Мобильдік және онлайн-банкинг және олардың артықшылықтары

time 8.04.2021

Онлайн-банкинг – банктің қызметтерін үйден шықпай, қашықтан алуға мүмкіндік беретін қолайлы құрал. Коммуналдық немесе басқа қызметтердің ақысын төлеу үшін денсаулығыңызға қауіп төндіріп банктің бөлімшесіне барудың, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Байланыс жасайтын адамдар аз, мүмкіндік көп. 

  Онлайн-банкинг дегеніміз не және оның мобильдік банкингтен қандай айырмашылығы бар?

Бұл – шотыңыздағы ақшаны қашықтан басқару тәсілдері. Банктің веб-сайты (онлайн-банкинг) немесе оның мобильдік қосымшасы арқылы қол жеткізуге болады. Осылайша, шоттағы ақша қозғалысын қадағалауға, түрлі қызмет ақысын, салықты және айыппұлдары төлеуге, жақындарыңызға ақша аударуға, депозитіңізді толықтыруға және кредиттік өнімдерді басқаруға болады.

Бұл операцияларды мобильдік банкинг арқылы жүргізген ыңғайлы. Оны смартфоныңызға немесе планшетіңізге жүктеп алыңыз, браузерден сайтты іздеп, жеке кабинетіңіз бар интернет-парақшаны жүктеуге уақыт жұмсамай, қажетті операцияларды санаулы секундтарда жүргізе аласыз. 

Мобильдік және онлайн-банкинг арқылы қандай қызметтерді пайдалануға болады?

Банкіңіз шарт жасасқан ұйымдармен кез келген операцияны жүргізуге болады. Аталған желі көп болған сайын қызметтерді де көбірек қашықтан көрсету форматында ала аласыз.

Кез келген мобильдік және онлайн-банкингте істеуге болатын ең бірінші және негізгі нәрсе – шоттарыңызды қадағалау. Сізге ақша қаражатының қозғалысы туралы барлық ақпарат қолжетімді: ақша қашан түсті, қашан алынды, қандай мөлшерде, қандай комиссия ұсталды.

Ол не үшін қажет? Алаяқтардың ақшаңызды ұрлауына жол бермеу үшін! Карта бойынша барлық операцияларды қадағалай отырып, Сіз күдікті әрекеттерді байқай аласыз және мұндайда дереу банкке хабарласыңыз. Бүгінде банктер телефонның интернетке тұрақты түрде қолжетімділігі болатын жағдайда, SMS-хабарларын немесе push-хабарламаларын ұсынады.

Мобильдік немесе онлайн-банкинг арқылы қызметтер мен тауарларға ақы төлеу өте ыңғайлы: коммуналдық қызметтер мен мобильдік байланыстан бастап сақтандыру полисін сатып алуға дейін. Мысалы, сіз балабақша, ипотека және тағы басқалар үшін жылдам төлем жасай аласыз. Ыңғайлылық пен уақытты үнемдеу үшін Сіз автоматты түрде төлем жасай аласыз, ал қажетті сома Сіз көрсеткен мерзімде үнемі есептен шығарылып отырады.

Мобильдік және онлайн-банкингте ақша аудару функциясы да бар. Осындай қызмет болатын болса, оның көмегімен Сіз өз шоттарыңыз арасында картадан шотқа және шоттан басқа картаға, оның ішінде шетелдік картаға ақша аудара аласыз және электрондық әмияндарды да толтыруға болады.

Бұдан басқа, бұл құралдардың көмегімен сіз қашықтан салымдар ашу және толықтыру (қолмен немесе автоматты түрде), пайыз өсімін қадағалау, депозиттен картаға ақша аудару, ақшаны түрлі валюталарға конвертациялау (егер Сізде мультивалютадағы салым болса) мүмкіндігіне ие боласыз.

Онлайн-режимде кредиттік өнімдерді де алуға болады. Мобильдік банкингте әрқашан кредит беру шарттарымен танысуға, келесі төлемнің күні мен мөлшерін білуге, кредиттік карта бойынша қарыздарды төлеуге болады. Есіңізде болсын, кез келген кредит – бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан барлық пайдалы және зиянды жақтарын саралап алыңыз, қаржылық жағдайыңызды зерделеңіз, егер Сіз жұмыссыз қалсаңыз немесе денсаулығыңыз нашарласа, кредитті төлей аласыз ба, жоқ па екенін ойлаңыз.

Төлем карталарын басқару, жаңасына тапсырыс беру немесе қолданыстағы картаны шұғыл жабу – бұлардың бәрін мобильдік банкинг немесе онлайн-банкинг арқылы жасауға болады. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2020 жылы нарыққа қатысушылармен бірлесіп әзірлеген арнайы алгоритмінің көмегімен банктік картаны бөлімшеге бармай қашықтан ашуға болады.

Онлайн режимінде тіпті банктердің бөлімшесіне баруға бронь жасауға болады. Бұл өте ыңғайлы, кезекке тұру қажет емес, бағалы уақытты жоғалтпауға болады. Кейбір банктер банктік карталарды еліміздің кез келген нүктесіне жеткізіп беруді ұсынады. Өзіңізге барынша ыңғайлы түрін таңдау үшін банк ережелерімен, оның мүмкіндіктері мен тарифтерімен танысып шығыңыз.

Мобильдік және онлайн-банкингтің ыңғайлы функцияларының бірі ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұлдарды тексеру және басқа да берешек туралы ақпарат алу болып табылады. Айыппұлдар болатын жағдайда өзіңіздің ЖСН енгізу жеткілікті, оларды онлайн режимінде төлеуге болады.

Онлайн сатып алудың қауіпсіздігі

Онлайн-сатып алудың қауіпсіздігі үшін виртуалды картаны пайдаланған дұрыс, оны да мобильдік немесе онлайн-банкингте ресімдеуге болады (қызметтің қолжетімді болуын банкіңізден нақтылап білу керек).

Бұл қалай жұмыс істейді? Тауарға немесе көрсетілетін қызметке ақы төлеудің алдында ақшаны негізгі картадан онлайн-банкинг арқылы виртуалды картаға аударып, виртуалды картадан төлейсіз. Бұл ретте негізгі банк картасының деректемелері бөтен сайттар үшін ашылмайды, бұл, егер сайттың алаяқтарға тиесілі екендігі анықталса, сіздің негізгі картадан ақша аудару тәуекелін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Мобильдік немесе онлайн-банкингті пайдалануды қалай бастауға болады? 

Оларға қолжетімділік алу және барлық артықшылықтарын пайдалану үшін кейбір банктер жеке басын куәландыратын құжатпен өздерінің бөлімшелеріне өтініш жасауды сұрайды. Қызметті жандандыру тәсілдерінің бірі – сізге қызмет көрсететін немесе сіз онда карта ашқыңыз келетін банктің банкоматы немесе веб-сайты арқылы. Мобильдік банктік қосымшаны пайдалану үшін оны өз гаджетіңізге орнату және авторизациядан өту қажет. Мұнда сіздің мобильді телефон нөміріңіз банкте тіркелуге тиіс екендігінің маңызы зор, оған біржолғы құпия сөзбен SMS-хабар келеді. Бұл растау коды, оны жеке кабинетке кіру үшін енгізу қажет.

Бөлімшеде немесе қашықтан тіркелгеннен кейін әрбір клиент үшін жеке кабинет құрылады, оған кіру үшін клиенттің логині мен паролін енгізу қажет.

 

Мобильдік немесе онлайн-банкингті пайдалану қаншалықты қауіпсіз?

Әрине, банктер өздерінің онлайн-қызметтерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған барлық қолдан келетін шараларды қолданады. Себебі, қауіпсіздік банктің беделін білдіреді. Дегенмен, банктің сенімді қорғалған жүйесі бір басқа да, клиенттің телефонындағы немесе компьютеріндегі интернет-браузердің сенімді қорғалуы екінші мәселе.

«Клиенттің аумағына» қаржылық алаяқтар әртүрлі фишинг-схемаларды ойлап тауып, шабуыл жасауы. Мысалы, клиент жеке кабинеті бар банктің ресми интернет-ресурсын көрсететін жалған сайттарға кіреді. Клиент өзінің логині мен паролін осындай жалған сайтқа бір рет енгізсе болды, біраз уақыттан кейін оның шоттарын алаяқтар тазалап кетуі мүмкін.

Сондықтан ешқашан және ешқандай жағдайда ешкімге өзіңіздің интернет-банкинге кіретін қосымшаңыздың паролін айтпаңыз. Мекенжайын тексеріңіз: ол http://-тен емес https://-тен басталуға тиіс. Ешқашан электронды пошта немесе SMS-хабар арқылы келетін күмәнді сілтеме арқылы банк парақшасына кірмеңіз.

Бұл қаржылық алаяқтардың айла-амалдары болуы мүмкін.

Егер сіз мобильдік банкингті пайдалансаңыз, онда смартфоныңыздың алаяқтардың қолына түспеуі үшін қауіпсіздік шараларын сақтауыңыз қажет. Ұялы телефоныңызға және банктік мобильдік қосымшаңызға міндетті түрде күрде пароль орнатыңыз. Ең дұрысы саусақтың ізімен немесе иесінің жүзімен ашуға болатын, қосымша қорғанышы бар телефонды таңдаңыз. Жоғалып қалған жағдайда телефондағы барлық деректерді өшіретін қосымшалар бар, бастысы ол Желіге қосулы болуға тиіс. Телефоныңызды жоғалтып алған жағдайда, міндетті түрде барлық карталарыңызды бұғаттаңыз.

Алаяқтық іс-әрекеттерден орын алатын ықтимал зиянды азайтуға ақша аударымдарының сомасын шектеу (лимит) көмектеседі.

Алаяқтардың көптеген жағдайларда клиенттің хабарсыздығын, оның сенгіштігі мен ұқыпсыздығын пайдалана отырып, мобильдік және онлайн-банкингке қол жеткізе алатынын есте ұстаған жөн, сондықтан сақ болыңыз!


Өзіңізді және өз ақшаңызды сақтаңыз, Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге