Американдық Invesp аналитикалық компанияның зерттеулері бойынша барлық сатып алушылардың 84 пайызы сатып алуларды аяқ асты, ойланбай жасайтын көрінеді. Адамдар аяқ асты сатып алуларды тек бір мақсатпен, яғни ертеңгі күні не боларын ойламай, дәл осы сәтте қуаныш сезіміне бөлену үшін жасайды. Алайда, мұндай сатып алулар – саналы тұтынудың басты жауы.
Fingramota.kz шығындарыңызға қатысты саналы қаржылық мінез-құлықтың негізгі қағидаттары жөнінде айтып береді және бірнеше ұсыныстар береді.
Жеті пайдалы қаржылық әдеттер
Сіздің қаржылық әдеттеріңіз сіздің қажеттіліктеріңізден бастау алуы тиіс, ал саналы түрде тұтыну қағидалары әдеттегі өмір сүру салтыңызға енуі керек.
Жоспарланбаған шығындарға «жоқ» деуді үйреніңіз. Мысалы, дүкенге барар алдында тізім жазып алыңыз, сіз үшін маңызды сауда туралы ойлануға өзіңізге 1-ден бастап бірнеше күнге дейін уақыт беріңіз. Түнгі ойлар таңертеңгісін пысықталады, ертең сіз бұл тауар немесе қызметті сатып алуға ойыңызды өзгертуіңіз әбден ықтимал.
Күнделікті жеке бюджетіңізді жүргізіңіз. Өз кірістеріңіз бен шығындарыңызды есепке алу сізге үнемдеуге және жинақтауға көмектеседі. «Шығындар» бағанына қажет емес шығындарды қысқартуға тырысып, ерекше назар аударыңыз. Маркетологтардың айлаларына түсіп қалмаңыз, олар тұтыну ғұрпы жұмыс істеп тұруы үшін қызмет етеді. Ал сіз өміріңіздің сапасын жақсарта түсу үшін және табыстарыңызды өсіру үшін өзіңіз үшін және өз пайдаңыз үшін жұмыс істеп жатырсыз. Үнемдей білген жақсы, бірақ өзіңіз бен денсаулығыңызға үнемдемеңіз. Теңгерімді сақтай біліңіз және өзіңізді тежеп те үйреніңіз.
Қаражатты жинақтау мақсатын қалыптастырыңыз. Сізге жинақ не үшін қажетін неғұрлым анық білсеңіз, соғұрлым қажетті соманы да жинау оңай болады. Мысалы: демалыс, балаларды оқыту, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алу және т.б.
Пассивті табыс көзін жасаңыз. Мол табысқа кенелу үшін еңбекақыны арттыру немесе қызмет бабы бойынша өсуден басқа да тәсілдер бар. Мысалы, сіз шетел тілін жақсы меңгерген болсаңыз, қосымша репетитор болуға немесе аударма ісімен айналысуға болады.
Қарыздардан құтылыңыз. Олар адамдардың барлығында дерлік бар – бұл кредиттік немесе салықтық берешектер, алименттер, пәтер ақысы бойынша борыштар және т.б. Егер сізде берешек болса, онда сізге оны өз уақытында өтеу қажет. Асқан қажеттіліксіз кредиттерге, әсіресе қажеттілігі «нөлдік» дәрежемен өлшенетін бір сәттік тауарлар мен қызметтерге тіптен жоламаған дұрыс. Кредиттерге салмақты қарау – саналы тұтынудың маңызды қағидаларының бірі.
Қауіпсіздік жастықшасын жасаңыз. Американдық жазушы Наполеон Хилл «Думай и богатей» кітабында айтқандай, ең алдымен ақшаны болашаққа кейінге қалдыру керек, яғни өзіне төлеу керек. Ақшаны өзіңіздің «сақтандыру» қорыңызға жинаңыз. Бұл сізге күтпеген жағдайлар немесе негізгі кірісті жоғалту жағдайында көмектеседі.
Болашаққа инвестициялаңыз . Бастапқыда аз соманы да инвестициялай аласыз. Қанша? Бастапқыда қол үзуге дайын және сіздің бюджетіңізге зиян тигізбейтін сома. Инвестициялаудың негізгі заңы: кіріс тәуекелге сәйкес келеді, кіріс өседі - тәуекел артады. Бұл жерде біз қаржы құралдарына инвестициялар туралы айтып отырмыз. Бірақ өзіңіздің жеке өсуіңізге, білім алуға инвестициялар туралы ұмытпаңыз. Қаржылық сауаттылық туралы кітаптар мен материалдарды көбірек оқыңыз.
Толығырақ мына бөлімнен оқыңыздар
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды