Қазіргі кезде сақтандырудың көптеген негізгі түрлері электрондық түрде қолжетімді. Бірақ азаматтардың барлығы бірдей оларды қалай және қай жерде ресімдеу қажеттігін біле бермейді, ал мұны қаржы алаяқтары өз мүддесіне пайдаланады. Өздерін сақтандыру ұйымдарының өкілдері ретінде таныстыратын алаяқтарды қалай танып-білуге болады, олардың тұзағына түспес үшін не істеу қажеттігін Fingramota.kz айтып береді.
Сізге өздерін сақтандыру компаниясынанбыз деп хабарласып, ескі полистің қолданыс мерзімі жақын арада аяқталатындықтан, жаңадан полис ресімдеуге ұсыныс жасайды. Егер сіз солардың компаниясынан ғана полис алуға келісіміңізді беретін болсаңыз, «сақтандыру агенті» жақсы бонустар мен пайдалы тарифтер болатынын айтады. Телефоныңызға компания сайтына сілтеме жібереді, ал сіз ол сілтемені ашып, қажетті деректерді енгізіп, төлем жүргізсеңіз болды. «Агент» полис алудың барлық рәсімін егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Сырт қарағанда, сіз бәрін нұсқаулық бойынша дұрыс істегенмен, жаңа онлайн-полистің «орнын сипап қаласыз». Себебі сіз алаяқтар өздерін сақтандыру компанияларының өкілдері ретінде таныстырып, сізді «қармағына іліп», ақшаңызды алу үшін фишинг сайттарға, яғни сақтандырушылардың клон-сайттарына сілтеме жіберетін, кең тараған алаяқтықтың құрбаны болдыңыз.
Алаяқтар сіздің шоттарыңызға қалай қол жеткізе алады?
Сақтандыруды фишинг сайт арқылы ресімдеу кезінде, әдетте, картаның толық деректемелерін енгізу қажет: ТАӘ, міндетті түрде сыртқы жағында орналасқан үш таңбалы CVC/CVV-коды, картаның қолданыс мерзімі, сондай-ақ ЖСН-ді қоса алғанда, жеке басты куәландыратын құжаттың деректері. Бұл ретте фишинг сайттың сақтандыру ұйымының осы сайтынан іс жүзінде дизайны жағынан да, мазмұны жағынан да айырмашылығы болмауы мүмкін. Кейде сайтта шағын мөлшерде, мысалы, 100 теңге мөлшерінде сынақ төлемін жүргізу ұсынылады, бұл ақша міндетті түрде шотқа қайтарылады. Бірақ ол үшін сайтқа картаның артқы жағындағы үш саннан басқа, телефонға келетін SMS-кодты енгізу қажет. Не алаяқтар сіздің онлайн-банкингіңізге толық қол жеткізу үшін қаржылық алаяқтықтың мозайкасындағы соңғы пазл ретінде қажет болатын осы кодты алудың өзге әдісін ойлап табады. Сонда ғана алаяқтар ақша аудара алады, интернет арқылы сатып алу ақысын төлейді, кредит ресімдей алады және сіздің рұқсатыңызсыз өзге операцияларды жасай алады.
Сіздің алаяққа тап болғаныңызды білдіретін үш белгі
Күдігіңізді тудырып, алаяқтарды әшкерелеуге болатын бірнеше белгі бар.
№ 1 белгі. Алаяқтар байланысқа бірінші болып өздері шығады
Алаяқтар, әдетте, нағыз сақтандыру агенттерінің атын бүркемеленіп, солардың іс-әрекеттерін қайталайды: клиенттерге телефон соғады, мессенджерлерге жазады, полисті онлайн ресімдеу үшін телефонға SMS-хабарлар жібереді. Алайда, нағыз агенттерден айырмашылығы олар заманауи технологияларды белсенді қолданады және сақтандырушының нөмірін ауыстыру олар үшін түкке тұрмайды, яғни сізге қызмет көрсететін сақтандыру ұйымының нөмірінен телефон соға алады. Олардың мақсаты – сіздің қызығушылығыңызды туғызу, сеніміңізге әбден кіріп алып, сақтандыру ресімдеу үшін келісім алу және сілтеме бойынша өтуге немесе сіздің картаңыздың деректерін және SMS-кодты айтуға мәжбүрлеу болып табылады.
Қажетті әрекеттер. Полис мерзімінің шынымен аяқталғанын не аяқталмағынын тексеріп алыңыз. Егер сізге бейтаныс адамдар қоңырау шалса, олар сақтандыру компанияларының, банктердің немесе басқа ұйымдардың, тіпті құқық қорғау органдарының өкілдері болса да, олардың сөзіне сенбеңіз. Ұйымның атауын, қызметкердің атын, тегін және лауазымын нақтылаңыз, ресми нөмір бойынша осы компанияға қайта қоңырау шалыңыз және сізге қоңырау шалған адам жұмыс істейтінін немесе істемейтінін біліңіз. Сақтандыру полистерін сақтандыру ұйымының ресми сайтында жасаған дұрыс. Бұл оңай әрі қауіпсіз.
Сақтандыру компаниясында міндетті түрде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензия болуға тиіс және ол дәл сізге қажетті сақтандыру түріне берілуі қажет. Жұмыс істеп тұрған сақтандыру компанияларының лицензиясын сіз реттеушінің www.gov.kz сайтында тексере аласыз. Сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасау үшін пайдаланылатын сақтандыру компаниялары сайттарының тізбесі де «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ сайтының «Онлайн-сақтандыру» бөлімінде орналастырылады.
№ 2 белгі. Алаяқтар үнемі материалдық пайда туралы әңгіме қозғайды
Алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін қолдануы мүмкін, сізге қысым жасай алады немесе ұтыс ойындары, бонустар арқылы күшті эмоциялар тудырып, өздеріне тартады. Қаскүнемдер ақша тақырыбына айла-шарғы жасайды, өйткені оларды алу немесе жоғалту ықтималдығы әңгімелесушіде әрдайым күшті эмоциялар тудырады. Психологтар ретінде олар егер адам тепе-теңдіктен шықса, оны басқару оңайырақ болатынын біледі. Мысалы, олар «қазір полисті ресімдеп, сіз пәтердің ұтыс ойынына автоматты түрде қатысасыз, бірақ науқан бірнеше сағаттан кейін аяқталады» немесе «қазір АҚЖМС полисін ресімдеп, сіз 50 литр бензин аласыз, бірақ асықпасаңыз, ол жақын арада аяқталады, себебі аламын деушілер өте көп» деп айтуы мүмкін. Қызығарлық па?
Қажетті әрекеттер. Әр нәрсеге шынайы қараңыз. Алаяқтар ғана уәдеге қарық қылады. Негізінен сақтандыру компаниясына қоңырау шалып, оның «агенттері» сізге телефон арқылы айтқан науқанның өтіп жатқандығын анықтай аласыз немесе бұл ақпаратты сақтандырушының ресми интернет-ресурсында, сондай-ақ оның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында қараңыз. Тек мұнда мұқият болыңыз және дубликат-сайтқа кірмеңіз.
№ 3 белгі. Алаяқтарға Сіздің картаңыздың артқы жағындағы үш цифр және SMS-код қажет
Алаяқтар жасаған клон-сайттар шынайы сайттарға өте ұқсас, кейде олардың мекенжайлары ресми белгілерден екі таңбамен ғана ерекшеленеді. Айта кету керек, браузердің мекенжай жолын мұқият қарау пайдаланушылардың кез келгенінің ойына келе бермейді. Бірақ көбінесе фишинг сайттар асығыс жасалады, орфографиялық қателер көп, басқа түстер қолданылады, кейбір бөлімдер жұмыс істемейді. Бұл қырағы пайдаланушылардың көзіне бірден түседі. Алаяқтар Сізге онлайн-полисті сатып алу үшін дәл осындай жалған сайтқа сілтеме жіберуі мүмкін, онда міндетті түрде төлем картасының толық деректерін және SMS-кодты енгізу қажет болады.
Қажетті әрекеттер. Мекенжай жолында не жазылғанын қараңыз. Егер ол жерде https және жабық құлып белгішесі болса, бұл байланыс қауіпсіз және Сіз енгізген деректер автоматты түрде шифрланады дегенді білдіреді. Тәжірибелі хакерлер, әрине, егер қажет болса, мұндай сенімді амалдарды да бұзуы мүмкін. Сондықтан, түсініксіз сілтемелерді жіберетін бейтаныс адамдарға сенбестен, полисті сатып алғыңыз келетін сақтандыру ұйымы сайтының мекенжайын өзіңіз тергеніңіз дұрыс.
Өз деректеріңізді алаяқтарға беріп қойсаңыз, не істеу қажет?
Егер сіз алаяқтардың сайтында өз деректеріңізді қалдырған болсаңыз, бірден банкке хабарласып, картаңызды бұғаттауын сұраңыз. Оны қайта шығару қажет болады. Көп кешіктірмей құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгініңіз. Себебі, қаржылық алаяқтықпен байланысты істерді тергеу мәселелері полицияның құзыретіне жатады. Өтініш көшірмесін міндетті түрде сақтап қойыңыз. Алаяқтар өзге айла-шарғылар, мысалы сіздің атыңыздан қарыз ресімдеу үшін деректеріңізді пайдаланатын болса, сіз оған қатысыңыздың жоқ екендігін дәлелдей аласыз.
Сонымен бірге барлық: электрондық поштаңыздың, онлайн-банкингіңіздің, әлеуметтік желілердегі аккаунттарыңыздың құпиясөздерін міндетті түрде ауыстырыңыз. Құпиясөздер күрделі әрі әртүрлі, 10 таңбадан асатын, құрамында бас әріптер, кішкентай әріптер, сандар және белгілер болуға тиіс. Өз құпиясөздеріңіз бен жеке деректеріңізді әрдайым құпия ұстаңыз!
Абай болыңыз және өз қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Бала мен қаржы: қалта ақшасын қалай онлайн басқаруға болады
Ұзақ демалыс немесе шағын демалысты қалай жоспарлаған жөн
Қазақстанда қаржылық пирамидаларға тыйым салынған!
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқаруға бере алатын мерзімдер мен компания...