Жинаққор, жинақтар және инвестициялар: неге эмоцияға берілмеу керек

time 4.03.2022

Геосаяси ахуалдың ушығуы аясында қаржы сарапшылары халыққа эмоцияға берілмей, сабыр сақтап, жинаққорларын мейлінше сақтап қалуға кеңес беруде. 

Қалыптасқан ахуалды Fingramota.kz-пен бірге қарастыралық. 

Іске «жастықты» қосу 

Қаржы нарықтарында ірі күйзелістер болған кезде қаржылай қауіпсіздік жастығы түріндегі беріктік қоры жоқ азаматтар бей-берекет және өте эмоциялы түрде әрекет ете бастайды. Шетел валютасын алу үшін біреулер салымдарын ала бастайды, енді біреулері кредит ресімдейді, ал кейбіреулері айналасындағы дүрбелеңге еріп, екінші телевизор немесе үшінші гаджетті сатып алып, техникаға және басқа да тауарларға «инвестициялайды». Егер сіз осыны істемесеңіз, жинақтарыңызды барынша сақтап, резервтік қор қалыптастыра бастауға кеңес береміз.

Кім қызбаланып әрекет етсе, сол көбіне ақшасынан айырылады. Сауатты және икемді етіп жасалған қаржылық жоспардың, қауіпсіздік жастығының болуының арқасында сіз қиын кезеңнен қиналмай өтіп, жаңа нарықтық жағдайларға жеңіл бейімделесіз.

Қаржылық қауіпсіздік жастығы – бұл сіздің үнемі аударып отыру арқылы қалыптасатын резервтік қорыңыз. Қаржылық жастықтың мөлшері кемінде 6 айлық жалақыдан тұрғаны абзал. Бұл ақша қаржылай шығыстарды талап ететін төтенше жағдай туындаған жағдайда ғана пайдалануға арналған. 

Жеке қаржылық жоспар

Оны қаржылық тәртіп сақталған жағдайда, адасуға жол бермейтін Жол картасы деп атауға болады. Сондықтан, бірінші кезекте, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттарыңызды анықтап алыңыз. Оларды жазып қойған дұрыс және қажет болған кезде жаңартып немесе толықтырып отырған жөн. Шынайы өмір мен басымдықты ескере отырып, оларды үнемі түзетіп тұруға тура келеді, мұны қаржы сарапшылары қалыпты деп санайды.

Өзіңіздің қаржылық жоспарыңызды мезгіл-мезгіл қарап тұрыңыз және, есіңізде болсын, шығыстар мен кірістерді жоспарлау – бұл қаржылық табыстың негізі. Қажетсіз шығындардан арылыңыз, ақшаны үнемдей, жинай бастаңыз, пассив кіріс алудың түрлі тәсілдерін қарастырыңыз.

Ақшамен не істеуге болады?

Аздаған қолма-қол ақша әрқашан қолыңызды болуы тиіс, оларды түрлі валютада сақтауға болады. Кенеттен банкоматтар уақытша жұмыс істемей қалуы немесе басқа күтпеген жағдайлар болуы мүмкін ғой.

Биржалық индекстердің құлдырауына қызығушылық танытқан, жаңа бастаған инвесторлар, қор нарығында инвестициялау тәжірибесі жоқ адамдар болашақта көңілі қалмас үшін бұл бизнесті кәсіби трейдерлерге сеніп бергені дұрыс. Теңгерімді портфелі бар бөлшек инвесторлар эмоцияға берілмеуі керек, олар ойланбастан мәмілелер жасауға әкелуі және болашақта инвестициялардың қаржылық нәтижелеріне теріс әсер етуі мүмкін. Ең дұрысы көбірек тартымды ұзақ мерзімді бағдарлар мен стратегияларды ұстану. Инвестициялау тақырыбы бойынша оқыту бағдарламаларын Fingramota.kz сайтындағы «Мультимедиа» бөлімінен көруге болады.

Қаражат салудың сенімді көздерінің бірі банк депозиті болып табылады. Қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және теңгемен депозиттердің тартымдылығын қолдау мақсатында Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесе отырып, бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуді көздейтін Теңгемен салымдарды қорғау бағдарламасын жүзеге асыруда.

Бағдарламаға қандай салымдар қатысады? Бұл ең кең тараған, Қазақстанның әрбір екінші деңгейдегі банктерінде пайыздық мөлшерлемемен қолжетімді, сондай-ақ мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі қарастырылған, теңгемен салынған мерзімсіз, мерзімді депозиттер, теңгемен жинақтау депозиттері, «Отбасы банк» АҚ-тағы тұрғын үй құрылыс жинақ депозиттері, сондай-ақ мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде ашылған салымдар.

Бағдарлама қандай салымдарға таралмайды? Ағымдағы және карточкалық шоттарға, сондай-ақ талап етілгенге дейінгі депозиттер мен шартты депозиттерге қолданылмайды.

10% мөлшеріндегі өтемақы әрбір банкте 1 адамға 2022 жылғы 23 ақпанның соңындағы қалдықтар шегіндегі жалпы сомада, бірақ Бағдарлама іске асырыла бастаған кезден бастап 12 айдан кейін 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы (салым сомасы 20 млн теңгеден аспаса, оның нақты сомасынан аспайтын сомадағы) көрсетілген салымдарға 1 рет есептеледі. Бастысы, өтемақыға жеке табыс салығы салынбайды.

Банктегі салымды оның мерзімінің соңына дейін, бірақ тетік енгізілген сәттен бастап кемінде 12 ай, яғни 2023 жылғы 24 ақпанға дейін сақтау сыйлықақыны есептеудің міндетті талабы болып табылады. Егер салым мерзімі өтемақы төленгенге дейінгі кезеңде аяқталса, депозит Бағдарлама аяқталғанға дейінгі мерзімге ұзартылуға тиіс. Салымды ішінара алған кезде өтемақы жоғарыда көрсетілген лимиттер ескеріле отырып, ақшаны алғаннан кейінгі салым қалдығының ең аз сомасына төленеді. Мысалы, 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша депозитіңізде 700 мың теңге болды делік. Бір аптадан кейін сіз одан 100 мың теңгені алдыңыз, қалғаны 600 мың теңге. Осыдан кейін 2023 жылғы 23 ақпанға дейін сіз депозитті тек қана толтырдыңыз. 2022 жылғы 24 ақпан – 2023 жылғы 23 ақпан аралығындағы кезеңде ең аз сома 600 мың теңгені құрады, тиісінше сізге есептелетін өтемақы осы соманың 10%-ы, яғни 60 мың теңге болады. Әрине, өтемақы мөлшері барынша көп болуы үшін Бағдарламаға қатысатын депозиттен ішінара ақшаны алмағаныңыз жөн.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2022 жылғы сәуірге теңгемен депозиттер бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлемелерді бекітті. Теңгемен депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлемелер наурыз айының мәндері деңгейінде сақталды: мерзімсіз – 13%, 3,6, 12 айлық мерзімді – 13,5%, 3,6, 12 айлық жинақ депозиттері бойынша – 14%.

Кредит алған дұрыс па?

Есіңізде болсын, кез келген кредит – бұл үлкен жауапкершілік! Қарызды міндетті түрде қайтару керек болады, сондықтан кредитті аса қымбат техника не доллар, еуро сатып алу үшін алмаңыз. Сондай-ақ оны ескі кредиттерді жабу, әсіресе бұрынғы шарттардан аз ғана артық талаптармен жабу мақсатында алмаңыз.

Кредитті алу оңай, ал өтеу қиын. Сондықтан қарызға ақша алу үшін банкке бармас бұрын, кідіріңіз. Қарыз мақсатын айқындап алыңыз және өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды нақты бағалаңыз.

Кредиттің, ең алдымен, міндеттеме екенін, оны сіз қарыз алушы ретінде ұзақ уақыт бойы орындауға тиіс болатыныңызды есте сақтаңыз. Сол себепті, егер сіз кредитті төлей алатыныңызға сенімді болмасаңыз, оны алмағаныңыз жөн!

Сондай-ақ, Желіде және офлайнда сақ болыңыз. Алаяқтар барынша көп адамды алдау үшін үрейлі жаңалықтарды пайдаланады. Олар қандай да бір сылтаумен сіздің дербес және төлем деректеріңізге қол жеткізу үшін өздерін кез келген бір адам ретінде таныстыруы мүмкін.


Өзіңізді, өз ақшаңызды сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге