Қарт адамға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныстырады. Олар күдікті операциялар, шотты бұзу немесе кредит ресімдеу әрекеттері болғаны жөнінде хабарлайды. Әңгіме байсалды түрде, банктердің нақты атаулары мен таныс сөз тіркестерін қолдана отырып жүреді, бұл қарт адамдардың сенімдерін тудырып, күмәндануға негіздер болмау үшін жасалады.
«Қаражатты қорғап қалу» деген сылтаумен адамды асықтырады: олар SMS-пен келген кодты, карта деректемелерін атауды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрайды. Мұның бәрі адамның бей-берекетін шығарып, асықтырып, оған ойлануға уақыт бермеу үшін жасалады.
Есте сақтау маңызды: нағыз банктер ешқашан растау кодтарын, PIN немесе CVV сұрамайды және телефон арқылы ақша аударуды сұрамайды. Егер әңгіме күдік тудырса, оны дереу доғарып, банкке өзіңіз хабарласқаныңыз абзал. Сақтық пен ақпаратты тексеру - сіздің жинақ ақшаңызды қорғаудың кепілі.
«Мемлекеттік органдардан» келетін хабарлар
Қарт адамға ХҚО-дан, зейнетақы қорынан, салық немесе полициядан хабарлама келеді. Онда зейнетақыны қайта есептеу, айыппұл немесе деректерді шұғыл растау қажеттілігі туралы айтылады. Мұндай сөздер алаңдаушылық тудырады және асығыс әрекет жасауға итермелейді.
Хабарламадағы сілтеме жалған сайтқа апарады, ол сырт көзбен қарағанда ресми сайтқа ұқсайды. Оған дербес немесе банк деректерін енгізу арқылы адам оны алаяқтарға жібереді.
Есте сақтау маңызды: мемлекеттік органдар дербес деректерді сұрамайды және SMS немесе мессенджерлер арқылы шұғыл әрекет етуді талап етпейді. Кез-келген күмән туындаған жағдайда ұйымға ресми байланыстар арқылы дербес хабарласқан дұрыс. Сақтық және ақпаратты тексеру сіздің жинағыңызды және дербес деректеріңізді қорғайды.
«Туысқаныңыз қиын жағдайда»
Алаяқтар жиі қарт адамдардың көңіл-күйлерін пайдаланады. Олар қоңырау шалып, ұлы, немересі немесе басқа жақын адамы апатқа ұшырағанын, ұсталғанын немесе шұғыл көмекке мұқтаж екенін хабарлайды. Әңгіме сенімді түрде және асығыс жүреді: адамды оның салдарымен қорқытады, біреуге қоңырау шалуға немесе ақпаратты тексеруге тыйым салады, бұл қарт адамға қатты күйзеліс болып, тез әрекет ету қажет деген ой тудырады. Эмоциялардың қысымымен алаяқтар дереу ақша аударуды немесе оны «курьерге» беруді талап етеді. Мұндай жағдайда тіпті ең сақ адам да сасқалақтап қалуы мүмкін.
Есте сақтау маңызды: ешкімнің қауіп төндіріп қаражат аударуды талап етуге құқығы жоқ. Егер сізге осындай оқиғамен қоңырау шалса, әңгімені тоқтатып, жақын адамыңызбен өз бетіңізше байланысыңыз.
Жалған инвестициялар және «кепілдік берілген кіріс»
Қарт адам «сенімді» жобаға — кооперативке, криптовалютаға немесе «мемлекеттік бағдарламаға» жинақ салу туралы ұсыныс алады. Олар танымал брендтердің атын жамылып немесе Үкіметтің қолдауы бар деген желеумен тәуекелсіз, жоғары кіріс алуға уәде береді. Бір қарағанда қауіпсіз болып көрінеді, бірақ бұл алаяқтардың классикалық схемасы.
Шындығында, мұндай ұсыныстардың артында әрдайым алдау тұрады. Ешқандай жоба тәуекелсіз пайдаға кепілдік бермейді, ал ресми бағдарламалар бейтаныс шоттарға ақша аударуды қажет етпейді. Кез келген инвестицияны жасамас бұрын, ақпаратты тексеру, оны туыстарымен талқылау немесе ресми дереккөздерге жүгіну маңызды.
Мессенджерлердегі аккаунттарды қолды қылу
Жалған сілтемелер арқылы алаяқтар қарт адамның WhatsApp немесе Telegram қосымшаларына кіре алады. Осыдан кейін олар оның туыстары мен таныстарына оның атынан шұғыл қарыз алуды талап етіп хат жаза бастайды.
Есте сақтау маңызды: егер хабарлама күдікті болып көрінсе немесе талап етуге ұқсайтын болса, оны жіберген адамды дереу тексеріп алған дұрыс.
Егде жастағы адамдарды қалай қорғауға болады: шын мәнінде не нәрсе тиімдірек
Тұрақты түрде және сабырлы қалыпта сөйлеңіз. Ең тиімді қорғаныс – бұл бір реттік әңгіме емес, қарапайым ережені үнемі еске салып отыру: банктер мен мемлекеттік органдар ешқашан телефон арқылы немесе мессенджерлерде кодтарды, ақша жіберуді және аударым жасауды сұрамайды.
«Әңгімені бірден тоқтату ережесі» туралы келісіңіз. Егер әңгіме ақшамен байланысты болса, әңгіме бірден тоқтату керек. Әрі қарай ақпаратты тексеру үшін жақын адамдарыңызға қоңырау шалыңыз.
«Стоп кредит» қызметін қосыңыз. Кредиттерді ресімдеуге ерікті тыйым салу дербес деректер қолды болған жағдайда да алаяқтық қарыздардан қорғайды. Бұл әсіресе кредит алуды жоспарламайтын қарт адамдарға қатысты.
«Көмекші қол» қағидатын қолданыңыз. Кез келген ірі операциялар (аударымдар, ақша алу, банктегі деректерді өзгерту) сенім білдірілген адам – балалары, туыстары немесе қамқоршысы растағаннан кейін ғана жүзеге асырылатындығына келісіп алу өте жақсы тәжірибе. Көптеген банктерде хабарламаларды немесе операцияларды бірлесіп бақылауды орнатуға болады – бұл қысым жасау салдарынан жасалатын қателіктердің қаупін айтарлықтай азайтады.
Үлкен сомаларға қол жеткізуді шектеңіз. Аударым лимиттерін белгілеу, жеке зейнетақы шотын пайдалану және барлық операциялар бойынша SMS немесе push-хабарламаларды қосу пайдалы.
Телефон мен мессенджер баптауларын тексеріңіз. Күдікті қоңырауларды қабылдауды өшіріңіз, антивирусты орнатыңыз, браузердегі деректерді автоматты түрде толтыруды алып тастаңыз және WhatsApp-тағы «Байланысты құрылғылар» бөлімін тексеруді үйретіңіз.
Әрқашан байланыста болыңыз. Алаяқтар көбінесе адам жалғыз болғанда және қорқып отырғанда әрекет етеді. Жақындарыңызбен үнемі қарым-қатынас жасау жалғыз және асығыс шешім қабылдау ықтималдығын азайтады.
Ең бастысы есте сақтайтын нәрсе: алаяқтар технологияның көмегімен емес, адам эмоциялары арқылы әрекет етеді. Қорқыту, асықтыру және қысым жасау адамды ойланбастан әрекет етуге мәжбүр етеді. Қамқорлық жасау, үнемі назар аудару және алдын ала ойластырылған іс-қимыл ережелері егде жастағы адамдарды қаржылық шығындардан жақсы қорғайды.
Егде жастағы туыстарыңызға қолдау көрсетуді ұмытпаңыз: оларға алаяқтықты қалай тануға болатынын түсіндіріңіз, күдікті қоңыраулар мен хабарламаларды бірге тексеріңіз, қаржылық шешімдерді бірге талқылаңыз.

Өзіңізге, жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылықты арттырыңыз!
Сенгіштік сіздің осал тұсыңыз болғанда: қарт адамдарды қаржы алаяқтарынан қалай қорғауға болады
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
WhatsApp-ғы жаңа қатер және одан қалайша қорғану қажет. ҚНРДА қазақстандықтарды ескертеді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық
Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң туралы