2019 жылдан бастап Қазақстанда жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді; азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарының төлемдерін; білім беру жинақтау салымдарын; кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған алименттерді есептеуге арналған шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салу көзделген. Бұл қол сұғылмайтын шоттар, оларға банктер клиент өтініш жасаған кезде есептеу үшін ашылатын төлемдердің атауын көрсетіп, «арнайы шот» белгісін қояды.
Fingramota.kz арнайы шотпен байланысты әрбір адам білуі тиіс бірнеше фактіні қарастырады.
№1 факт. Арнайы шоттағы ақшаны ешкімнің бұғаттауына немесе оларға тыйым салуына құқығы жоқ.
Мысал: Алина бала күтімі бойынша демалысқа шықты. Ол баланың тууы және оның күтімі бойынша жәрдемақы алу үшін банкте арнайы шот ашуы қажет. Банк менеджері түсіндіргендей, Алинаға сонымен бірге, карточка беріледі, ал банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді балаға төлемдер ресімдеу үшін басқа құжаттармен бірге ХҚО-ға ұсынуы не оларды электрондық үкіметтің порталы арқылы дербес бере алатын өтінімде көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, жәрдемақы алуға өтінімді кейбір банктердің мобильді қосымшаларында ресімдеуге болады. Бұл ретте, Алинаның басқа банк шоттарының болуы не болмауы, оларға тыйым салынғаны маңызды емес. Өтініш қаралып, төлем тағайындау туралы шешім қабылдана салысымен бір ай ішінде Алинаның арнайы шотына жәрдемақы түседі.
«Төлемдер туралы» ҚР Заңына сәйкес, егер уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өкімі негізінде оның банктік шотындағы ақшаға тыйым салынса, банктерге клиентке жаңа банктік шот ашуға тыйым салынады. Алайда, жоғарыда көрсетілген Заңның ережелері банктердің клиенттеріне «қол сұғылмайтын» банк шоттарын ашу жағдайларына қолданылмайды.
Осындай шоттарға жәрдемақыларды, мемлекеттік бюджеттен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақыларды, сондай-ақ алименттерді есепке жазуға арналған шоттар жатады.
Заңнамаға сәйкес арнайы шоттағы ақшаға:
- тыйым салуға;
- банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптары бойынша, сот орындаушыларының инкассолық өкімдері бойынша өндіріп алуға жол берілмейді.
№2 факт. Арнайы шот тегін ашылады, оны жүргізгені үшін банктер комиссиялар алмайды.
Мысал: Алина балаға жәрдемақы алу үшін арнайы шот ашып, банк менеджерінен арнайы шот бойынша барлық қызметтер банктің комиссиясысыз көрсетілетінін нақтылады. Ол онлайн- немесе мобильді банкинг арқылы картаның барлық мүмкіндіктерін пайдалана алатынына, яғни аударымдар жасау, әртүрлі сатып алулар үшін ақы төлеу, сондай-ақ ол арнайы шоттан өзінің ағымдағы шотына ақшаны еркін аударуға немесе депозит толтыруға болатынына қуанды.
Арнайы шоттар ашу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысымен бекітілген Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында көзделген.
Қол сұғылмайтын шотты ашпас бұрын шарттың талаптарын мұқият және егжей-тегжейлі зерделеу керек, егер бір нәрсе түсініксіз болса, онда міндетті түрде менеджердің кеңесіне құлақ түріңіз. Банктік шартпен таныспай ешбір жағдайда оған қол қоймаңыз!
№3 факт Арнайы шотты кез келген екінші деңгейдегі банкте, сондай-ақ «Қазпочта» АҚ-та ашуға болады.
Мысал: Марина бұрынғы жұбайы олардың кәмелетке толмаған ұлдарына сот тәртібімен төлеуге міндетті алименттерге арналған шот ашу үшін банкке жүгінді. Белгілі болғандай, банк шот ашумен қатар алимент картасын шығарған, карта қаражаттың банктік борышты төлеуге алып қоюынан қорғалған. Марина алимент өндіріп алу туралы сот актісінің көшірмесін қоса алғанда, барлық қажетті құжаттарды ұсынды және оған арнайы шот пен карта ашылды.
Арнайы шот ашу үшін, жеке басын куәландыратын құжаттан басқа, банкке немесе «Қазпочта» АҚ-қа (бұдан әрі-банк) ағымдағы шоттың мақсатын көрсетілген өтініш беру қажет. Бұл ретте мыналар қосымша ұсынылады:
- алимент алушылар (кәмелеттік жасқа толмағандарды және еңбекке жарамсыз кәмелеттік жасқа толған балаларды күтіп- бағуға арналған ақша) – алименттерді (кәмелеттік жасқа толмағандарды және еңбекке жарамсыз кәмелеттік жасқа толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақша) өндіріп алу туралы сот актісінің көшірмесі немесе Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекске сәйкес жасалған, оларды төлеу туралы нотариалды куәландырылған келісім;
- тұрғын үй төлемдерін есептеу және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес мақсаттарға төлемдерді жүзеге асыру үшін – Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында көрсетілген қосымшалар қатарына сәйкес ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алушы туралы анықтама.
№4 факт. Арнайы шотты қашықтан ашуға және жабуға болады.
Мысал: Қанат жұмыстан шығуға мәжбүр болып, біраз уақыт жұмысқа орналаса алмай жүрді. Достары оған Жұмыспен қамту орталығына жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін жүгіну туралы кеңес берді. Ол жерде оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркеді. Ол жәрдемақы алу туралы өтініш жазып, әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін банктік мобильді қосымшаның көмегімен арнайы картаны оңай әрі жылдам ресімдеп, ондағы «Деректемелер» бөлімінде орналасқан ақпаратқа сәйкес IBAN нөмірін көрсетті.
Қашықтан арнайы шот ашу шындығында қиын емес. Ол үшін сіз арнайы шот ашуды жоспарлап отырған банкті таңдап, қаржы институтының немесе ұйымының қосымшасында немесе сайтында тіркеуден, сондай-ақ қашықтан идентификаттаудан өтуіңіз қажет.
Арнайы шотты жабу үшін банкке өтініш жазу қажет, банктік қызмет көрсету шартында басқасы көзделмеген болса, оны кез келген уақытта ұсынуға болады. Сондай-ақ, арнайы шотты банктің мобильді қосымшасының көмегімен жабуға болады. «Қол сұқпайтын» шотты жабатын кезде онда қалған ақша банктік қызмет көрсету шартына сәйкес сізге беріледі немесе сіздің талап етуіңіз бойынша басқа банктік шотқа аударылады.
№5 Факт. Банктің салық берешегі бар немесе кредит бойынша мерзімін кешіктіруі бар клиентке арнайы шот ашудан бас тартуға құқығы жоқ
Мысал: Марина қаржылық қиындықтарға тап болды: ол жұмыстан шығып кетті, кредиті бойынша төлем мерзімі кешіктірілді, тіпті коммуналдық төлемдер бойынша да берешек пайда болды. Оның азын-аулақ жинап жүрген ақшасы болған: екі ай бұрын ол банкте кәмелетке толмаған баласын күтіп-бағуға алимент алуға арналған арнайы шот ашқан еді. Алайда ол ақшасын шешпей, жинай берген. Марина енді арнайы шоттағы қаражатты ала алмаймын деп уайымдап еді, алайда банкке барған уақытта оның қорқынышы сейілді. Ондағы ақша бастапқы уақытта баласы екеуінің қажеттіліктеріне жетіп отырды. Марина өзі жүгінген кредитормен бірге мерзімі кешіктірілген берешек мәселесін шешті, оның қарызын қайта құрылымдау бойынша ымыраға келді. Жаңа жұмыс та табыла кетті. Ал арнайы шоттағы ақшаны Марина ай сайын жақында ашқан депозитіне аударып отырады. Енді оның қаржылық қауіпсіздік жастықшасы бар.
Қазақстанда 2018 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Салық кодексінің нормасы қолданысы енгізілді, соған сәйкес банктер мен банк қызметтерінің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар салық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге банктік шот ашудан бас тарта алады. Алайда бұл норма арнайы шоттарға қатысты қолданылмайды.
Арнайы шоттағы қаражат үшінші адамдардың өндіріп алуынан, соның ішінде қарыз алушыда банктік қарыз немесе микрокредит бойынша мерзімі кешіктірілген берешек болатын жағдайда өндіріп алудан толық көлемде қорғалған. Яғни, тіпті сіз кредит мерзімін кешіктірген жағдайдың өзінде арнайы шотқа шектеулер қойылмайды немесе берешекті өтеу үшін ақша есептен шығарылмайды.
№6 факт. Арнайы шотты өзіңіз толтыруға болмайды.
Мысал: Сабина мүгедектік бойынша жәрдемақы алады, ақша банктердің бірінде ашқан арнайы шотқа «түседі». Ол барлық ақша операцияларын онлайн режимінде жасауға дағдыланған. Сондай-ақ, ол фрилансер болып жұмыс істейді және оның картасына веб-дизайн ретінде виртуалды қызметтер көрсеткені үшін ақы түседі. Алдымен ол тапқан ақшасын арнайы шотқа аударғысы келді, бірақ ол сәтсіз болды. Банкте ол осы «қол сұғылмайтын» шотқа нысаналы төлемдерден басқа төлемдер түсе алмайтындығын анықтады. Алайда, оның есесіне ол арнайы шоттан ағымдағы шоттарға, оның ішінде Интернетте сатып алу қауіпсіз болатын виртуалды картаға қаражат аудара алады.
Арнайы шоттарға тек мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған алименттер, азаматтардың тұрғын үй құрылысы жинақтарының төлемдері, білім беру жинақтау салымдары ғана есепке алынуы мүмкін. Банктер ақшаның мұндай шоттарға төлем мақсатының тиісті коды бойынша және ақша жіберушіге түсуін бақылауды жүзеге асырады.
Сонымен қатар, арнайы шоттан қаражатты кез келген картаға аударуға немесе депозитке салуға болады, кез келген банкоматтан шешіп алуға болады. Кейбір банктер клиентке ыңғайлы болу үшін арнайы шотты пластикалық картамен бірге ашады.
Сол себепті, егер сіз әлеуметтік төлемдерді алушы болсаңыз немесе, мәселен, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент алатын болсаңыз, онда тек «қол сұғылмайтын» шот ашыңыз! Бұл ыңғайлы, тиімді және қауіпсіз!
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Телефонды жоғалтқан кезде немесе оны ұрлағанда не істеу керек