туралы мәліметтерді бір жұмыс күні ішінде, ал кредиттік тарих субъектілері туралы кез келген ақпаратты кейіннен жаңартуларды 10 жұмыс күні ішінде беруге міндетті. Бұрын олар ақпаратты айына екі рет – 15 жұмыс күні ішінде жаңартып отыратын.
Бұл ретте кредиттік бюроларға 10 жұмыс күні ішінде:
- коллекторлық агенттіктерді;
- тауарларды және көрсетілетін қызметтерді кредитке беретін не төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынатын, жүйеленген белгілерін Үкімет айқындайтын ДК немесе заңды тұлғаларды;
- коммуналдық қызметтер көрсететін табиғи монополия субъектілерді қоспағанда, барлық ақпарат берушілер мәлімет береді.
Олар үшін кредиттік бюроларға ақпарат беру мерзімі кредиттік тарих субъектісіне қатысты кез келген деректер өзгерген немесе алынған күннен бастап 30 күнді құрайды.
Қазақстанда екі кредиттік бюро – Мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) және Бірінші кредиттік бюро (БКБ) жұмыс істейтінін еске саламыз, олар кредиттік тарихты қалыптастырады, бірақ дербес кредиттік есептерге өзгерістер енгізбейді. Мұны ақпарат жеткізушілер, яғни банктер, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар және тауарларды кредитке немесе бөліп-бөліп сататын өзге де тұлғалар жасайды.
Сіз өзіңіздің жеке кредиттік есебіңізді:
- МКБ-дан – id.mkb.kz сайты арқылы;
- БКБ-дан – www.1cb.kz порталы және мобильдік қосымша арқылы;
- www.egov.kz электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы;
- тұрғылықты жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) ала аласыз.
Заңнамалық жаңалықтар кімге тиімді?
Ең алдымен, өзінің кредиттік тарихын үнемі қадағалап отыратын қарыз алушыларға тиімді. Олар жеке кредиттік есепте алаяқтық кредитті уақтылы тауып, дер кезінде оны даулауы мүмкін. Кредиттік тарихтағы ақпаратты даулау жөніндегі қызмет қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі www.fingramota.kz. медиа порталында қолжетімді. Кредиттік тарихыңыздағы ақпаратты даулауға өтініш беру үшін өзіңіздің деректеріңізді арнайы нысанда: ЖСН және телефон нөмірін көрсетуіңіз керек. Өтініштерді өңдеу заңнамада белгіленген мерзімде жүзеге асырылады. Ақпаратты даулау туралы өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде және кредитордан алынған жауаптың негізінде өтініш берушіге кредиттік бюролардан тиісті жауап жіберілетін болады.
Жаңа түзетулер алдап соғу арқылы қазақстандықтардың дербес және төлем деректерін иемденіп, жалған кредиттер ресімдеуі жиілеп кеткен қаржы алаяқтарының әрекеттерінен қорғануға қосымша көмек болады. Бір адамның бірнеше кредиттік ұйымдардан бір мезгілде қарыз алу алаяқтық тәуекелі төмендейді. Ақпарат жеткізуші кредиттік бюро базасынан қарыз алушының қысқа мерзімде бірден бірнеше кредит ресімдегенін көріп, күдіктеніп, оған қарыз беруден бас тарта алады.
Сондай-ақ, кейбір қарыз алушылар бір күн ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарында бірден бірнеше қарыз ресімдей алатын. Нәтижесінде олардың борыш жүктемесінің коэффициенті заңнамада белгіленген шекті мәннен асып кететін. Банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешек және қарыз алушы үшін басқа да жағымсыз салдар туындады.
Естеріңізге сала кетейік, борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) – бұл қарыз алушының барлық өтелмеген кредиттері мен қарыздары бойынша төлемдердің оның ай сайынғы кірістеріне қатынасы. Кредиттік ұйымдардың БЖК-ны міндетті есептеу жөніндегі талапқа сәйкес, қарыз алушының барлық кредиттері бойынша ай сайынғы төлемдер оның ай сайынғы кірісінің 50%-нан аспауы тиіс. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, азаматтардың кредит алуға мүмкіндігі де соғұрлым аз болмақ және сәл қаржылық қиындықтар туындаса олардың қарызға бату ықтималы жоғары болады.
Төлемге қабілетсіз адамдарға кредит беруге жол бермеу үшін Агенттік БЖК-ны есептеуге қойылатын талаптарды күшейтті. 2022 жылғы 1 шілдеден бастап БЖК-ны есептеу кезінде пайдаланылатын қарыз алушының кірістерін анықтаудың 12 өлшемшартынан қарыз алушының кірісінің барын дәйекті растамайтын 6 көрсеткіш алынып тасталды.
Осылайша, қаржы нарығы мен қарыз алушыларды берілген қарыздар туралы жедел хабардар ету үшін кредиттік бюроларда ақпаратты жаңартуға қатысты жаңалықтар кредиттік ұйымдарға қарыз алушының төлемге қабілеттілігін бағалауға, кредитке өтінімді қараған кезде қарыз алушының борыштық жүктемесі туралы жаңа ақпаратты көруге және жаңа қарыз беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Fingramota.kz сайтымен бірге өз қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?