Әскерге шақыру басталды: қызмет кезеңінде қазақстандықтардың кредиттерімен не болады

time 6.05.2026

Мамырдан қазанға дейін Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру және әскери жиындар өтеді. Биыл 21 мыңнан астам әскери міндетті азаматты шақыру жоспарланып отыр, және олардың көпшілігінде заңды сұрақ туындайды: қызмет барысында кредиттермен не болады?

Бүгінде бұл мәселе заңнамалық деңгейде реттелген және шешім әскерге шақырылушылардың пайдасына қабылданған. Қызмет кезеңінде олар үшін қаржылық қорғау шаралары қарастырылған, бұл қосымша кредиттік жүктемеге тап болмай, әскери қызметті алаңсыз өтеуге мүмкіндік береді.

Кредиттер автоматты түрде «үзіліске» қойылады

2024 жылғы тамыздан бастап Қазақстанда мерзімді әскери қызметшілерге кредиттер бойынша кейінге қалдыруды көздейтін түзетулер күшіне енді. Бұл шешім жастардың қызмет кезеңіндегі қаржылық жүктемесін азайтуға және әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Тетігі қарапайым: қызмет уақытына кредит төлемдері уақытша тоқтатылады. Осы кезеңде пайыздар, айыппұлдар және өсімпұлдар есептелмейді, яғни берешек ұлғаймайды.

Қосымша ретінде, кейінге қалдыру қызмет аяқталғаннан кейін тағы 60 күн бойы сақталады. Бұл асықпай қалыпты төлем кестесіне қайта оралып, қаржылық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Маңызды артықшылық — автоматты формат. Әскери қызметшіге банкке жүгінудің немесе қосымша құжаттар рәсімдеудің қажеті жоқ: барлық рәсім тиісті деректер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады.

2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша 36,5 мың әскери қызметші жалпы сомасы 7,7 млрд теңге болатын кредиттер бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланды.

Берешекті өндіріп алу да қызмет кезеңінде тоқтатылады

Берешекті өндіріп алу сатысына өткен жағдайлар үшін де жеке қорғаныс шаралары қарастырылған. Бұл дегеніміз, егер шақырылғанға дейін қарыз мәселесі күрделі болған болса да, қызмет кезеңінде ол «тоқтатылады».

Егер Берешек бойынша сот шешімі шыққан болса, атқарушылық жазба ресімделсе немесе берешекті өтеу туралы келісім жасалса, бұл процестердің барлығы қызмет кезеңінде уақытша тоқтатылады.

Бұл шара өндіріп алу жалғасып, әскери қызметшіге немесе оның отбасына қаржылық қысым сақталатын жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни мемлекет барлық міндеттемелерді уақытша «үзіліске» қойып, оларды қызмет аяқталғаннан кейін шешуге мүмкіндік береді.

Мерзімді қызметшілерге кредит рәсімдеуге тыйым салынған

2025 жылғы 31 тамыздан бастап Қазақстанда тағы бір маңызды ереже енгізілді: мерзімді әскери қызметшілерге жаңа кредиттер рәсімдеуге тыйым салынады.

Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттің мәртебесін кредиттік бюролар (ГКБ және ПКБ) арқылы тексеруге міндетті. Егер адам қызметте болса, кредит өтінімі мақұлданбайды.

Бұл адамның қаржысын басқару мүмкіндігі шектеулі кезеңде жаңа қарыздардың жиналуына жол бермеу үшін жасалған. Іс жүзінде жүйе әскери қызметшілерді қосымша қаржылық тәуекелдерден алдын ала қорғайды.

Неліктен бұл маңызды

Бұрын көптеген шақырылушылар қиын жағдайға тап болатын: кредиттер «өз бетінше» жалғасып, төлемдер, пайыздар және айыппұлдар есептеле беретін, ал міндеттемелерді көбіне туыстары орындауға мәжбүр болатын.

Нәтижесінде берешек өсіп, айыппұлдар мен өсімпұлдар көбейіп, адамның өзі қаржысын бақылауға физикалық мүмкіндігі болмаса да, кредиттік тарихы нашарлайтын.

Бүгінде бұл жүктеме іс жүзінде алынып тасталды. Жаңа ережелердің арқасында қызмет кезеңінде қаржылық «үзіліс» енгізіледі: міндеттемелер жиналмайды, демек адам қызметті аяқтағаннан кейін бірден қарыздармен бетпе-бет келу қаупінсіз әскери борышын өтей алады.

Қызметтен кейін нені ескеру керек

Берілген жеңілдіктерге қарамастан, кредит жойылмайды — ол тек қызмет кезеңіне уақытша тоқтатылады.

Демобилизациядан кейін өтпелі кезең қолданылады: 60 күн ішінде кейінге қалдыру сақталады, бірақ одан кейін төлемдер қайта басталып, белгіленген кестеге оралу қажет.

Сондықтан алдын ала дайындалған дұрыс: қаржылық жағдайды бағалап, қажет болса банкпен байланысып, төлемдерді жоспарлау керек. Бұл міндеттемелерді кешіктірмей, бірқалыпты қалпына келтіруге көмектеседі.

Қосымша кепілдіктер

Мерзімді әскери қызмет кезеңінде мемлекет кредиттер бойынша жеңілдіктермен қатар базалық әлеуметтік кепілдіктерді де қамтамасыз етеді.

Шақырылушының жұмыс орны сақталады, бұл қызметтен кейін еңбек қызметіне қайта оралуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет әскери қызметшілерді тамақпен, тұрумен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіп, негізгі шығындарды өз мойнына алады.

Жалпы алғанда, бұл шаралар қызмет кезеңіндегі қаржылық және тұрмыстық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Қызметке қалай дайындалып, қаржылық қиындықтарға тап болмауға болады

Қызметке дейін және одан кейін қаржылық қиындықтардың алдын алу үшін өз міндеттемелеріңізді алдын ала ойластырып, өзгерістерге дайындалу маңызды.

Ең алдымен, қолданыстағы кредиттер мен берешектердің бар-жоғын тексеріп, қаржылық жағдайдың толық көрінісін түсіну қажет.

Сондай-ақ банктерде өзектi байланыс деректерiңiздiң көрсетілгеніне көз жеткізу маңызды — бұл хабарламалар мен маңызды ақпаратты өткізіп алмауға көмектеседі.

Әскерге шақырылар алдында аса қажеттілік болмаса, жаңа кредит рәсімдеуден бас тартқан жөн.

Қызмет аяқталғаннан кейін төлемдерге қайта оралуды алдын ала жоспарлау қажет, бұл қалыпты кестеге біртіндеп және кешіктірмей өтуге мүмкіндік береді.

Бүгінде мерзімді әскери қызметке шақыру бұрынғыдай қаржылық тәуекелдермен байланысты емес. Қызмет кезеңінде кредиттер тоқтатылып, пайыздар мен айыппұлдар есептелмейді, ал жаңа қарыздар берілмейді. Егер өндіріп алу процестері болса, олар да уақытша тоқтатылады.

Бұл әскери қызметті қаржылық міндеттемелерге алаңдамай, толыққанды өтеуге және демобилизациядан кейін оларды сабырмен қайта жалғастыруға мүмкіндік береді.

Баршаңызды келе жатқан мерекемен құттықтаймыз! Ашық аспан, тұрақтылық және болашаққа сенімділік тілейміз. Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

white-arrow Тізімге