Сақтандыру өнімдерінің көмегімен балаларды оқытуға қалай қаражат жинауға болады

time 25.01.2023

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) шеңберінде Қазақстанда, сондай-ақ шетелде техникалық, кәсіптік, жоғары оқу орны және магистратура бағдарламалары бойынша оқуға ақы төлеуге болады. Бұл құралдың артықшылығы – азаматтардың жинақтарына 5%-дан 7%-ға дейінгі мөлшерде мемлекеттің жыл сайынғы сыйлықақысы қосылады.

2013 жылдан бастап МБЖЖ-ға банктер қатысады, ал 2022 жылдан бастап оларға сақтандыру компаниялары қосылды. Сақтандырудың осы түрінің талаптары туралы толығырақ Fingramota.kz айтып береді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ МБЖЖ операторы болып табылады, ол білім беру салымдары мен жинақтаушы сақтандыру шарттарын тіркеумен айналысады, сондай-ақ мемлекет сыйлықақысын есептейді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда МБЖЖ шеңберінде өз қызметтерін:

- екінші деңгейдегі 4 банк ұсынады, оларда «AQYL» білім беру депозитін ашуға болады;

- 3 сақтандыру ұйымы ұсынады, оларға 2022 жылдың соңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыру» сақтандырудың ерікті нысанында сақтандырудың қосымша сыныбын енгізе отырып, «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиялар берді.

Маңызды: білім беру депозиті арнайы шот болып табылады, яғни үшінші тұлғалардың кез келген өндіріп алуларынан қорғалған және жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруге жатады. Осылайша, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салым сомасына, сыйақыға және білім беру салымдары бойынша мемлекеттік сыйлықақы сомасына кепілдік береді.

Азаматтардың жинақтарының лимитсіз, кез келген сомаға сақталуына сақтандыру компанияларында да кепілдік беріледі – сақтандырушы лицензиясынан айырылған жағдайда сақтандыру төлемдерін Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры жүзеге асырады.


Қазақстандықтар үшін МБЖЖ-ға қатысудың пайдасы қандай?

Жинақтау жүйесі – МБЖЖ жүйесіндегі ең қызықты компонент. Мұнда көп жағдай жинақтау мерзіміне және мемлекет көмегіне, сондай-ақ адамның өзіне, оның жинақтарын көбейтуге деген дайындығына да байланысты.

Білім беру жинақтау сақтандыруы шартын жасасу арқылы азаматтар сақтандырушыдан инвестициялық табысқа қосымша мемлекет сыйлықақысын ала отырып, өз балаларының білім алуына ақша жинай алады.

Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін мемлекет сыйлықақысы 7%-ды, ал қалған санаттағы азаматтар үшін 5%-ды құрайды.

Сыйлықақы іс жүзінде сақтандыру резервінен, инвестициялық кірістен және мемлекеттен бұрын толықтырылған сыйлықақылардан тұратын есептік сомаға есептеледі. Бірақ оның мөлшері жылына 100 АЕК-тен аспайтын лимиті бар, 2023 жылға бұл жылына 345 000 теңге. Сақтандыру шартының қолданылу кезеңі ішінде есептелетін мемлекет сыйлықақысының қолданылу мерзімі де лимиттелген – 20 жылдан аспайды. Бұл ретте баланың Қазақстан Республикасының азаматтығы болуға тиіс.

Ата-ана үшін тағы бір пайдасы ол сақтандыру жарналарын жүзеге асыру кезіндегі салықтық жеңілдік (жұмыс берушінің жеке табыс салығын есептеу кезінде 320 АЕК шегінде) және сақтандыру сомасын төлеу кезінде салықтан босату. Бірақ бұл үшін кадр қызметіне қажетті құжаттарды ұсыну қажет.

Мысалда қарастырайық. Сіз ай сайынғы сақтандыру жарнасы 20 000 теңгені құрайтын 10 жылға 4 300 000 теңге сақтандыру сомасымен жинақтау сақтандыруы шартын жасадыңыз. Нәтижесінде ата-ана ретінде жарналарыңыз 2 400 000 теңгені құрайды, кепілдік берген кірістілік мөлшерлемесімен сақтандырушыдан түсетін инвестициялық кіріс 1 200 000 теңгені, мемлекет сыйлықақысы – 670 000 теңгені құрайды.

Осылайша, сіздің жарналарыңызға сақтандыру шарты бойынша іс жүзінде енгізілген сомадан түсетін кірістің 80%-ы және ең бастысы – сақтандыру жағдайы туындаған кезде сақтандыра отырып қорғау қосылады.


Қандай жағдайлар сақтандыру жағдайлары болып табылады?

Сақтандыру жағдайлары және тиісінше, Қазақстанның колледжінде, жоғары оқу орнында немесе шетелде білім алуына арналған сақтандыру төлемін жасауға негіздемелер төмендегілер болып табылады:

- сақтандырылушының, яғни пайда алушы мәртебесіне ие баланың 18 жасқа толғанға дейін, сақтандыра отырып қорғау мерзімі аяқталғанға дейін өмір сүруі;

- сақтандырылушыға, сондай-ақ сақтанушыға (баланың ата-анасына, заңды өкіліне) сақтандыра отырып қорғаудың қолданыс кезеңінде бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгілеу. Бұл жағдайда сақтандыру компаниясының өзі еңбекке жарамсыз ата-ана үшін жарна төлей бастайды;

- сақтандырылушының, сондай-ақ сақтанушының сақтандыра отырып қорғаудың қолданыс кезеңінде қайтыс болуы.

Пайда алушы қайтыс болған немесе пайда алушы денсаулық жағдайының салдарынан оқуын жалғастыруға қабілетсіз болатын жағдайда, сақтанушы, ата-ана қайтыс болған жағдайда – мұрагерлер:

- пайда алушыны Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын басқа адаммен ауыстыруға;

- құнын төлеп сатып алу сомасын, яғни мемлекет сыйлықақысын сақтай отырып сақтандыру шарты бойынша сақтандырушы сақтанушыға төлейтін ақшаны алуға құқылы.

Пайда алушының өлімі сақтандыру жағдайымен байланысты болмаса, мемлекет сыйлықақысынсыз құнын төлеп сатып алу сомасын мұрагерлер алады.


Сақтандыру жарналарын уақтылы енгізудің қандай маңызы бар?

Сақтандыру шарты бойынша ең төмен бастапқы ай сайынғы жарна – 3 АЕК, ол 2023 жылы 10 350 теңгені құрайды.

Сақтандыру шартын жасаған ата-ана сақтандыру жарналарының төлем кезеңділігі мен мөлшерін өзгерте алады. Бастысы, жарналарды уақтылы жүзеге асыру, себебі сақтандыру сомасы мен сатып алу сомасының мөлшері жарналардың уақтылы жүзеге асырылуына байланысты. Сақтандыру жарналарын толық төлемеген жағдайда, сақтандыру компаниясы қайта есептеу жүргізеді.


Сақтанушылар тағы нені білуі керек?

Сақтандыру шартының ең аз мерзімі – 3 жыл, қосымша білім үшін төлем жасаған жағдайда, шарт ұзартылуға жатады. 2 жыл өткеннен кейін сақтанушы инвестициялық кірісі мен мемлекет сыйлықақысы сақталатын сатып алу сомасын басқа сақтандыру ұйымына аударуға құқылы. Мемлекет сыйлықақыларды төлейтін ең ұзақ мерзім – 20 жыл.

Сақтанушы, яғни ата-ана шартты мерзімінен бұрын бұзып, сатып алу сомасын алуға құқылы. Бірақ оған мемлекет сыйлықақысы берілмейді.

Егер бала білім беру грантына ие болса, онда ол инвестициялық кірісті және есептелген мемлекеттік сыйлықақыны есепке ала отырып, сақтандыру төлемін ала алады. Егер сақтандыру сомасының мөлшері оқудың құнынан асатын болса, онда оған жинақтың жалпы құнының айырмасы төленеді.

Егер баланы колледжден немесе жоғары оқу орнынан шығарып жіберсе және ол үш жыл ішінде қайта қабылданбаса не басқа білім беру ұйымына оқуға түспесе, онда ол сақтандырушыдан мемлекет сыйлықақысы шегерілетін тек сатып алу сомасын ғана алады.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделері барынша ескерілген, сақтандырудың үлгілік шартының талаптарын регламенттегенін атап өткен жөн. Бірақ шартқа қол қояр алдында онымен мұқият танысып, барлық тармақтарын жете зерттеу қажет.

 

 Fingramota.kz сайтымен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге