Жалған брокерлер: оларды қалай танып, білуге болады

time 17.02.2025

Соңғы уақытта технологияның дамуымен қатар жалған брокерлер мен жалған дилерлердің белсенділігі де арта түсуде.  Алаяқтар инвестициялық – брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру сылтауымен әдеттегі схема бойынша азаматтардың ақшасын тартады: қолдарында қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясы жоқ бола тұра олар өздерін табысты және болашағы зор компаниялардың қызметкерлері ретінде ұсынады. 

Жалған брокерлердің кеңінен тараған әдістері және оларды шынайы әдістерден қалай ажыратуға болатыны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырып көрелік!  

Соңғы жылдары қашықтан ақша табу тәсілдерінің кеңінен таралуы, сондай-ақ түрлі сервистерді цифрландыру деңгейінің өсуі нәтижесінде жалған брокерлер мен жалған дилерлер жұмысының жандана түсуі байқалуда.  Қаскүнемдер ісін жаңадан  бастап жатқан инвесторлардың қажетті білімінің және бұл саладағы тәжірибесінің жеткіліксіздігін пайдаланады.

Алаяқтар қолдарында ел реттеушісінің тиісті лицензиясы жоқ бола тұра өздерін табысты және перспективалы компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстырады, Брокерлердің кім екенін және оларды алаяқтардан қалай ажыратуға болатынын анықтауға тырысайық.

Биржалық, лицензияланған брокер – бұл реттеушінің лицензиясы бар және сатушы мен сатып алушы арасындағы биржада делдал болып табылатын ҚР заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін компания.

Брокерлік компания: 

- сізге мәмілелер үшін есеп айырысуға болатын шот ашады;

- кейін оларға активтер сатып алу үшін шотқа ақша аударады;

- биржада бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату жөніндегі операцияны жүргізуді қамтамасыз етеді;

- ақша қаражаттарының балансы мен қозғалысы туралы қаржылық есеп береді;

- инвестордың өтінімі бойынша брокерлік шоттан қаражат алады, сондай-ақ салық агенті қызметін атқара отырып салық төлейді. 

Бір сөзбен айтқанда, брокер биржада мәмілелер жасасу үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктер береді: қор санаты, валюта және тауар секциялары бойынша, сондай-ақ басынан аяғына дейін  барлық процестерде клиентпен бірге жүреді.

Енді жалған брокерлердің кім екенін және олардың қалай жұмыс істейтінін қарастырайық.      

Жалған брокерлер —  бұл алаяқтар, жосықсыз әрекеттің белгілері бар адамдар немесе компаниялар. Олардың ең басты белгісі - бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясының болмауы.

Олардың кейбіреулері Қазақстан Республикасының резиденттері емес, тиісінше қазақстандық қаржы реттеушісінің тарапынан олардың қызметіне бақылау және қадағалау жүргізілмейді. Көбінесе олардың кеңселері біздің елде емес, аралдық юрисдикциялардың бірінде орналасқан, осыған байланысты  жалған брокерлерді табу, ұрланған ақшаны қайтару құқық қорғау органдарына қиынға соғады.

Ісін жаңадан бастаған инвесторлар қызу жарнамаға бой алдырып, өз қаражаттарын басқа елдің лицензиясы бар компанияларға сеніп салады.  Алайда,  брокер жалған немесе шынайы лицензия берсе де, олардың Қазақстанда өз қызметтерін көрсетуге құқығы жоқ екенін түсіну маңызды.

Соңғы уақытта криптовалюта деген сөз БАҚ беттерінен түспей, жиі айтылып жүр. Кейбір адамдар жалған брокерлердің айтқанына көніп, ақшасын негізгі криптовалюта – биткойнға салады. Биткойн өсіп, инвестицияларды көбейтті. Алайда жаңадан бастаған инвестор криптовалютаның не екенін жете білмейді. «Брокер» бұл инвестордың ақшасын жаңа криптовалютаға салды, бірақ ол скам (алаяқтық) болып шығады: алдымен бағасы көтеріледі, содан кейін күрт құлдырап, құнсызданады. Әлеуметтік желілердегі хабарландыруларында брокерлік шот ашу және салынған соманың 50%-ын алу ұсынылады. Азаматтар хабарландыруға сеніп, ақшасын «брокер» айтқан мекенжайға аударып, өз ақшасынан айырылады.

Тәжірибеге сенсек, жалған брокерлер көбінесе ұлттық немесе жеке компаниялардың акцияларын орналастыру кезінде белсенділігін арттырады. Air Astana, KEGOK, Қазмұнайгаз, Қазатомөнеркәсіп сияқты компаниялар IPO-ға (Initial Public Offering) шыққан кезде мұндай жағдайлар күрт өсті. Олар өздерін табысты және болашағы зор компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, осы IPO шеңберінде қарапайым азаматтардың – инвесторлардың ақшасын тартты. Сондай-ақ, жалған брокерлер IPO-дан кейін бірден ақша салған азамат бұл акцияларды 200% пайдамен сататынын айтып,  кез келген болашағы бар компанияның акцияларын жария орналастыруға инвестиция салуды ұсына алады. Инвестор оған сеніп, осы кеңесшіге ақша аударады, содан кейін жалған брокер байланысқа шығуды тоқтатады. Осылайша, инвестор өз ақшасын жоғалтады.

Жалған брокерлердің кең таралған әдістерінің бірі – өз қызметтерін агрессивті түрде және ығырын шығаратындай жарнамалау. Брокерлердің алаяқтарынан тіркелмеген нөмірлерден қоңыраулар, электрондық хаттар және бағалы қағаздарға инвестициялауға байланысты жалған құжаттардың сканерлері бар хабарламалар келуі мүмкін. Зиянкестер мүмкіндігінше сенімді клиенттерді агрессивті жарнамамен көбірек тартуға тырысып, азаматтарды тұрақты жоғары кірістілік уәделерімен адастырады. Олардың нысаналы аудиториясы – инвестициялық ғажайып платформалар арқылы тез және оңай ақша тапқысы келетін адамдар. Сенімді болу үшін алаяқтар «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», Kaz Minerals  сияқты ірі компаниялардың және басқа да компаниялардың логотиптері мен атауларын пайдаланады.

Көп жағдайда жаңадан бастаған инвесторлар алаяқтардың құрбаны болады. Жалған брокерлер көбінесе жаңадан бастаған инвесторлардың тәжірибесі мен білімінің жетіспеушілігіне баса назар аударады, ал диджиталдандыру  және қашықтан ақша табу мүмкіндігі дәуірінде олар өздерінің шынайы бет-бейнесін  жасырып, клиенттерді алдайды және ұлттық юрисдикцияны бұзған жағдайда қолжетімсіз болып қала береді. Жалған брокерлер әр түрлі психологиялық ықпал ету әдістерін, сенімдерді, сатудың жиі пайдаланылатын түрлерін белсенді түрде қолданады. Олар клиентті  өзіне тартқаннан кейін жоғары пайданың дәлелі ретінде оларға есептер мен графиктерді ұсынады. Алайда мұның бәрі шын мәнінде ештеңемен расталмаған жалған сандар.

Жалған брокерлер шот ашуға арналған қосымшаны орнатуды ұсынады, онда олар инвестициялардан, соның ішінде криптовалютадан түсетін кірістің қалай өсетінін «өтірік көрсетеді». Егер пайдаланушы шоттан ақша алғысы келсе, онда «жалған брокерлер» ақшаны толық алу үшін шотқа қосымша ақша салуды сұрайды. Сонымен қатар, олар ақшаны шұғыл түрде алу үшін «сақтандыру» төлемін немесе «еуропалық ұяшықта» валютаны күнделікті орналастыру үшін төлемді талап етуі мүмкін.

Жалған брокерлердің негізгі белгілері:

- салынған ақшадан қысқа мерзімде өте жоғары пайда алуға туралы уәде беру;

- лицензия туралы қажетті және толық ақпарат беруден бас тарту немесе оның болмауы;

- брокерлік компания сайтының мекенжайын айтудан бас тарту, ол туралы интернетте ақпараттың болмауы немесе компанияның сайтында компания меншік иесі туралы мәліметтердің, заңды мекенжайы мен байланыс деректерінің болмауы;

- «жеке менеджердің» банк картасына қаражат аудару туралы өтініш;

- тәуліктің кез келген уақытында «брокер» менеджерінің жасырын нөмірден немесе түрлі нөмірден қоңырау шалуы;

- дөрекі не кәсіби емес іскерлік қарым-қатынас;

- интернетте, әсіресе әлеуметтік желілерде «Халықтық IPO», «Тиімді инвестициялау», «Инвестицияларға арналған платформа» және басқаларын қолдана отырып, агрессивті және  жалықтыратындай жарнама жасау.

«Жалған брокерді» қалай тексеруге болады?

Ақшаңызды бейтаныс адамдарға немесе компанияларға сенбес бұрын, олардың Қазақстанда жұмыс істеу үшін тиісті лицензиясының бар-жоғын тексеру қажет. Ресми лицензиясы бар брокерлік және дилерлік ұйымдардың тізімін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында «Тізілімдер мен рұқсаттар» бөлімінен көруге болады. Сонымен бірге санаттары (валюталық, қор) бойынша брокерлердің тізімін Қазақстан қор биржасының сайтында тексеруге болады. 

Агенттіктің интернет-ресурсында көрсетілген инвестициялық делдалдың деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелермен сәйкес келуі тиіс екенін ескеру маңызды. Сонымен бірге қаржылық есептілікті, биржалардағы белсенділікті, сондай-ақ басқа клиенттердің пікірлерімен де танысу қажет.

Агенттіктің интернет-ресурсында лицензияланбаған қызмет немесе қаржы пирамидасының белгілері бар субъектілердің тізімі орналастырылған. Қазіргі уақытта тізім қызметі қаржылық лицензиялау және реттеу аясына кірмейтін 295 субъектіден тұрады. Бұл тізбе жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен жолданымдары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының сұрау салулары негізінде қалыптастырылады. Онымен міндетті түрде танысыңыз!

Жалған брокерлерден сақтану және қорғану шаралары:

– түсінбейсіз бе – инвестиция салмаңыз;

- брокерді міндетті түрде тексеріп алыңыз;

- брокер кіріс алуға кепілдік бермейді;

- бейтаныс адамдарға ақша бермеңіз;

- жоғары кіріс алу – тәуекелге бару деген сөз;

- алаяқтармен келіссөз жүргізу ақшаны қайтаруға көмектеспейді; 

- криптовалюталар мен олардың туынды құралдары KASE және AIX биржаларында саудалана ма, жоқ па екенін тексеріңіз;

- бейтаныс сілтемелер бойынша өтпеңіз және осы сайттарға төлем карталарының дербес деректерін енгізбеңіз;

- егер сіз жалған брокерлердің қулығына тап болсаңыз, мүмкіндігінше тез арада құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.  

Инвесторларды қорғау шаралары: 

Агенттік қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту жөнінде шаралар қабылдайды. Мәселен, 2022 жылғы 12 шілдеде Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң және басқа да заңға тәуелді актілер қабылданды. Онда бірқатар маңызды түзетулер көзделген:

  • біріншіден, брокер және (немесе) дилер білікті инвесторлар болып табылмайтын инвесторларға олардың біліктілік деңгейін ескере отырып қызметтер көрсетеді. Яғни, брокерлер тәуекел бейіні мен біліктілік деңгейін ескере отырып, белгілі бір клиентке инвестициялық ұсыныстар беруі керек;
  • екіншіден, заңда қызметтерді, оның ішінде Forex нарығында Қазақстан азаматтарына Агенттік лицензиялайтын брокерлер ғана көрсетуге құқылы екендігі көзделген. Бұл ретте инвестициялық консультация беру жөніндегі қызметтерді тек брокерлер мен инвестициялық портфельді басқарушылар ғана ұсынуға құқылы.  Егер клиент осы ұсынымдар негізінде инвестициялау нәтижесінде шығынға ұшыраған жағдайда, заңда бір мезгілде ұсынылған инвестициялық ұсынымдар үшін брокерлер мен басқарушылардың жауапкершілігі белгіленеді;
  • үшіншіден, жосықсыз нарықтық тәжірибелердің жолын кесу мақсатында капитал нарығында бағалармен айла-шарғы жасау қаржы құралдарының құнына әсер ететін мәмілелер жасасу ғана емес, сонымен қатар өтінімдер беру (баға белгілеулерді жариялау) және жалған немесе жаңылыстыратын ақпаратты тарату деп танылатын болады.

Ісін жаңадан бастаған инвесторлар үшін пайда әрқашан болжамды тәуекелге теңбе-тең екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан, адал брокер шығынға ұшырау тәуекелдері туралы ескертпестен жоғары кірісті уәде етпейді, сонымен қатар «Халықтық IPO» аясында инвестициялардың қайтарылуына кепілдік бермейді, ал жалған брокерлер өз сөздерін ештеңемен растамастан, мол пайдаға кенелетіні туралы уәде етеді. 

Қаржылық және инвестициялық сауаттылықты Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

white-arrow Тізімге