Сақтандыру делдалы: істі сотқа дейін жеткізбеу
Сақтандыру жағдайы басталып, бірақ сақтандыру компаниясы әр түрлі сылтаулармен жасалған шарт бойынша міндеттемелерін орындаудан бас тартатын кездер болады. Мұндай жағдайларда сақтандыру омбудсманы сақтандыру компаниясының клиентіне көмекке келеді. Ол сонымен қатар делдал деп те аталады.
Көбінесе жол-көлік апатына ұшыраған көлік иелері сақтандыру омбудсманына жүгінеді. Бұл барлық өтініштің шамамен 80%-ын құрайды.
Сақтандыру омбудсманы деген кім?
Қазақстанда Сақтандыру омбудсманы институты 2007 жылы және посткеңестік кеңістікте алғашқы болып құрылды. Оның қызметі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, он заңмен, оның ішінде «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және «Сақтандыру омбудсманының ішкі қағидаларымен» реттеледі.
Сақтандыру омбудсманы – өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға. Ол сақтанушылар (сақтандырылған адамдар, пайда алушылар) мен сақтандыру ұйымдары арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттеумен және сақтандыру шарттарынан туындайтын дауларды соттан тыс шешумен айналысады.
2015 жылғы 27 қарашадан бастап Қазақстанның сақтандыру омбудсманы Андрей Копов болып табылады. 2019 жылдың 29 қарашасында бұл лауазымға Павел Завалко сайланды, ол 30 желтоқсанда қызметке кіріседі.
Сақтандыру омбудсманы қандай мәселелерді шешеді?
· Сақтанушылар (сақтандырылған адамдар, пайда алушылар) - жеке тұлғалардың және (немесе) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің сақтандыру компанияларымен болған келіспеушіліктерін реттеуге ықпал етеді, бұл ретте талап ету сомасы айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен аспауы тиіс, бұл 2019 жылға 25 250 000 теңгені құрайды.
· Сақтандыру ұйымдарының өздерінің арасында міндетті және ерікті сақтандыру мәселелері бойынша туындайтын келіспеушіліктерді.
· Басқа заңды тұлғалар сақтандыру омбудсманына көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру сыныбы (түрі) бойынша ғана өтініш жасайды.
Сақтандыру омбудсманы институтының арқасында көптеген даулар сотқа дейінгі тәртіппен реттеледі. Сақтанушылар мен сақтандырушылардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуді сақтандыру омбудсманы ақысыз жүзеге асырады.
Сақтандыру омбудсманы жұмысының қағидаттары:
· Тең құқықтық. Тараптар тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие.
· Әділдік және бейтараптылық. Омбудсман ешқандай тараптың өкілі болмайды.
· Сақтандыру құпиясын және заңмен қорғалатын басқа да құпияны сақтау. Омбудсман қарым-қатынастарды реттеу барысында алған ақпаратқа қатысты конфиденциалдылықты сақтауға және оны үшінші тұлғаларға жарияламауға міндетті.
· Тараптардың заңмен қорғалатын құқықтар сақтау және мүдделерін құрметтеу. Омбудсман тараптарға өздерінің заңды мүдделерін білдіру үшін тең жағдай жасауға міндетті.
· Шешім қабылдау рәсімдерінің ашықтығы және негізділігі.
Сақтандыру жағдайларын реттеу алгоритмі
Өтініш беріліп, құжаттар пакеті ұсынылғаннан кейін сақтандыру омбудсманы істерді қарауға дайындауды ұйымдастырады және қажет болған жағдайда, тараптардан жазбаша түсіндірме, дәлелдер және басқа да қосымша құжаттар сұратады.
Заңнамаға сәйкес сақтандыру омбудсманы өтініш білдірген жағдайда ішкі істер органдарының өкілдері, прокуратура, соттар, денсаулық сақтау ұйымдары, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар оқиғалар мен оның салдары туралы қажетті ақпарат беруге міндетті.
Дауға тікелей қатысты мәнін қарау үшін жеткілікті болатын бүкіл құжаттарды алғаннан кейін іс бойынша тыңдалым тағайындалады, оған дау тараптары шақырылады.
Тыңдалым қорытындысы бойынша шешім шығарылады. Сақтандыру омбудсманының шешімі дау тараптарына шешімнің қарар бөлігін ауызша жариялағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде жазбаша жеткізіледі.
Сақтандыру омбудсманы институтын құру сәтінен бастап статистика бойынша даулар бойынша 3 000 астам шешім қаралды және шығарылды. Оның ішінде сотта 61 шешім шағым берілген, олардың 56 шешімі өзгеріссіз қалды, күші жойылды, бұл сақтандыру омбудсманы шығарған жалпы шешімдер санының 0,17% құрайды.
Омбудсманның қандай мүмкіндігі бар?
· Келіспеушіліктерді еңсеруде практикалық көмек көрсете алады және сақтандыру нарығы қатысушыларының арасында өзара түсіністікке жетуге мүмкіндік береді;
· Тараптар арасында қарым-қатынастарды реттеу бойынша туындаған мәселелерді қарау рәсімдерін жеңілдетеді, жылдамдатады.
Сақтандыру омбудсманы шешімінің мәртебесі қандай?
· Сақтандыру омбудсманының сақтандыру ұйымдары арасындағы келіспеушіліктер бойынша шешімі олар үшін міндетті болып табылады.
· Сақтандыру омбудсманының сақтанушы мен сақтандыру ұйымы арасындағы келіспеушіліктер бойынша шешімі, оны сақтанушы қабылдаған жағдайда сақтандыру ұйымы үшін міндетті болып табылады. Бұл ретте, сақтандыру омбудсманы шешімінің орындалуы сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) үшін міндетті болып табылмайды.
· Сақтандыру омбудсманының шешіміне сот тәртібімен шағымдануға болады.
Сақтандыру омбудсманына қалай хабарласуға болады?
Өтінішті:
· сақтандыру омбудсманның офисіне: Алматы қ., Рысқұлбеков к-сі, 28/7 «Бай Тал»ТК, 2-қабат мекенжайы бойынша тікелей беруге;
· мына телефондар арқылы: +7(727) 382 41 74, +7 708 151 52 35;
·мына электрондық мекенжай бойынша: office@omb.kz.;
· www.omb.kz. сайты арқылы;
· сақтандыру ұйымдары, олардың филиалдары және өкілдіктері арқылы беруге болады.
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды