Жыл сайын 31 қазан күні бүкіл әлем бойынша Халықаралық жинақ күні атап өтіледі. Бұл күн бізге ақшаға жауапты қарауды және жинақ жасаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Жинақтар тек қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар біздің жоспарларымыз бен мақсаттарымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық жинақ күні – өзіңіздің қаржыңыз жайлы ойлануға жақсы себеп. Мұндай күн 1924 жылы Миланда өткен Халықаралық жинақ конгресінде белгіленген болатын. Сол уақыттан бастап бұл күн адамдарды ақшаны дұрыс басқару қажеттілігіне назар аудартып, қаржылық сауаттылықтың символына айналды.
Неліктен бұл соншалықты маңызды? Жинақтардың болуы ертеңгі күнге сенімділікпен қарауға және өзіңізді қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді. Жинақ мөлшері неғұрлым көп болса, ол пәтер сатып алу, арманыңыздағы сапарға шығу, білім алу және т. б. сияқты сіздің қаржылық мақсаттарыңызға қол жеткізу соғұрлым жеңіл болады.
Жинақ күні басқа елдерде қалай атап өтіледі
Әлемнің әр түкпірінде бұл күн жергілікті дәстүрлерді ескере отырып, ерекше атап өтіледі, алайда оларды біріктіретін бір мақсат – адамдарды қаржылық сауаттылыққа оқытумен барынша қамту, ақша жинау мен қаржылық жоспарлаудың маңыздылығы жөнінде хабардарлығын арттыру, сондай-ақ оларға тәжірибе алмасып, жаңа қаржылық білім алуға мүмкіндік беру.
АҚШ: АҚШ-та Жинақ күні жиі «National Savings Day» шарасымен сәйкес келеді. Банктер мен қаржы мекемелері бұл науқан кезінде жинақ шоттарына арнайы ұсыныстар беріп, қаржылық жоспарлау бойынша семинарлар өткізеді.
Жапония: сакура елі бұл күнді «Ақша жинау күні» деп атайды. Осы күнге орай қаржы ұйымдары отбасыларға арналған арнайы іс-шаралар ұйымдастырады, онда балаларға ақшаны дұрыс пайдалану жолдарын үйретеді. Бұл балаларда ерте жастан жинақтау дағдысын қалыптастыруға көмектеседі.
Франция: мұнда әртүрлі акциялар мен білім беру бағдарламалары өткізіледі. Оқу орындарында қаржылық сауаттылық бойынша арнайы сабақтар ұйымдастырылып, оқушылар жинақ және инвестициялардың маңыздылығы туралы біледі.
Италия: Жинақ күні көбінесе қаржылық көрсетілетін қызметтер көрмелері мен жәрмеңкелеріне арналған. Адамдар қаржы сарапшыларымен араласып, әртүрлі жинақ опциялары мен арнайы ұсыныстар туралы біле алады.
Қаржылық сауаттылық басталатын негізгі қағида – үнемдей білу және ақша жинай білу. Бұл балалар мен ересектердің бойында қалыптасуы жөн деп саналатын, маңызды қаржылық әдеттердің бірі.
Шығындар мен кірістерді есепке алыңыз
Қаржыңызды жазып отыру — пайдалы әдет. Бұл шығынның көбірек болуынан сақтайды және ойланбай жұмсалған қаржыны көрсетеді. Мысалы, такси орнына метрода жүруді жоспарлағаныңызбен, жолда жоспарламаған сатып алулар жасап, күткеніңізден көп шығынға ұшырауыңыз мүмкін.
Есеп жүргізу ақшаның қайда кететінін түсінуге және қандай шығындарды қысқартуға немесе кейінге қалдыруға болатынын көруге көмектеседі. Есеп жүргізу үшін блокнот, Excel немесе арнайы мобильді қосымшаларды пайдаланыңыз. Бюджетіңізді күнге, аптаға немесе айға жоспарлаңыз — бұл қаржыңызды бақылауды жеңілдетеді.
Fingramota.kz бірнеше танымал жинақтау әдістерін ұсынады:
«50/30/20» әдісі
Кірістеріңізді үш санатқа бөліңіз: 50% қажетті шығындарға (тұрғын үй төлемдері, тамақ және көлік), 30% ойын-сауыққа (мейрамханаға, киноға, театрға бару және т.б.) және 20% жинаққа немесе қарызды төлеуге.
Артықшылығы: бюджетті теңестіруге және қажетсіз шығындарды болдырмауға көмектеседі. Ақшаны жүйелі түрде жинауға мүмкіндік беріп, қауіпсіздік жастықшасын қалыптастырады.
«Алдымен өзіңізге төлеңіз» әдісі
Жалақы алғаннан кейін жинақтауға белгілі бір соманы бөліп қойыңыз, содан кейін қалған ақшаны шығындарға жұмсаңыз.
Артықшылықтары: жинақтардың бірінші кезектегі міндет болуын қамтамасыз ете отырып, маңызды емес нәрселерге ақша жұмсаудан аулақ болуға көмектеседі.
«52 апта байлығы» әдісі
Жылдағы апталар санына сай 52 ұяшықтан тұратын кесте сызыңыз. Бірінші ұяшыққа, мысалы, 1000 теңге, ал келесілеріне біртіндеп соманы көбейтіп жазыңыз. Әр аптада осы кестедегі соманы жинақтауға әдеттеніңіз. Ең бастысы – сомалар қайталанбауы керек, бірақ мүмкіндік болса, көбірек жинаңыз.
Артықшылығы: жыл бойы айтарлықтай соманы оңай әрі қиналмай жинауға мүмкіндік береді.
Ақша жинау сандықшасы немесе белгіленген мерзімі бар жинақ шоты
Егер күн сайын ақша жинау сандықшасына қосып отырсаңыз, жинақ сомасының көбейіп отыратынын байқап, жинақтау әдетін жалғастыруға мотивация аласыз. Сондай-ақ белгіленген мерзімі бар арнайы жинақ шотын ашуға болады, онда сіздің ақшаңыз «пайыздарды» жинақтайды.
Артықшылығы: Ақша жинау сандықшасын пайдалану отбасылық дәстүрге айналып, барлығы ортақ мақсат үшін ақша қосады немесе балаларға өз қаржысын сауатты дұрыс басқаруды үйретеді. Ал жинақ шоттары мерзімінен бұрын шешу құқығынсыз жоғары пайыздық мөлшерлемелерді ұсынады, бұл жинақты уақыт өте арттырып, шоттағы ақшаны ерте алудан сақтайды.
Бұл қарапайым әдістер сізге жинақ жинауға және қаржылық мақсаттарыңызға қиындықсыз жетуге көмектеседі.
Өзіңізді, жақындарыңызды қорғаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фишинг, дипфейктер және QR-код: интернет-алаяқтар арасында қандай схемалар кең тараған
Жинақ күні: ақша жинауды және қаржылық мақсаттарға жетуді қалай үйренуге болады
Міндетті автосақтандыру: 2024 жылы ең жоғары төлем мөлшері қандай
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қызылорда облысы кенішіндегі көшпелі дәріс
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт