Брокерлік шарт: жаңадан бастап келе жатқан инвесторға неге назар аудару қажет?

time 2.05.2023
aye 5084
Брокерлік шарт: жаңадан бастап келе жатқан инвесторға неге назар аудару қажет?

Азаматтар қор биржасында бағалы қағаздармен мәмілелер жасауды кәсіби инвестициялық делдалдарға – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар брокерлер мен дилерлерге жүгіну арқылы ғана жүзеге асыра алады.

Клиенттің брокермен ынтымақтастығы олардың арасында тиісті мерзімге жазбаша нысанда брокерлік қызметтер көрсету туралы шарт (брокерлік шарт) жасасудан басталады. Брокердің ұсынылатын қызметтер үшін тарифтерін (комиссияларын) қоса алғанда, брокерлік шарттың мазмұны мен талаптарын клиент мұқият зерделеуге тиіс.

Сіз қол қойғалы отырған шарттың әр тармағын мұқият зерделеу сіздің инвестицияңыздың сақталуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екендігін есте ұстаған жөн. Атап айтқанда, брокерлік шарттың мазмұнында брокерге клиенттік тапсырыстарды беру тәсілдерін, брокердің клиенттік тапсырыстарды қабылдауын растау тәртібін, брокердің клиентке тапсырыстардың орындалуы туралы есептерді беру тәртібін, сондай-ақ брокерлік қызметтерді көрсету процесінде клиентке тиісті хабарламаларды жіберу тәртібі мен мерзімдерін көрсетудің болуына назар аудару қажет.

Брокерлік шарт тараптардың келісімі бойынша сонымен қатар брокердің электрондық қызметтер көрсету тәртібін де қамтуы мүмкін. Брокер бұл қызметтерді брокердің сауда платформасындағы клиенттің жеке кабинеті арқылы ұсынады. Брокер клиентке шартта және (немесе) брокердің ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен электрондық қызметтерді, жеке кабинетті және сауда платформасын пайдаланудың егжей-тегжейлі нұсқаулықтарын ұсынады.

Брокермен өзара әрекеттесу кезінде қандай жағдайларды ескеру керек?

Брокерлік шот

Бағалы қағаздарды сатып алу мүмкіндігіне ие болу үшін шарт жасалғаннан кейін клиент брокерге белгілі бір соманы беруге тиіс, ол кейіннен биржаның сауда жүйесіне бағалы қағаздарды сатып алуға және сатуға өтінім берген кезде пайдаланылатын «арнайы брокерлік шотқа» аударылады. Брокерлер әр Клиенттің қаражатын есепке алады. Клиенттердің активтері брокердің меншікті активтерінен оқшау сақталады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес брокерге клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын клиенттің тиісті жазбаша рұқсатынсыз өз мүдделеріне немесе үшінші тұлғалардың мүдделеріне пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар, брокерге клиенттің бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге тыйым салынады.

Барлық тәуекелді саралап көріңіз 

Брокерлік шартта клиентке ұсынымдар беру тәртібі, сондай-ақ берілген ұсынымдар үшін брокердің жауапкершілігі болуы мүмкін. Брокер клиентке брокерлік қызмет көрсету процесінде ұсынатын қаржы құралдарымен мәмілелер жасау туралы ұсынымдар негізделген, айқын және клиент үшін түсінікті болуы тиіс. Бұл ретте мәміле жасауға клиенттік тапсырыстың өзі брокердің осы клиенттік тапсырысқа сәйкес қаржы құралдарымен мәміле жасау жөніндегі ұсынымның болуы туралы белгісін қамтуы тиіс.

Егер брокердің ұсынымы бойынша мәмілені орындау мүдделер қақтығысының туындауына әкеп соқтырса, брокер клиентке мәміле жасау нәтижесінде оған келтірілген залалды және брокерлік шартта белгіленген айыпақыны төлеуге тиіс. Осылайша, клиент брокерден алған барлық ұсынымдарды клиенттің өзі ойластырылған инвестициялық шешім қабылдау үшін мұқият талдауы керек.

Олармен танысып шықпай, қосымша шарттарға қол қоймаңыз

Брокер Сізге атауы бірдей «серіктес» шетелдік компаниямен шартқа отыруды ұсынады. Мұндай ұсынысты қабылдау өте қауіпті. Егер Сіз шетелдік брокермен келісім жасасаңыз және ол Сіздің құқығыңызды бұзса, Сізге өз мүддеңізді оның тіркелген елінде қорғауға тура келеді. Өкінішке орай, қазақстандық қаржы реттеушісі, құқық қорғау органдары мен сот Сізге көмектесе алмайды.

Өз брокеріңізбен немесе дилеріңізбен әрқашан байланыста болыңыз!

Барлығынан хабардар болу үшін өзіңіздің брокерлік шоттарыңыз бен депо шоттарыңыздың жай-күйі туралы үзінділерді мезгіл-мезгіл сұратып отырыңыз. Өз инвестицияларыңызды қадағалаңыз, брокерлік қызмет көрсету туралы шарт жасасқан ұйымның сайтын, сондай-ақ инвестиция тақырыбы бойынша маңызды жаңалықтарды жіберіп алмау үшін қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтын және www.fingramota.kz оқыту интернет-порталын тұрақты түрде қарап отырыңыз. Пайдаланушылары маңызды қаржылық ақпаратты алғашқылардың бірі болып алатын «Fingramota Online» қосымшасын өзіңіздің мобильдік құрылғыңызға жүктеп алуды ұсынамыз.

Табыстылыққа кепілдік беретін делдалдарға сенбеңіз! 

Қор нарығындағы инвестициялар әртүрлі, оның ішінде нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен байланысты екендігін есте ұстау керек. Сондықтан брокер клиентке инвестициялар бойынша инвестициялық табысқа ие болуды немесе залалдардың болмауына кепілдік беруге құқылы емес. Егер олар осылай жасайтын болса, демек сіз алаяқтарға жолықтыңыз. Олардың ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен алған лицензиясын www.gov.kz сайты арқылы тексеру қажет.

Толығырақ "Бағалы қағаздар нарығы" бөлімінен оқыңыздар

 

white-arrow Тізімге