Екінші деңгейдегі банктерді пилоттық стресс-тестілеудің басталуы туралы

time 5.10.2021
aye 4975
Екінші деңгейдегі банктерді пилоттық стресс-тестілеудің басталуы туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктерге пилоттық режимде қадағалап стресс-тестілеу өткізудің басталғаны туралы хабарлайды.  Стресс-тестілеу банктердің шектеулі санының қатысуымен 2021 жылғы 4 қазан – 2022 жылғы наурыз аралығындағы кезеңде өткізілетін болады.

Агенттік Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдың басынан бастап ең үздік халықаралық практикалар базасында стресс-тестілеудің кешенді жүйесін қалыптастыру жұмысын жүзеге асыруда.

Қадағалап стресс-тестілеу тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарының бірі ретінде экономика дамуының ықтимал жағымсыз сценарийлерін ескере отырып, банктер капиталының жеткіліктілігін тұрақты негізде бағалауға мүмкіндік береді. Бұл құралды енгізу Банк секторы қадағалау саясатының 2021 жылға арналған негізгі басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылады және қаржы секторының орнықтылығын бағалаудың кешенді моделін құру арқылы банк секторының ашықтығын және оған деген сенімді арттыруға бағытталған.

2021 жылы қадағалап стресс-тестілеу әдіснаманы, статистикалық модельдерді, Агенттіктің ішкі рәсімдерін және банктердегі процестерді өңдеу мақсатында пилоттық режимде өткізілетін болады

Жобаның басталуына дейін Қадағалап стресс-тестілеу тұжырымдамасын, Оны жүргізу бойынша банктерге арналған әдіснамалық нұсқаулықты, деректер шаблоны мен тексеру модельдерін, сондай-ақ қадағалап стресс-тестілеу сценарийлерін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Әлемдегі жетекші қаржы реттеушілері қолданатын қадағалап стресс-тестілеудің екі кезеңдік моделі негізге алынды. Бірінші кезең шеңберінде банктер реттеуші-bottom-up (төменнен жоғары) нұсқаулықтары мен сценарийлеріне сәйкес ішкі модельдерді пайдалана отырып, стресс-тестілерді есептеуді жүргізеді. Екінші кезең шеңберінде Агенттік әрбір банк бойынша қадағалау ақпаратын пайдалана отырып, өз модельдері негізінде top-down (жоғарыдан төмен) стресс-тестілеуді өткізеді. Екі кезеңді тәсілді қолдану жекелеген банктердің бизнес модельдерінің, стратегиялары мен басқару шешімдерінің жеке ерекшеліктерін есепке алу арқылы стресс-тесттің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Банктердің кеңейтілген тізімі бойынша толық ауқымды қадағалап стресс-тестілеуді өткізу 2021 жылы пилоттық өткізу қорытындысы бойынша тәсілдер мен модельдер пысықталғаннан кейін 2022 жылдан бастап жыл сайынғы негізде жоспарланған.

Қадағалап стресс-тестілеуді толыққанды енгізу банктердегі тәуекелдерді басқарудың ішкі процестерін жақсартады, сондай-ақ 2023 жылдан бастап экономика дамуының стрестік сценарийлерін іске асырған жағдайда ықтимал шығындарды жабу үшін жеткілікті деңгейде капитал бойынша талаптарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket

white-arrow Тізімге